«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Тараз» тоғызыншы орынға тұрақтады

«Тараз» тоғызыншы орынға тұрақтады
ашық дереккөз
«Тараз» тоғызыншы орынға тұрақтады

Футболдан Қазақстан премьер лигасының 24-туры аясында жерлестеріміз «Тараз» футбол клубы өз алаңында талдықорғандық «Жетісуды» қабылдады. «Жетісу» бұл ойынға дейін екінші алтылықтың көшін бастап тұрған болатын. Ойынның алғашқы жарты сағаттығы іш пыстырарлық деңгейде өрбіді. Матчтың басында «Жетісу» ойыншылары бір мәрте шабуылға иек артып, біздің команданың айып алаңына баса-көктеп енгенімен, соңғы соққыны жасауға қауқары жетпеді. Әрі қарай былғары доп орталық алаңды «паналады». Жергілікті команда сапынан Эдуард Сергиенко қаптал арқылы шабуыл жасауға ұмтылғанымен, онысынан түк өнбеді. Жанкүйерлер жиі ысқырып, ойыншыларға наразылығын білдірген соң тараздық футболшылар алдыға жан ұшыра ұмтыла бастады. Қонақ команданың қорғаушылары айып алаңында өрескел қателік жасаған сәтті ұтымды пайдаланған жас ойыншы Жақып Қожамберді матчтың қырқыншы минутында есеп ашты. Бұдан кейін жергілікті жігіттер соғылған голды қанағат тұтпай, шабуылды үдете түсті. Нәтижесінде ойынның қырық үшінші минутында командамызға «Қайраттан» қайта оралған Олег Надашковский теңбіл допты айып алаңға кіре берістен шірене тартты. Қақпаның оң жақ бұрышына бағытталған соққыны «Жетісу» қақпашысы қайтара алмай, қауқарсыздық танытты. Осы есеп ойын соңына дейін сақталды. Матчтың екінші жартысында «Жетісудың» ойыны тіптен сұйылып кетті. Алаңға шыққан командамыздың сұрмергені Мұрат Тілешевтің өзі бір емес үш мүмкіндікті мүлт жіберді. Одан өзге ойыншылар да шабуыл өтінде тәуір ойын үлгісін көрсете білді. Дәл осы ойында «Тараз» футболшылары ұйымдастырған шабуылдарының басым бөлігін нәтижелі аяқтағанда «Жетісу» ірі жеңілістен қашып құтыла алмас еді. «Тараз» футбол клубы осы жеңісінен кейін анық аутсайдер аймағынан «қашып» құтылды. Әзірше тоғызыншы орынға жайғасты. Ойын соңынан кейінгі баспасөз мәслихатында қос команданың бас бапкерлері өз ойларымен бөлісті.

Евгений Яровенко, «Тараз» футбол клубының бас бапкері: Бізден жанкүйерлердің жеңіс күтетіні аян. Бүгінгі ойында қорғаушылардың қимылына көңілім толмады. Ширақтық байқата алмады. Бұл мәселені назардан тыс қалдырмаймын. Жақып Қожамбердінің ойыны көңіл көншітті. Алдымыздағы тұрған мақсат – екінші алтылықтың көшін бастау. Сол үшін күрес жүргіземіз. Әр ойында жеңіске жетуге ұмтыламыз.

Омари Тетрадзе, «Жетісу» футбол клубының бас бапкері: Команданың бүгінгі ойыны көңілімнен шықпады. Командадағы қаржыға қатысты мәселелер де әсерін тигізіп жатыр. Мұның бәрі кері ықпал етеді. Дегенмен, алдағы ойындарда жоғары нәтиже көрсететін боламыз.

Табиғат АБАИЛДАЕВ,

«Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар