Өмір дейтін аққайыңның бүршігі ем…

10

Жұлдыз Асқарқызы Бейсек 1987 жылы Талас ауданы Үшарал ауылында дүниеге келген. ТарМПу-ды «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша тәмамдаған. Гуманитарлық ғылымдардың магистрі. Өлеңдері халықаралық және республикалық баспасөз беттерінде жарияланып келеді. оныншы Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің дипломанты. Республикалық Ахыт Үлімжіұлы атындағы жазба ақындар жыр мүшәйрасының ІІ орын иегері. 2017 жылы өткен Астана рухани жастарының «Еңселі елім, байтағым» байқауының «Үздік поэзия» номинациясы бойынша жеңімпазы. Өлеңдері республикалық «Жас толқын», «Алтын тұғыр» және облыстық «Тараздың жас таланттары», «Алтын бесік», «Жақсы жыр іздеп шөлдеймін…», «Өрімтал» атты ұжымдық жинақтарға енген. Сондай-ақ өлеңдері әзірбайжан және испан тілдеріне аударылған.

Астамсып кеткен көкті де,
Құйыныменен қайырар.
Өспеймін деген шөпті де,
Аспанға ұсынып ай қылар.

Тәкаппарланған ізді де,
Топырлатқанда жоқ қылар,
Жайлауға жеткен күзді де,
Сағыныш сеуіп от қылар.

Қуырылып жатқан тарыдай,
Суырып жел де ұйытқиды.
Құм емес, жатқан – сары май
Жолап кеткені піскей-ді.

Табаны басса пенденің,
Топырақ сезіп бүлк етер.
Биледім десе жерде кім?
Бүркеніп алып күлкі етер.

Қиғылық салмай, сары алтын,
Сабырды сүйсем сарғайып.
Құм өзегінен жаралдым,
Қанға тартқанда бар ма айып?!

Ит көйлек кигізіп ақ күннен,
Дала толғатып, құм туды.
Таудың бұлағын таттым мен,
Көмейде көркем гүл туды.

Тербесе жапырақ жанымды,
Мөп-мөлдір шығым шашылды.
Асаға айтып әнімді,
Таласқа жуғам шашымды.

Көздерін ілмей қараған,
Күн ғашық өлке біздің жер.
Жайлауына кеп жолаған,
Бақытты шағым бұл күндер.

Киіз үйлі сұлу таңымда,
Жауқазын жапқан түз елін.
Топырағы бүлкіп қанымда,
Құмда өскен мен бір қыз едім.

* * *

Анам күтіп тұрған шығар төбеңде
Жасын сүрт, жел, көре қалсаң «келер» де.
Жанында жүр, ақмаңдай ай, кешқұрым
Шеңгелдердің қоңырауын терерде.

Туған жерді бүгін, ертең… көрем бе?
Тал бесігің тыныштыққа бөлер ме?
Түсімде мен көктем-қызбен той тойлап,
Үй ойнаймын, құмды екіге бөлем де.

Лақ қуалап, гүлден гүлге жүгірген,
Етегіне ошағандар ілінген.
Саусақтары сұлу еді анамның,
Туған жердің тікенімен тілінген.

Саған қарай қадам басып келемін,
Бақылайтын бойшаң аға – терегім.
Көбелегім қонбай әуре ететін,
Еркелетіп иілетін еменім.

Сүйемін-ау, құм суырар дауылын,
Құмнан моншақ таққан менің ауылым.
Шалқып кетсем құшағыңда күндей боп,
Бір иіскемей кетпеуші еді жауының.

Бақбақ гүлім, бәйшешегім – құмарым
Сендерді өппей, сағынышқа құладым.
Топырағыңнан тойып ішкен қызың ем,
Шаштарымнан жусан аңқып тұратын.

Киелі ғой сенде жатқан тас-дағы,
Шақырады мөлдірліктің аспаны.
Қанша уақыт ауаң мені құшақтап,
Күнің алтын сәулелерін шашпады.

Аппақ қарың ерімеді қолымда,
Қаңбақтарың жүгірмеді жолымда.
Бақаларың секірмеді солымда,
Тасбақалар тәй баспады оңымда.

Күлкім еді – сылдыраған бұлақтар,
Жасыл шөбім жайлауым ғой тұрақтар.
Мен келгенше жанында боп анамның,
Жарық етші жолын жұлдыз – шырақтар.

* * *

Сәулең жүрсін көзімді жарық қылып,
О, Үшарал,
сағынттың зарықтырып.
Жидегіңді аңсадым, қамысыңды,
Қадіріңді күн айтып, таң ұқтырып.

Төбең тұрар ой толқып кеудесінде,
Будақ бұлттар шүйлігіп төнбесін де.
Кеудем толы сағыныш әуендері,
Келші, далам, желіңмен шертесің бе?!

Найзағайым бармын деп күркіреген,
Кекілді қыз келсе деп күн тілеген.
Мен атаңның көзімін деп тұрғандай,
Қызғалдақтар қып-қызыл үлбіреген.

Уақыт көшер әндетіп сал, жалған-бақ,
Жер үстінде мейірім… сол арман қап…
Сары алтын қып сақтаған жүрегіне,
Сағынышын төкті апаң дер сарғалдақ.

Сөйлеп тұрар шөптер де жерді ұға алсаң,
Тасы – шипа бір түйір, ем қыла алсаң.
Қаны тамған атаңның дәнегіме,
Қызыл түске боялдым дейді раушан.

Шық айтады бұтақтан ұстап білек,
Мен көрдім деп өзіңе ұқсас жүрек.
Жалаң аяқ таң ата жүгіретін,
Табаның ақ апаңа ұқсапты деп.
Естелікке толы өлке, Ұлы Далам!
Сенен алыс көңілім жылымаған.
Сені аялап өтуге туылдым мен,
Сүйіп өту – өмірдің құны маған!

* * *

Табанымды ыстық құмға қыздырып,
Жалаң аяқ кешіп келем шалғынды.
Кең жайлауға аңсап келсем, үздігіп,
Маған қарай жүгіреді таң нұрлы.

Мен сүйсінген, құмартқан бұл атырап,
Жағалайды жаныма кеп жантақтар.
Жел жетектеп келеді әне жапырақ,
Құшағыма асығады қаңбақтар.

Бидайығым, ебелегім, күреңсем,
Адыраспан, жусандарым, раңдарым.
Иісіңмен жанды емдедің түнерсем,
Сендерде ғой күш-қайратым, бар нәрім.

Көтерілді кеуде жақтан сан шаттық,
Бақбағыңнан шашыма әсем гүл жасап.
Дауыл тұрып құм суырса бал таттық,
Шеңгелің мен жыңғылдарың – бір ғажап.

Қызғанғандай қызыл-жасыл көп гүлден,
Табанымды қытықтайды ошаған.
Маңдайымды тигізуге келдім мен,
Тақтайыңа оттан ыстық босағам.

Бесігімде бөпем ғой деп бөлеген,
Мен сағындым қарттарымды көреген.
Жүрегіме бастым сені керегем,
Жанардан жас сырғанайды, о, неден?

Әрбір шөбің сыбырлаған, жылаған,
Әр жел «қайда кеттің?» дейді, сұраған.
О, ауылым, сенен кетсем – құлағам,
Мен құламау үшін мәңгі тұр аман.

* * *

Мен кішімін туған жер оттарынан,
Жаралғанмын түйіршік шоқтарынан.
Бұл басымды қымбат деу – бекершілік,
Сағыныш боп мөлт еткен бақбағынан.

Құмы менен көнелеу тастары да,
Мән бермеңіз елеусіз жатқанына.
Бір ысқырып, дауылды шақырып ап,
Апарады балалық шақтарыма.

Аққан суы – сиқыршы емдегендей,
Тамшысынан шөлейт те өлмегендей.
О, құдірет, шалғайға алыс кетсем,
Аласұрар жүрегім шөлге көнбей.
Аунап түсіп төбесі, көк белінен,
Қара қазан қайнатқан отты еміп ем,
Соңғы жасым – гүліне шық боп қонсын,
Соңғы демім – билесін көктемімен.

* * *

Біздің ауыл – тамаша ауыл, ағасы,
Жомарттық пен қанағаттың арасы.
Толқынымен көзді арбайды ғажайып,
Аса менен Таласымның жағасы.

Аспан гүлдеп айтар сұлу таң барын,
Тіріледі құмға сызып, салғаның.
Көрсет десе жердің жайлы, жұмағын,
Осы ауылға түсер еді таңдауым.

Ақкесене, Көккесене – айбарым,
Тарихты айтып толғанады жан-жағым.
Бір Алла деп қос қолымды жаямын –
Ақдегелек ұясындай жайғаным.

Жайлауында бабам келе жатқандай,
Төбелері тақияға үкі таққандай.
Көк аруы аспан-көзден қос тамшы,
Аса, Талас жарыса кеп аққандай.

Құмын Тәңір шашу етіп шашқандай,
Мойынына тұмар етіп таққандай.
Көзің тоймас келбетіне қарасаң,
Жаңа түскен келін сынды ақмаңдай.

Қойнауында тарих бұғып жатқандай,
Оқылмаған, табылмаған хаттардай.
Ауыл жайлы ойларыммен жылынам,
Апам үйге отын әкеп жаққандай.

Арғымағы ауыздықпен алысқан,
Әжелері киіз басып жарысқан.
Қарт атасы балдағына сүйеніп,
Алдын тосқан бала келсе алыстан.

Ат тұяғы шаң боратып соңынан,
Қиқулаған дауыс шығып оңынан.
Әкелер жүр көкпар тартып атойлап,
Қара қамшы өсіп шыққан қолынан.

Аналары нар қымызын сапырып,
Даярлайды қонақ келсе ақырып.
Күбі пісіп, құрт жаятын көп қыздар,
Әлек асқа көршілерді шақырып.
Ақ білегі аппақ сүтке малынған,
Жеңешелер қайтқан шақта сауыннан.
Етегіне жармасады көп бала,
Саусақтарын сорып қаймақ жағылған.

Қара қазан құты болған қара үйдің,
Қара таба – нұрына оны балаймын.
Қара шаңырақ – маған ыстық Отансың,
Жұлдызың боп аспаныңа тараймын.

Жиылады бәрі оттың басына,
Домбырасын алып әкем қасына.
Әгугәй деп әуелетіп өскенбіз –
Бақыт деген осы да!
Ауыл деген осы да!

* * *

Сурет салсам тізе мұң
Айтшы неге түзедің?
Қайғысы ұшқан қасында,
Күзге ғашық қыз едім.
Жанарыма ай құлап,
Отырады жай жылап…
Құлазиды дейсің бе?
Мұң сүйсінтіп, қайғы ұнап.

Күрең күннің көбі ұнап,
Қурап қалған шөбі ұнап.
Жылап өтер ме екенмін,
Жапырағымды төгіп ап.

Күзге тартқан жасым да,
Күз қойнында басым да.
Найзағай боп тіл қатам,
Нардай болған ғасырға.
Құстың көріп тізбегін,
Қанатымды іздедім.
Мені ұшырар – жапырақтар,
Мені әкетер – күздерім.

* * *

Мына әлемнен жаным тоңып түршігем,
Өмір дейтін аққайыңның бүршігі ем.
Жан таппастан ұғынатын жанымды,
Күрең күнде күзге келіп күрсінем.

Сағыныштан үлбіреген жапырақ,
Айнасындай күз жанымның шатынап.
Бұл дүниеге сыя алмаған жүрекпен,
Бейуақытта бақта тұрам аһылап.

Жүре алмастан әлеміңде жарқылдап,
Жапырақтай дір-дір етем қалтылдап.
Маған деген сезіміңдей кетті әлем,
Күздің қара суығындай салқындап.

Шер кеудемді күз және де ай ұқпақ,
Сенсіз өмір – сүреңсіз деп байыптап.
Сезімімді жүрегімде жұбатам,
Жер күнәлар мекені деп айыптап.

Жел желпініп қанаттарын жайғанда,
Жапырақтар көшеді екен, айлар да…
Тұла бойым жапырақтарға бөлініп,
Күзбен көшіп бара жатам…
Қай маңға?

* * *

Мен секілді іздейді ме екенсің?
Терезеден жолға қарап өтем, шын.
Саған деген сағынышты мендегі,
Қыркүйектің жапырағы көтерсін.

Жолыңдағы бір жарықты күзетіп,
Келер деген тас жолдардан жүз өтіп.
Сағыныштан үгітілер ме екенмін,
Кірпіктерін бір қайырып күз өтіп.

Сағынышымды саған деген күз айтар,
Күзбен бірге әйнектерім жылайды ал.
Телміретін тереземе сүйенем,
Кірпігімнен аппақ қайың құлайды әр.

Сұр пердеме сіңіп қалды сағыныш,
Ал бөлмемде сол жалғыздық, сабылыс…
Үмітімнің үрейленген кейпінде,
Сезімімді хатқа ағызам жанып іш.

* * *

Жапырақ ем тағдырымнан үзілген,
Ұрламашы,
Ұрламашы күзімнен.
Неге келіп мазалайсың түсіме,
Бірге бола алмаймыз ғой біз мүлдем.

Ақ шәлі едім,
Ақ бұлт жерге түсірген,
Аппақ қардай көз алдыңа тізілген.
Қарайтпашы, қарайтпашы, жанымды,
Қабағыңа қатқан мұздың жүзімен.

Жаңбыр ма едім,
Жолдарыңа жауатын,
Талып кетті,
Талып кетті қанатым…
Мен қонатын биік енді белгісіз,
Мен киетін киім де енді қара тым.

Құс тартатын ноталарын қайғы-әнім
Жүрегіңде болған едім…
Қайдамын?..
Жылатпашы,
Жылатпашы жанарды,
Жанар отым сөнгеннен соң айтамын.

Самал ма едім бағыңда есіп тұратын,
Мен шығармын жауабы жоқ сұрағың.
Ғайып болғам, өзім күзбен көшкенмін,
Өмір сүріп жүрген менің құр атым.

* * *

Жапырақтар жауып жатыр…
Үндеме!
Сөз берейік өмір-тойда күзге де.
Күз сөйлесін тамшы ернімен дірілдеп,
Жаңбыр сүйген көл жыласын іргеде…

Қысты төрге оздырған соң кір-кірлеп,
Жапырақтар жауып жатыр бір-бірлеп.
Жапырақтың үстіндегі жүрегім,
Жерге құлап бара жатыр бүлкілдеп…

Жапырақтар жауып жатыр үн-түнсіз,
Сіздің, менің бірікпейтін күлкімсіз…
Жапыраққа орап берген жанымды,
Жерге түспей көтерерсіз мүмкін сіз?!

* * *

Менің аулам топ қайыңмен көрікті,
Көркінде бір қорқыныш бар, білемін.
Шығарып сап тұрам ылғи өлікті,
Содан болар тас боп кеткен жүрегім.

Тал бойында ақпаған соң мендік қан,
Көз қырыммен қош бол деймін, не шара?!
Ауладан сәл алыс жерге жер жұтқан,
Жел кеп көміп жатады оны, бейшара.

Сары күннен қызық көрмей жатып-ақ,
Аппақ қардың суығына бір тоңбай.
Дүниеден тағы да өтті жапырақ,
Әй, сорлы-ай!

Тараз қаласы.

Жұлдыз Бейсек

Comments are closed.