Ағын судың қадірін егін салған диқан жақсы біледі. Өйткені өңіріміз судың 80 процентін көрші Қырғыз мемлекетінен бастау алатын өзендерден алып отырғаны белгілі. Көрші республикамен қатар қонған аудан диқандары тіршілік нәрінен талай жылдан бері тапшылық көріп келе жатқаны жасырын емес. Ағын судың дәл уақытында берілмеуі көп жағдайда өнімнің шығымына да кері әсерін тигізбей қоймайды. Тіпті кей жылдары шаш-етектен шығынға да батты. Соңғы жылдары Алатаудың қойнауынан бастау алған тау өзендерінің арнасын бұру – өңіріміздегі суармалы егіс көлемін арттыруға сеп болуда. Бұрынырақ Жуалы ауданындағы «Көксай» каналы да біраз дау тудырғаны белгілі. Мемлекет оны салу үшін 5,2 миллиард теңге бөліп, суармалы егістік көлемін 1642 гектарға арттырған болатын. Мұндай бастама бүгінде Меркі ауданында да қолға алынып, ағын су мәселесі оңынан шешімін тауып отыр. Аудандағы Аспара каналын қайта жаңғыртудан өткізу үшін республикалық бюджеттен 922,4 миллион теңге бөлінген. Жаңа каналдың құрылыс жұмыстары екі жылға созылып, ел игілігіне берілді. Бұл өзен суын егістікке пайдалану 1928 жылы басталыпты. Ол кездегі өзен суының молдығы соншалық секундына 28 текше метр су ағыпты. Сан тарауға тараған өзен суының бүгінге дейін 62 процентін Қазақстан, 38 процентін Қырғыз мемлекеті пайдаланып келді. Ал соңғы жылдары су деңгейі секундына 4,5 текше метрге дейін түсіп кеткен. Оның көбі өзен арнасындағы құмға сіңіп, етекте отырған диқанға болмашы су жетеді екен. Бұл мәселенің Үкіметтің тікелей араласуымен шешімін тапқаны диқан қауымын қуантып отырғаны анық. Осы каналдың ашылуына маңайдағы егіншілер де келіп қатысқанын көруге болады. Бұрын қолдан қазылған тоғанмен егістікке келетін су арнасының 7,6 километрі бетондалды. Оның төменгі жағына бірнеше жыл бұрын арнайы бетон каналдар қойылған болатын. Бұрын бұл каналмен 821 гектар егістік суарылса, жаңа арна арқылы оның көлемі 3700 гектарға артпақ. Жаңа арнаның су өткізгіштігі 4,5-тен 9 текше метрге артып отыр. Сөйтіп құрылыс жұмыстарынан кейін каналда су жоғалту мөлшері азайтылған. «Аспара» каналының пайдалануға берілу салтанатына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің вице-министрі Сергей Громов қатысты. Алдымен «Қазсушаруашылығы» облыстық филиалының директоры Қазыбек Бедебаев, жүзеге асқан жобаның барысымен таныстырды. Оның айтуынша, арна басындағы су бөлгіш тетік суды өзі реттеп, бөліп отырады. Мұнда селге қарсы қауіпсіздік іс-шаралары да қаралған. Сонымен бірге 12 адам тұрақты жұмыспен қамтылыпты. – Біздің облыс судың 80 процентін трансшекаралық өзендерден алып отырғандығы белгілі. Шекаралас мемлекеттер арасында суды өзара бөлісу туралы Ереже қағидасын басшылыққа алып жұмыс істеудеміз. Бүгін ғана облыс диқандарының суға деген тапшылығын шешу мақсатында Сергей Громов екеуміз Қырғыз елінде болып келдік. Олар бізге Жамбыл облысына тиісті суды бөліп беретін болды. Енді диқандар судан тапшылық көрмейді деген сенімдемін. Сондықтан суармалы егіс көлемін арттырып, ауыл шаруашылығы өнімін көтеруіміз керек – деді Бердібек Мәшбекұлы. Аудан әкімі Мейірхан Өмірбектің айтуынша, ауданда 23 мың гектар суармалы егістік жер бар. Ал «Аспара» каналының астындағы суармалы жер 3689 гектар егістікті құрайды. Бірақ су тапшылығына байланысты оның 900-ге жуық гектары ғана пайдаланылған. Каналдың пайдалануға берілуімен егістік көлемі 1,5 мың гектарға ұлғаятынын жеткізді. Былтыр аудан диқандары 1700 гектарға қант қызылшасын өсірсе, биыл 1300 гектарға себуді жоспарлапты. Осы тоғанның астынан 300 гектар алқапқа қылша өсірмек. Бұл арнамен үлкен «Шу» тоғанының 2,5 мың гектарының батыс тармағының төменгі бөлігіндегі аумақты да сумен қамтуға мүмкіндік туыпты. Каналды Бердібек Сапарбаев пен Сергей Громов іске қосты. Жаңа ғана табаны құрғап жатқан каналға су түсіп, арна қуып, сылдырай аға жөнелді. Бұл салтанатты іс-шараға жиналған диқандар қол соғып, қуанышқа бөленді. Осыдан кейін өңір басшысы канал басына жиналған диқандармен әңгімелесті. – Биыл біздің диқандарымыз ағын судан тапшылық көрмеуі керек. Біз алда облыста суармалы егістік көлемін 200-210 мың гектарға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Сонымен бірге «Тасөткел» су қоймасын да жөндеуді, үш шағын су қоймасын салу жоспарымызда бар. Егістік көлемін арттырамыз десек, біз алдымен су бөгендерін салу арқылы су жинауды әдетке айналдыруымыз керек. Суармалы егіс көлемін шешу арқылы өңіріміздің шаруалары үшін жоғары рентабельді дақылдарды егу және жоғары өнім алу мүмкіндігіне қол жеткіземіз. Қант қызылшасының егісін ұлғайту қажет. Базардағы қант бағасы күн санап өсуде. Біздің мақсат – өңірімізді қант өндіретін аймаққа айналдыру. Облысқа ғана емес республикаға шетелге экспортқа шығару жағын қараудамыз. Сол үшін шикізатты өзімізде дайындап, зауытты жыл бойы жұмыс істетсек, біз ұтамыз. Қажетті шикізатты шетелден алдырып, өндіріс көлемін арттырамыз. Бұл ретте сапалы тұқымдарды пайдалануға назар аудару қажет, біз осы мәселе бойынша семинар өткізетін боламыз, – деді облыс әкімі. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің вице-министрі Сергей Громовтың айтуынша, бұл жобаның тапсырыс берушісі болғандықтан, осы іс-шараға қатысып, республикамызда болып жатқан карантиндік жағдайға қарамай облыста каналдың ашылуы қуантарлық жағдай. «Осындай игі істер елімізде көп болсын», – деді ол өз сөзінде. Аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Серік Құралбай: «Бүгінде республикадан және облыстан бөлінген қаржыға 41 су арнасы қайта жаңғыртылып, 46 ұңғыманы салу жобасы жүзеге асырылды. Соның ішінде «Аспара» каналы бар. Бұл жұмыстар аудандағы ауыл шаруашылығы жұмысын жандандыруға өз септігін тигізеді деген сенімдемін», – дей келіп, аудан диқандарының атынан алғысын жеткізді.
Марат Құлибаев
Меркі ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестікке серпін берген сапарлар
- 23 қараша, 2024
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді