- Advertisement -

Ескі шабадан

114

- Advertisement -

(мөлтек-сыры)

Немерем Диана үйдің ішін жинастырып жүрген болатын.
–Ата, мына бір шабаданды неге тастамайсыз, осы? Қайда жүрсеңіз де, жаныңыздан қалмайды. Өзі тағы ескіріп кетіпті, – деді нариза кейіппен.
– Ой, қызым-ай, бұл шабаданның өзіндік тарихы бар. Мен бірінші сыныпқа барғанда, сонау Алматыдан Өкім ағам арнайы алып келген. Ол кезде қазіргідей автобус, такси деген жоқ. Айына бір рет ауылдағы дүкенге зат әкелетін жалғыз ғана «полутарка» болды. Оған күнің қараса, бір ай күтуге мәжбүрсің. Өкім ағам осы шабаданды алдына өңгеріп, аудан орталығы Ақкөлден атпен шығып, алпыс шақырымдай жол жүріп әкеліп берген еді маған. Мен сияқты жоғары оқу орнына түскенде, осы шабаданға киімдеріңді салып, алып жүресің, деді.
Әлі есімнен кетпейді, Өкім ағам үстіне аппақ китель киген екен. Басында – ақ шиқалпақ, көйлегінің жеңінде – жылтырақ түйме (ондайды бұрын-соңды көрмегенбіз). Алматыдан келді деген соң, ауылдың үлкен-кішісі түгел келіп, қызықтап, ол кісіден әр нәрсені сұрап, білмегендерін біліп, естіп, мәре-сәре болып қалды. Бұл 1955 жылдың шілде айы болатын. Ол кезде ауылдағылар қыш кірпіштен салынған бәкене тамдарда қыстап, көктем туа мал жайымен киіз үйлерімен көшіп-қонып жүретін. Өкім ағам келген кезде, Талас өзенінің бойындағы бұдырсыз тегіс саздау жерге киіз үйлер қаз-қатар тігілген болатын. Әкем бір малын сойып, үйімізге ауыл түгел келіп, соңы той сияқты болып кетті. Кешкілікте жастар ақсүйек ойнап, алтыбақан теуіп, бір бой жазысты. Сол жолы Өкім ағам көрші ауылдан қонаққа келген бір қызбен айтысты. Айтыскерлігі барын бірінші рет көруім.Осы көрініс әлі күнге дейін есімнен шыққан емес. Сол кезде «Үшарал» ауылынан жоғары оқу орнына ең алғаш түскендердің бірі де осы Өкім ағам еді. Ол кісі жетінші сыныптан соң, қаладағы Жамбыл мектеп-интернатында оқып, онжылдықты сонда бітірді. Содан Алматыға барып, ҚазМУ-дің филология факультетін оқып бітірді. Облыстық «Еңбек туы» (қазіргі «Ақ жол») газетінде көп жылдар бойы жемісті қызмет етті.
Университеттің соңғы курсында оқып жүргенінде, Роза Төлебайқызымен (Ойық совхозынан) танысып, екеуі жарасып, бас қосады. Ол кезде Роза жеңгеміз де Алматыдағы ҚазПИ-ді бітіріп жатқан болатын. Жайлау көкем мен Шәрбану анамыздың төбелері көкке жетіп, қуаныштарында шек болған жоқ. Шәрбану апамыздың қуанғандығы соншалықты «келін келді, келін келді» деген кезде, үйелеп орнынан тұра алмай да қалды. Оның мұнысына елдің бәрі қыран-топан күліп жатыр. Жайлау көкемнің кіндігінен екі бала ғана болды. Бірі – Сәрсенбек, екіншісі – Өкім. Сәрсенбек ағамыз Жамбыл қаласындағы статистика техникумының екінші курсында оқып жүрген кезінде, өкпесіне суық тиіп, ертеректе қайтыс болып кетті.
Құдайға шүкір, Өкім аға мен Роза жеңгемнен ұрпақ өсіп-өніп жатыр. Үлкен ұлы Сәкен бір мекеменің басшысы, одан кейінгі қарындасым Мәкен сауда жағында, ал, Ахан ініміздің денсаулығы болмай, көп ауырып екі-үш жыл бұрын қайтыс болып кетті. Жахан болса, құқық қорғау мекемесінде қызмет етеді, шені -майор. Бұл үйдегі келініміз банк қызметкері. Роза жеңгем солардың қолында тұрып жатыр.
Мен де «Үшарал» ауылында онжылдықты бітірген соң, әлгі шабаданға қажетті кітаптарым мен киімдерімді сықастыра салып алып, Алматыға жол тарттым. Бір қызығы, Өкім ағам мені облыс орталығындағы «Сельпо» аялдамасынан күтіп алып, кешкісін пойызға шығарып салды. Сол кезде мен, мынау сіздің маған сыйлаған сыйыңыз деп, шабаданды меңзедім. Өкім ағам қарқылдап бір күліп алды. Ол кісі өте сыпайы, биязы мінезді, тек жымиып қана күлетін. Сол жолы бірінші рет көрдім, қатты күлгенін.
–Тәте (ол кісіні мен осылай атайтынмын), неге күлдіңіз? – дедім мен де қарап тұрмай.
–Жай, әшейін.
Мен сұрап, қоймай қойдым, ол кісі жарытып ештеңе айтпады.
–Есіме бір нәрсе түсіп кетті, – деді де қойды.
Мен Алматыға тартып отырдым. Содан бері қайда жүрсем де, осы шабаданды жанымнан бір елі тастаған емеспін. Өйткені, ол мен үшін қымбат сый. Өкім ағамның көзі.

Жақсылық ДОСАЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support