Жұмыс жандана түсті
Облыс әкімі өңірдегі әлеуметтік-экономикалық саланы дамыту, халықтың тұрмысын, рухани және әлеуметтік жағдайын жақсартуға ықпал ету мақсатында жаңа «Сөзден – іске» жобасын бекіткені белгілі. Осыған сәйкес оның арнайы желілік кестесі бекітілді. Сөйтіп, нақты міндеттер белгіленіп, қандай межеге қол жеткізу қажеттігі айқындалды.
Атауының өзі айтып тұрғандай, бұл жоба жалпы өңірдегі әлеуметтік ахуалды көтеру үшін, жоспарлы іс-шараларды қағаз жүзінде орындамай, сөзден іске көшуге бастайды. Әлеуметтің жағдайын жақсарту тек қана экономикалық мәселелерге келіп тірелмейтіні белгілі. Алдымен тұрғындар бір-біріне кедергі келтірмей, кәсібін ашып, білім алып, өнер үйреніп, спортпен шұғылдануы үшін толерантты мінез-құлық қалыптастыру керек. Үлкеннің – кішіге, жастың – қарияға мейірбандық танытуы үшін қоғам мәдениетті болуы тиіс. Мұның барлығының астарында отбасы, балабақша, мектеп, орта тәрбиесі деген өзара байланысты ұғым жатыр.
Міне осы сабақтастықты қайта жалғау үшін сөзден іске бастауымыз қажет. Бұл жоба сала қызметкерлеріне үлкен міндет жүктеп отыр. Біздің ауданда мәдениет, тілдерді дамыту және туризм бөліміне қарасты 45 мекеме бар. Оның біреуі аудандық Мәдениет үйі болса, тағы бірі ауылдық Мәдениет үйі. Сонымен қатар 17 ауылдық клуб, 1 аудандық орталық кітапхана, 3 қалалық кітапхананың филиалы, 22 ауылдық кітапхана, 1 «Зерде» бейнемобиль, 5 халықтық атағы бар ұжым – «Сарысу», «Саудакент» халық театрлары, «Айжанқыз» халықтық би ұжымы, «Талант» көркемсурет студиясы, «Сарыарқа» ұлт-аспаптар оркестрі аудан тұрғындарына мәдени қызмет көрсетуде.
Аудандық кітапхана ұжымы «Сөзден – іске» жобасы аясында «Жаңатас жастары» еріктілер тобымен бірлесіп, «Ардагерлерді ардақтайық» акцияларын ұйымдастырды. Тағы бір үлкен бастамамыз – мүмкіндігі шектеулі оқырмандармен, ардагерлердің үйлерін аралап кітаптар апарып, дауыстап оқулар өткізу. Бірақ еліміздегі қазіргі ахуалға қарай, коронавирустың жаппай тарап кетуінің алдын алу мақсатында бұл іс-шаралар әзірге тоқтатылды.
Сондай-ақ біздің қызметкерлер «Алғысым шексіз халқыма» акциясы аясында тұрғындарды Қазақстанда тату-тәтті өмір сүріп жатқан ұлттар мен ұлыстардың дәстүр-тарихын, тілін, әдебиетін қастерлеуге үндеп, бүгініміз бен келешегіміз үшін бірлігімізді нығайтуға бастайтын іс-шаралар жоспарын жасаған. Соның бірі – аудандық ішкі саясат бөлімі мен аудандық кітапхананың ұйымдастыруымен ақпан айында өткен «Ассамблея – татулық темірқазығы» атты конференциясы. Ол Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жылдығына орай ұйымдастырылды. Оған «Манас» қырғыз этномәдени орталығының мүшесі, еңбек ардагері А.Сатыбеков, өзбек этномәдени орталығының мүшесі «Болашақ» бөбекжай бақшасының медбикесі Д.Тілегенова, неміс этномәдени орталығының жетекшісі Л.Вайс, ішкі саясат бөлімінің маманы О.Бейсенов және колледж студенттері қатысты.
Сонымен қатар көп мәдениетті қоғам, татулық пен келісімді қамтамасыз ету, ғылыми-сарапшылық қауымдастықтың әралуандықтағы бірлікті дамытуға қосқан үлесін, этносаралық және мәдениетаралық коммуникацияларды зерттеу нәтижелерін талқылау және ой бөлісу мақсатында ауданда «Елдің бірлігі оның әралуандылығында» атты форум өткізілді. Жалпы, біз жастардың ортақ қоғамдық құндылықтарға деген құрметін күшейту үшін әлеуметтік желілерді тиімді пайдалануды жолға қойғанбыз. Жас буынның ең көп аудиториясын жинайтын желі арқылы мемлекеттік тілді құрметтеуге шақыратын, Отанды сүюге тәрбиелейтін челендждерді жиі ұйымдастырып отырамыз. Соның бірі – «Тілге құрмет – елге құрмет» челенджі.
Өткен айда қыздардың бойында әдеп пен сыйластық, тазалық пен адамгершілік мәдениетін қалыптастыру мақсатында аудан әкімі жанындағы отбасы істері және гендерлік саясат, демографиялық саясат жөніндегі комиссиясы, «Жастар ресурстық орталығы» мен аудандық орталық кітапхана қызметкерлері бірлесіп, «Ұрпақтар сабақтастығы...» атты байқау ұйымдастырған болатын. Жастарды ұлтжандылыққа баулып, ата-бабамыздан қалған бай мұрамызды жаңғырту, зерделі, тәрбиелі ұрпақ қалыптастыруды көздеген шараға аудан тұрғындары куә болды. Жиылған жұрттың қошеметі мен ыстық ықыласына қарап, шараның жоғары деңгейде өткенін байқадық.
Осы жоба аясында Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл толуына, ақын, ағартушы, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай Жаңатас қалалық әкімшілік холында қос кемеңгер, ойшыл тұлғалардың бай мұраларын кеңінен насихаттау мақсатында «Тарихи танымдағы әл-Фараби мен Абай мұрасы» атты әл-Фараби мен Абай бұрышы ашылды. Көрмеге қойылған тұлғалардың кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық өмір жолы, еңбектері, шығармашылығы туралы кеңінен мағлұмат беретін басылымдар кітапхана қорынан ұсынылды. Бұл көрме бір жыл бойы жұмыс істемек және жаңа басылымдармен толықтырылып отырады. «Келемін, көремін зерттеймін тереңірек танимын» деген барлық оқырманға біздің есігіміз ашық!
Елдегі төтенше жағдайға байланысты ахуал тұрақтанған соң «Сөзден – іске» жаңа жобасы аясында жұмыстар жандана түсетіні сөзсіз. Әзірше, сабыр сақтап, ортақ тәртіпке бағынған жөн.
Меруерт Қадырбекова,
аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және туризм
бөлімі басшысының міндетін атқарушы.
Сарысу ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестікке серпін берген сапарлар
- 23 қараша, 2024
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді