Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев медицина саласы қызметкерлерімен кездесті. Облыстық перинаталдық орталықта ұйымдастырылған жиыннан бұрын өңір басшысы аталған орталықтың қызметімен танысты. Сондай-ақ осында 1,5 ай бұрын дүниеге келген үшемдерге ақ батасын берді. Тараз қаласының тұрғыны Нұриман, Нариман және Нұрислам атты үш бірдей ер баланы дүниеге әкелген Ләйлә Құрымбаева өзіне қамқорлық танытқан перинаталдық орталықтың қызметкерлеріне алғысын айтып, ризашылығын білдірді.Келесі кезекте медицина саласында қордаланған мәселелер мен оларды шешу жолдары талқыланған арнайы отырыс өтті. Жиында сөз алған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ең бірінші кезекте қызметтің сапасына мән беру керектігін баса айтты.
– Өздеріңіз жақсы білесіздер, адам үшін ең керегі – денсаулық. Мемлекеттің дамуы, болашағы – денсаулығы мықты, білімді, мәдениетті азаматтарына байланысты. Сіздермен кездесудегі ең негізгі мақсат – облыстағы жас сәбилердің дүниеге келуі, халық санының көбеюі, олардың өмір сүру жасының ұзаруы бірден-бір сіздерге байланысты. Мемлекет тарапынан салаға қатысты жасалып жатқан жұмыстарды жақсы білесіздер. Мемлекет басшысы медицина саласына әрдайым көңіл бөледі. Оның бір дәлелі – өткен жылы қабылданған «Медицина саласын 2020-2025 жылдарға дамыту бағдарламасы». Ол бағдарламаның ең негізгісі – саланың материалдық-техникалық базасын нығайту, екіншіден, жалақыларыңызды көбейту, үшіншіден, сапалы қызмет пен дер кезінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету. Оған қосымша қазір Парламент Мәжілісінде «Денсаулық Кодексі» қаралып жатыр. Осының барлығының мақсаты – сіздердің дәрежелеріңізді көтеріп, денсаулық сақтау саласының халыққа көрсететін қызмет сапасын жақсарту. Осыған дейін де жалақыларыңыз 30 пайызға көбейсе, бағдарламаға сай алдағы жылы да көтеріледі. Сондай-ақ былтырғы жылмен салыстырғанда биыл денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржы көлемі 10 миллиард теңгеге көбейді. Яғни жалпы 71 миллиард теңге. Ол аз ақша емес, – деген Бердібек Мәшбекұлы биылғы жылдың бірінші қаңтарынан бастап іске қосылған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тоқталды. Бұл жүйе негізінде де салаға қажетті материалдық-техникалық жабдықтармен қамту, әсіресе соңғы технологияларды енгізу үшін қосымша қаржы бөлінбек. Әсіресе МРТ, КТ аппараттары, жүрек-қан тамыр жүйелері ауруларына қажетті құралдар алуға баса назар аударылмақ. «Сол қолдауды пайдаланып, халықтың денсаулығын жақсарту керек», – деген өңір басшысы дәрігерлер қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын арттыру бағытында тиімді жұмыс істеуі керектігін ескертті. Қазіргі таңда ол көрсеткіш статистика бойынша 73 жас болса, оны 2025 жылға дейін кемі 75 жасқа жеткізу керектігі айтылды. – Әрине, ол үшін бірінші кезекте әрбір азамат өзінің денсаулығын ойлау керек. Екіншіден, халыққа көрсететін медициналық қызметтеріңіздің сапасы жақсы болуы тиіс. Мен облыстың саладағы былтырғы көрсеткіштерін қарап шықтым. Жалпы алғанда жағдай жаман емес. Бірақ әлі де болса аурулардан болатын өлім-жітім азаймай тұр. Оны жақсылап зерттеп, тиісті шара қолдануларыңыз керек. Сондай-ақ бала туу көрсеткіші біршама төмендеген. Онкологиялық, қан қысымы аурулары көбейіп бара жатыр. Сондықтан уақтылы көмек көрсету бағытында жұмыс істеуіміз қажет, – деген өңір басшысы келесі кезекте міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселесіне тоқталды. Бұл орайда әсіресе халыққа түсіндіру жұмыстарын жандандыру қажеттігі, оның маңыздылығы мен міндеттілігін жіті ұғындыруға баса көңіл бөлінді. Өйткені тіркеуден өтпей, төлем жасамаған азаматтарға кейін медициналық көмек көрсетілмеген жағдайда үлкен мәселе туындайтыны анық. Осындай түсініспеушіліктер болмас үшін жұртшылық арасында түсіндіру жұмысының сапалы жүргізілуі шарт. Әсіресе өзін-өзі жұмыспен қамтушылар саны жағынан алдыңғы қатарда тұрған біздің облыста бұл жүйеге көшуде қордаланған мәселе бар. Одан кейін облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов саладағы атқарылған жұмыстар мен шешімін күткен мәселелер жайын баяндады. Облыста скринингтен өткізуде біршама жұмыс жүргізілуі керектігі, кейбір шалғай елді мекендер мен аудандарда инсульт орталықтарын жабдықтау қажеттігі, балалардың суицидке бейімділігін ерте анықтау үшін психологтерді оқыту мен бала туатын жастағы әйелдердің денсаулығын жақсарту сынды бірқатар мәселелер аталды. Ал міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу жұмыстарының жүргізілуі туралы баяндама жасаған МӘМСҚ облыстық филиалының директоры Мавлюда Боқаеваны облыс әкімі қатаң сын тезіне алды. «Мен сіздермен арнайы кездесу өткізген кезде айтқан болатынмын, ертеңгі күні мәселе туындағанда азаматтарға түсіндіру қиынға соғады. Жұмыс істеу үшін жеткілікті уақыт берілді. Енді бір айдай ғана уақыт қалғанда қандай нәтиже күтіп отырсыздар? Жыл бойы жасалмаған жұмыс бір айда жасалып кетпейді», – деген Бердібек Мәшбекұлы тіркеуге тұрмаған азаматтарды бұл уақытта аты-жөніне дейін жаттап алатын уақыт болғанын ескертті. Бұл мәселеде шешілуі тиіс мәселелерді жіктеп берген ол алдағы уақытта халық тарапынан түсініспеушілік болмауы үшін қызыл сөзге емес, нақты іске ден қоюды тапсырды. Ал медицинадағы өзге де түйткілдерді айтуға, әкімнен қандай да бір қолдау-көмек сұрауға сала қызметкерлері онша құлық танытпады. Тек белгілі кардиохирург, медицина ғылымдарының докторы, академик, «Ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығының» басшысы Сейітхан Жошыбаев біраз мәселенің бетін ашып айтты. Әсіресе салада қаржы бөлу жүйесінің дұрыс еместігі қатты алаңдатады екен. Мысалы, қаржы ауырған адамдарға байланысты емес, әр ауруға байланысты бөлінеді екен. Соның салдарынан бөлінген қаржыны игеру үшін кейбір ауру түрі аз болса да адамдарды тауып алып емдеуге, ал кейбір ауру түрімен ауырған науқастар көп болса да бөлінген қаржының аздығынан тұрғындар қараусыз қалатынын айтып қынжылды академик. Сондай-ақ өңір азаматтарына тегін диагностикалық жұмыс жүргізу үшін бүгінде «Таза жүрек» жобасын қолға алып жатқанын, оны дамыту үшін әкімдік тарапынан қолдау қажеттігін өтінді. Өз кезегінде Бердібек Сапарбаев мұндай игі жұмыстарға қашанда қолдау көрсететінін айтып, алғысын білдірді. Жиын соңында облыс әкімі сала мамандары мен басшыларына тиісті тапсырмалар беріп, жауапкершілік жүктеді.
Маржан Рақай Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді