Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев V шақырылған ҚР Парламентінің 4-ші сессиясының ашылуында сөз сөйледі. Өз сөзінде Мемлекет басшысы: «Төртінші сессияның өзіндік ерекшелігі бар. Ол өздеріңізге белгілі 2008 жылғы қазанда сайланған Парламент Сенаты депутаттарының өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты. Жаңа сенаторларды сайлау мерзімі биылғы жылдың 1 қазанына белгіленіп отыр. Парламент Сенатына сайлауға дайындық ашық, жария түрде өтіп жатыр және қоғамда шынайы қызығушылық тудырып отыр. Сондықтан біздің алдымызда әділ және ашық сайлау өткізу міндеті тұр» деді. Елбасы ашылып жатқан «мүмкіндіктер көздерін» ептілікпен пайдалана білу үшін Парламент пен Үкіметтің үйлесімді жұмысының маңыздылығын атап өтті. – Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына қосылуына байланысты басты міндеттің бірі – әкімшілік реформасын жалғастырып, кәсіби және жинақы мемлекеттік аппараты бар тиімді мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыру. Өздеріңіз білесіздер, Үкіметтің жаңа құрылымы туралы шешім жүзеге асырылды. Мемлекеттік басқарудың деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің жіктелуі туралы Жарлыққа қол қойылып, іске асырылуда. Бұл мемлекеттік аппараттың жұмысындағы көпсатылылық пен бір-бірін қайталауды азайтуға мүмкіндік береді, – деді Мемлекет басшысы. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына қосылуына байланысты міндеттерді іске асыру аясында озық әлемдік тәжірибені ескере отырып, құрылымдық реформалар бойынша жұмысты жалғастыру қажеттігін айтты. – Негізгі мақсат – бизнес жүргізуге барынша қолайлы жағдайлар жасау, инвестиция ағынын ынталандыру, кәсіпкерлікті қорғау, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру, – деді Президент. Осыған байланысты Мемлекет басшысы заң шығару жұмысына негіз болуы тиіс құрылымдық реформалар бағытына қатысты өзінің көзқарасын ортаға салды. Олардың қатарында жаңа буындағы Кәсіпкерлік және Азаматтық процессуалдық кодекстерді қабылдау үдерісін аяқтау, арбитражды толыққанды дамыту, «Электрондық үкімет» негізінде 2017 жылға дейін қолданыстағы барлық мемлекеттік жүйелер мен мәліметтер базаларының интеграциясын іске асыру істері бар. Бұдан бөлек, рұқсаттамалар санын 2015 жыл барысында 50 пайызға дейін азайту, кедендік процедураларды барынша оңайлату үшін инвесторларға «бір терезе» қағидатын қолдану аясын кеңейту көзделуде. Сонымен қатар, заңнамаға ревизия жүргізу және құжаттардың нотариалдық ресімделуі туралы талаптар аясын барынша тарылтып, халыққа жұмысқа тұру, шетелге шығу және жүргізуші куәлігін алу үшін талап етілетін анықтаманы беруді «бір терезе» қағидаты бойынша жүзеге асыруды қамтамасыз ету тапсырылды. Елбасы төртінші сессия кезінде қарастырылуы қажет басымдыққа ие заң жобаларын атады. Олардың қатарында жер қойнауын пайдалану мәселелері, АШК-да өнімділікті арттыру үшін салық заңнамасына өзгерістер жиынтығын енгізу, автономды білім беру мекемелерін, академиялық басқару жүйесін жетілдіру, халықтың көші-қон жөніндегі заң жобалары бар. Бұдан бөлек, Президент Үкіметке 2014 жылдың соңына дейін Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес стратегиясын қабылдауды тапсырды. Бұл ретте Елбасы құқықтық салада жемқорлықпен күрес тұрғысында тиімді жұмыстарға негізделген бірқатар реформалар жүргізілгенін, алайда олардың жеткіліксіз екенін айтты. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы депутаттарға олардың депутаттық каникулдары уақытын мүмкіндігінше қысқартуды қарастыруды өтінді. – Мұндай шешім депутаттық корпусқа халықтың игілігі үшін барлық мемлекеттік органдармен үйлесімді және бір ырғақта жұмыс істеуіне септігін тигізген болар еді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Үкімет экономиканы дамытудың оптимистік және пессимистік сценарийлерін ескере отырып, бірқатар шаралар әзірлегеніне назар аударды Президент. – Бізде қазірдің өзінде елдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы іс-әрекеттердің айқын жоспары бар. Дамудың барлық ықтимал нұсқаларында да Үкіметке мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін қаржыландыруды шектемеу тапсырылды. Бұл өте маңызды. Бізде халықтың әл-ауқатының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін қажетті барлық ресурстар бар, – деді Мемлекет басшысы. Сондай-ақ, төртінші сессияның ашылуы кезінде Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар жаңа депутаттардың Қазақстан халқы алдында берген антын қабылдады.
«Ақ жол-Ақпарат».
Ұқсас жаңалықтар
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді