Талап – мемлекет басшысының жарлығынан туындаған міндет терді мүлтіксіз орындау
- author «Ақ жол»
- 18 наурыз, 2020
- 193
Азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау – ең басты міндет
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев кезекті аппарат кеңесінде Мемлекет басшысының коронавирус COVID-19 пандемиясына байланысты елімізде төтенше жағдайды енгізу туралы Жарлығынан туындаған міндеттерге айрықша тоқталды. Азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауды қамтамасыз ету мақсатында қоғамдық тәртіпті, сондай-ақ халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін нысандарды қорғау күшейтілмек. Төтенше жағдай кезінде облыста ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шаралар, сондай-ақ жаппай отбасылық салтанат пен дәстүр-жоралғыларды өткізуге тыйым салынады. Кафе мен мейрамханалардың жұмысы кешкі сағат 22:00-ге дейін шектеледі, келушілер саны 50 адамнан аспау керек. Ірі сауда орталықтарының жұмыс істеуі үшін де тиісті шектеулер енгізіледі. Олардың жұмыс режимі сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін белгіленеді. Азық-түлік дүкендері, супермаркеттер мен базарлар санитарлық және дезинфекциялық шараларды күшейте отырып, қалыпты режімде жұмыс істеуі тиіс. Балабақшалар медициналық және санитарлық бақылауды күшейте отырып, қалыпты режімде жұмыс істеуді жалғастырады. Ал мектептен тыс қосымша білім беру мекемелері өз жұмысын тоқтатады. Қоғамдық орындарда, мекемелерде, қоғамдық көлікте санитарлық-эпидемияға қарсы іс-шараларды тұрақты жүргізу ұйымдастырылады. Аймақ басшысы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұловқа дәріханалардағы медициналық бетперделердің тапшылығын, ал кейбір дәріханаларда 150 теңгеге дейін жоғары бағамен сатылып жатқандығын ескертті. Бұл мәселе бойынша облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаевқа нақты тапсырма жүктелді. Сондай-ақ облыс әкімі тиісті органдардың басшыларына «Әулие-Ата» әуежайы мен Қырғыз Республикасымен шекарадағы бекеттерде санитарлық-эпидемиологиялық бақылау шараларын күшейту жөнінде тапсырма берді. Індет бойынша күдікті әрбір адам дереу ауруханаға жатқызылуы тиістігі айтылды. Аймақ басшысы халық арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын күшейтуді талап етті. Адамдар вирустан қалай қорғануды және төтенше жағдай кезінде қандай ережелерді сақтауды білуі керектігін айтты. Осындай күрделі кезеңде тұтыну тауарлары нарығында тұрақтылықты қамтамасыз етудің маңыздылығын да ұмытпады. – Тиісті тапсырма берілді. Алайда ол орындалмай отыр. Бұл салада қажетті бақылаудың болмауына байланысты кейбір азық-түліктердің бағасы негізсіз көтерілген. «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы өзінің міндеттерін дұрыс орындамай отыр. Тұрақтандыру қорында халық үшін қолайлы бағаны қалыптастыруға қажетті өнім қоры бар, бірақ ол сауда нүктелеріне уақтылы жеткізілмеуде. Есесіне дүкен сөрелерінде Орынбордан жеткізілетін ас тұзы самсап тұр, ал жергілікті тауар өндірушілердің өнімдері көрінбейді, – деді аймақ басшысы. 13 наурыздан бастап Тараз қаласы мен аудандарда 18 мобильді топ құрылып, қоғамдық орындарда, мекемелерде, қоғамдық көлікте санитарлық-эпидемияға қарсы іс-шаралардың жүргізілуіне бақылау жасауда.
Жолаушы тасымалдаушылар міндет темелерін орындауы тиіс
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аппараттық кеңесте сондай-ақ Тараз қаласының тұрғындары тарапынан көтерілген өзекті мәселелерді талқылады. Ондағы өтініштердің дені қоғамдық көліктердің қызмет сапасына қатысты екендігін айтып өткен жөн. – Қала әкіміне қоғамдық көліктің жұмысын жақсарту бойынша шаралар қабылдау тапсырылды. Әзірге бұл тапсырма орындалмай отыр. Тұрғындар жүргізушілердің көлік тізгіндеп келе жатып темекі шегетінін, автобустардың тазалығына, жүру кестесінің сақталмайтынына, көліктердің қозғалысына қатысты шағымдануда. Қоғамдық көліктер кешкі сағат 22.00-ге дейін жұмыс істейді деп жарияладық, бірақ іс жүзінде бәрі басқаша. Кешкі сағат 19.00-ден кейін кейбір автобустар ғана қатынайды. Тасымалдаушылардың міндеттемелері бар, олар соны орындауы тиіс. Әрине, барлық мәселелерді бірден шешу мүмкін емес, бірақ тараздықтар біздің жұмысымыздың нәтижесін қазірден сезінуі керек, – деп атап өтті Б.Сапарбаев. Сондай-ақ тұрғындардың орталық және қала шетіндегі автожолдардың жағдайына наразы екендігі назарға алынды. – Қала маңындағы аудандардағы жолдар көктем-күз мезгілдерінің өтпелі кезеңдерінде балшыққа айналады. Адамдар жаңа жолдардың сапасыздығына, бір жылдан кейін-ақ олар да бұзылып жатқандығына шағымдануда. Осы орайда жол құрылысының сапасына ерекше көңіл бөліп, оған қажетті мамандарды, шетелдік компаниялар мен зертханаларды тарту қажет. Сонымен қатар бір ай бұрын салынған асфальтты коммуналдық қызмет саласының мамандары қайта қазып жатады. Бұл тұрғыда қала әкімдігі жүйелі жұмыс жүргізіп, ұтымды ұйымдастыра біліп, бюджет қаражатының желге ұшуына жол бермеуі керек, – деп атап өтті аймақ басшысы. Жиында көшелерді жарықтандыру, арықтарды тазалау, ашық жатқан кәріз шұңқырларын анықтау және оларды жабу, тұрғын үй құрылысының сапасы мен нормаларын сақтауға ерекше көңіл бөлу керектігі баса айтылды. «Тұрғындар соңғы жылдары жасыл желектердің саны күрт азайғанын айтуда. Бұл орайда жауаптылар мұқият бақылап, ағаштарды заңсыз кесуге жол бермеу керек. Жасыл желектің өсімталдығын арттыру мақсатында талдарды бұтау кезінде жұртшылыққа түсіндіру жұмыстарын дұрыс жүргізу керек», – деп тиісті тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді облыс әкімі. Сондай-ақ аймақ басшысы облыс орталығы мен аудандардағы сенбіліктердің сапасыз ұйымдастырылғанын атап өтті. – Сенбілікті өткізу туралы бастама орынды. Бірақ көзге көрінетін нәтиже жоқ. Тараз қаласы, Байзақ, Жамбыл, Жуалы және басқа да аудандарда сенбілік ойдағыдай өтпеген. Көптеген арық, қоқыс орындары, өзен арналары тазартылмаған. Бұл бағыттағы жұмыстар нашар жүргізілуде, жергілікті орындардан бақылау жоқ. Сенбіліктерге бейжай қарамай, нағыз жанашыр, белсенді азаматтарды тарту керек, – деді Бердібек Мәшбекұлы. Жиынды қорытындылаған аймақ басшысы азаматтардың шағымдары мен өтініштеріне жедел ден қоюдың маңыздылығын атап өтті. «Мемлекет басшысы азаматтардың барлық сындарлы сауалдарына тиімді жауап беретін «Халық үніне құлақ асатын мемлекетті» құру бойынша міндет қойды. Біздің күш-жігеріміз билік пен қоғамның сындарлы диалогын құруға бағытталатын болады. Қаланың қарапайым тұрғындарының мүддесін қамтитын қоғамдық маңызды шешімдер қабылдау қажет», – деп түйіндеді облыс әкімі өз сөзін.
Тұрғын үйлердің сәулеті мен сапасы заманға сай болсын
Аппараттық кеңесте «Нұрлы жер» және «7-20-25» мемлекеттік бағдарламаларын өңірімізде жүзеге асу барысы әңгіме болды. Облыс әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы Жайықбай Шалдаровтың айтуынша өткен жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 1936 азамат пәтермен қамтылған. Ағымдағы жылы бұл бағыт бойынша бюджеттен 19,5 миллиард теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен 17,5 миллиард теңге бөлу көзделген. Ол қаржыға 48 көп пәтерлі тұрғын үй салу жоспарлануда, оның 32-сі ағымдағы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде. Баяндаманы мұқият тыңдаған облыс әкімі құрылыс сапасына айрықша назар аударды. – Бізде құрылыс саласында техқадағалау, МСҚБ секілді көптеген бақылаушы ұйымдар бар. Дегенмен құрылыс жұмыстарының сапасы сын көтермейді. Айталық, бірнеше жыл бұрын ғана салынған мына үйді қараңызшы, қандай қорқынышты күйде. Тұрғындардың шағымдануы өте орынды, – деп атап өтті Б.Сапарбаев. Сондай-ақ ол мамандарға тұрғын үй кешендерінің дизайнына қатысты жаңаша ойлаудың маңыздылығын айтып, олардың алуан түрлілігі мен қазіргі заманауи нақышта салу керектігін атап өтті. Жаңа шағын аудандардың инфрақұрылымын жүргізуге асқан жауапкершілікпен қарау керек. Өйткені бізде адамдар жаңа үйге орналасып алған соң оның жанында жақсы жолдың, автобус аялдамасының жоқтығын мәселе етіп көтере бастайды. Облыс әкімі жергілікті құрылыс материалдары мен жұмыс күшін пайдаланудың маңыздылығын да ескертті. «7-20-25» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының өңірде орындалу көрсеткіші көңіл көншітпейді. Қабылданған және мақұлданған өтінімдер бойынша Жамбыл облысы республикадағы 17 өңір арасында 14-орында тұр. Бағдарлама іске аса бастағаннан бері облыс бойынша тек 685 өтінім қабылданған. Бұл – жалпы республикалық көрсеткіштің 2 процентін ғана құрайды. ҚР Ұлттық банкі облыстық филиалының директоры Евгений Шарыгин бұл жағдайдың қалыптасуының бірқатар себептеріне тоқталып өтті. Ол бағдарлама аясында бөлінген пәтерлер салымшылардың сұранысына сәйкес келе бермейтінін атап өтті. Сондай-ақ себептің бірі – облыс тұрғындарының табысының төмендігі. Бұл орайда азаматтардың төлем қабілеттілігінің жеткіліксіздігі, басқа да өтелмеген кредиттерінің болу факторлары әлеуетті салымшылардың санын қысқартып отыр. Облыс әкімі кеткен кемшіліктерді жоюға мүмкіндік бар екенін, ең алдымен халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту керектігін жеткізді. Ол үшін бірінші кезекте «Баспана» ипотекалық компаниясы мүдделі болуы керек, әйтпесе жағдай әзірге өзгермеуі мүмкін. – Салымшыларды сапалы тұрғын үймен және қазіргі заманғы инфрақұрылыммен қамтуға болады. Бұл бағытта жергілікті атқарушы органдар жүйелі жұмыс істеуі тиіс. Халыққа қолжетімді және жайлы тұрғын үйді ұсыну үшін барлық мүмкіндіктерді пайдалану керек, – деп атап өтті Б.Сапарбаев. Басқосуда мемлекеттік сатып алудың орталықтандырылған рәсімдерін өткізу туралы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Алдамжаров хабарлама жасады. Жалпы, ағымдағы жылы 46 миллиард теңгеден астам сомаға 80 конкурс өткізілген. 72 конкурстың қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталса, оның 83 проценті облыс компанияларына тиесілі. Қалғандары Қызылорда, Қостанай, Түркістан облыстарының, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының кәсіпкерлерінің үлесінде. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Бағдат Данилов өңірдің көктемгі су тасқынына дайындық барысы туралы баяндады. Облыс тұрғындары үшін су тасқыны қаупі Шу, Талас және Аса өзендерінен, сондай-ақ 14 су қоймасынан орын алуы мүмкін. Су басуды болдырмау мақсатында кешенді іс-шаралар өткізілді. Департамент басшысының айтуынша, 142 километрлік кәріз құбырлары және су арналары, 185 километр арық желісі, 430 темір жол және автомобиль жолдарындағы көпір, сондай-ақ 1790 су өткізу торабы тазартылған. «Көктем» командалық штабтық оқу-жаттығу барысында азаматтық қорғаныс күштері мен құралдары толық дайындыққа келтірілді. Облыс әкімі төтенше жағдай қызметін жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып алдын алу шараларын жалғастыруға шақырды. «Ауа райы күтпеген жерден өзгеруі мүмкін. Сондықтан біз бәріне дайын болуымыз керек», – деді өңір басшысы.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестікке серпін берген сапарлар
- 23 қараша, 2024
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді