Жамбыл ауданының әкімі Сәкен Арубаевтың өткен жылдың қорытындылары мен алдағы міндеттері баяндалған есепті кездесуіне облыс басшысы Асқар Мырзахметов арнайы қатысты. Халыққа жайлы жағдай жасау мен ел экономикасын көтеріп, саясатын насихаттау мақсатындағы түрлі мемлекеттік бағдарламалардың қалай жүзеге асырылып жатқанын бақылау үшін аудан әкімдерінің жаңаша форматта өтіп жатқан есептеріне облыс әкімінің қатысуы – тұрғындар тарапынан оң бағаланып, билікке деген сенімін күшейтуде. Өйткені олардың тыныс-тіршілігін қағаз жүзінде емес, ортасында жүріп байқап-бағдарлаудың жөні бір басқа. Аудан әкімі Сәкен Арубаев та қойылған талап үдесінен шығу үшін жан-жақты жұмыстар атқарып, «халықтың үніне құлақ асатын мемлекет» құруға барынша атсалысып жүргенін жеткізді. «Өткен жылы Мемлекет басшысы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауын жариялады. Жолдауда халықпен тиімді кері байланыс орнатуды ерекше тапсырған. Онда қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аударуға айрықша мән берілген», – деген аудан әкімі тұрғындармен кері байланысты жеңілдету, халыққа тиімді әрі әкімдікті қолжетімді ету мақсатында арнайы Whatsapp нөмірін ашып, жариялағанын айтты. Аудан халқы барлық өзекті мәселелерін сол желі арқылы да жолдап, оған жауап ала алады екен. Әлбетте, тұрғындардың тұрмыс жағдайын арттыру мен әлеуметтік-мәдени өмір сапасын жақсарту бағытында да атқарылған жұмыстар аз емес. Алда жүзеге асатын жобаларға да аудан халқы зор сенім артады. Мысалы, 2021-2025 жылдар аралығында ауданда жалпы құны 26 миллиард теңгеге 4 жоба іске аспақшы. Олар: 30 гектар жерге жылыжай салатын – «Денвер Т», 100 гектар жерге жылыжай салатын – «Дала агро», дәнді дақылдарды өңдейтін зауыт салатын – «Елитеко» және бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан «Суперфармның» бір реттік медициналық бұйымдар шығаратын зауытының ІІІ корпусының құрылысы. Осы жобалар сәтті жүзеге асқан күнде көптеген жаңа жұмыс орындары ашылып, аудан бюджетіне де қомақты салық түсімі түсетіні сөзсіз. Биылдың тың бастамасы – халықтың тұрмыстық табысын жақсарту пилоттық жобасы бойынша Бесағаш ауылдық округі белгіленген екен. Жобаның бес бағыты бойынша ауыл халқы 1,3 миллиард теңге несие алуға өтініш беріп, бүгінге 117 аула 411,4 миллион теңге қаражат алыпты. Олар алған қаржыны үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалануға, жылыжай құрылысын салуға, ауладағы мал, құс басын арттыруға, тұқым мен минералды тыңайтқыштар және техникалар алуға, өз кәсібін ашуға жұмсамақ. Сондай-ақ өңірде мал басы өскен. Қашанда малды табыс көзі көретін қазақ үшін оның көбейгені жақсы белгі. Мысалы, ірі қара мал 3 мыңға, қой-ешкі 25 мыңға, жылқы 940 басқа артқан. Сондай-ақ жалпы 5,3 мың тонна ет өндіріліп, оның 275,2 тоннасы экспортталған. Алайда малға қатысты шешімін күткен мәселе де жоқ емес. Мәселен, Қырғыз елінен заңсыз өткен малды уақытша ұстау орнының жоқтығы. Осы мәселені шешу мақсатында Жасөркен, Жамбыл елді мекендерінен контрабандалық малды ұстайтын арнайы орын құрылысына тиісті құжаттар әзірленіп, бюджеттік өтінім ұсынылған. Ауыл халқын аудан мен қаламен қатынастыратын жолдарды жөндеу мәселесі де назардан тыс қалмауда. Өткен жылы аудандық маңызы бар Аса – Мырзатай, Айша бибі – Қаратау, Ащыбұлақ – Сеңгірбай, Құмтиын – Өрнек – Ерназар жолдары, 11 ауылдың 35 ауылішілік жолы орташа жөндеуден өтсе, биыл Өрнек – Тоғызтарау – Жаңаөткел жолы мен 8 ауылдың 21 ауылішілік жолы жөнделмек. Жамбылдықтарды алаңдататын мәселенің тағы бірі «көгілдір отын» жайы. Бүгінде ауданда 25 ауылға табиғи отын тартылған. Нақтылы кезеңде 13 елді мекенге газ құбыры тартылып жатса, 5 елді мекенге, нақтырақ айтсақ, Ащыбұлақ, Тастөбе, Рахат, Қаракемер, Еңбек ауылдарына ауылішілік газ желілерінің құрылысына тиісті құжаттар әзірленіп, 704 миллион теңгеге бюджеттік өтінім ұсынылған. Сондай-ақ биылға 5 елді мекеннің – Өрнек, Ерназар, Жұма, Шайдана, Көлқайнар ауылдарының тиісті құжаттары әзірленеді екен. Оған 35,6 миллион теңге бөлінген. Аудан әкімінің есебінен соң тұрғындар түрлі сауалдарын қойып, пікір білдіру үшін жарыссөзге шықты. Аса ауылының тұрғыны Б.Искаков, еңбек ардагері А.Сыдықов, Ащыбұлақ ауылының тұрғыны Л.Өзенбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Сырлыбаев, Тоғызтарау ауылының тұрғыны А.Жолдасбаева, Аса ауылының тұрғыны Б.Саршаев аудан және облыс әкіміне түрлі мәселелермен қайырылды. Олардың қатарында жер телімін беру, Аса – Тараз бағытындағы жолаушылар көлігінің қатынау аралығын реттеу, каналдарды жөндеу, салынғалы бері жөндеу көрмеген орталық аурухананың жай-күйі, газ желісін тарту сынды мәселелер бар. Сондай-ақ ауданның Құрметті ардагері М.Байгелдиев аудан әкімінің жұмысын жоғары бағалап, сәттілік тіледі, халыққа етене жақын жүретін және жағдайын жасай білетін облыс әкіміне алғыс айтты. Жиын соңында облыс әкімі Асқар Мырзахметов ауданда атқарылған жұмыстарға қатысты пікірін білдіріп, тапсырмалар берді. Әсіресе өнеркәсіп пен туризм саласын назардан тыс қалдырмау керектігі баса айтылды.
Маржан Рақай
Жамбыл ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді