Есту қабілеті төмен балуандар арасындағы еркін және грек-рим күресінен өткен ел біріншілігі мәресіне жетті. Тараз төрінде ұйымдастырылған аламанда жасөспірімдер, жастар және ересектер сынға түсіп, Қазақстан чемпионатында кімнің бәсі басым деген сауалға жауап іздеді. Бірнеше күнге созылған ел чемпионатында жамбылдық балуандар өздерінің шын мықты екендіктерін дәлелдеп грек-рим күресінен де, еркін күрестен де жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленді. Бұл додада ересектерден бөлек жастарымыз бен жасөспірімдеріміз де жасындай жарқырай білгенін айта кеткен жөн. Еркін күрес додасында 65 килограмм салмақ дәрежесінде бақ сынаған Ғабит Есжановтың, 74 килограмм салмақта белдескен Ғасыр Тұрғынбайдың, 79 килограмм салмақ дәрежесінде облыс намысын қорғаған Бағдат Сәбитовтің, 86 килограмм салмақтағы үмітіміз Шыңғысхан Әлдибаевтың жарыс жеңімпазы атанғанын жазған болатынбыз. Грек-рим күресінен өткен аламанда да жампоздарымыз жеңісті жорықты жалғастыра білді. 60 килограмм салмақ дәрежесінде бозкілемде барын салған Нұрсұлтан Дүйсембиев елімізде өзіне қарсылас шақ келмейтінін дәлелдесе, 77 килограмм салмақтың да алтыны өңір спортшысына бұйырды. Рауан Аңсабек қарсыластарының барлығынан басым түсіп, мерейімізді тасытты. Жалпы, еркін және грек-рим күресінен өткен ел біріншілігінде жастарымыз бен жасөспірімдеріміз де ойдағыдай нәтиже көрсете білді. 92 килограмм салмақ дәрежесінде топқа түскен Нұргелді Амангелді Қазақстан чемпионы атағына қол жеткізсе, жасөспірімдер арасындағы сында 45 килограмм салмақта белдескен Нышанбек Мырзахмет жеңімпаз атанды. 67 килограмм салмақта белдескен Нұржан Асан жеңістің ең биік тұғырынан көрінді. 65 килограмм салмақта бақ сынаған Фархат Рахатұлы да намысты қолдан берген жоқ. Қысқасы, Тараз төрінде ұйымдастырылған ел біріншілігінде облыс құрамасы өздерінің шын мәнінде фаворит екенін дәлелдеп берді. Бозкілемде барын салған балуандарымыздың жеңіске деген құштарлығы жанкүйерлердің айызын қандырды. Жастарымыздың да, ересектеріміздің де техникалық шеберлігіне риза болғанымыз анық. Енді бұл балуандар өзге де ірі аламандарда өздерін жақсы қырынан көрсетеді деген ойдамыз. Оған барлық мүмкіндіктері бар.
Табиғат АБАИЛДАЕВ.
Ұқсас жаңалықтар
Ауданға еңбегі сіңген абыройлы азамат
- 17 қыркүйек, 2024
Әулиеаталықтар айтулы аламанда атой салды
- 16 қыркүйек, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді