Шығыс пен батысты бағындырған сары фосфор

Шығыс пен батысты бағындырған сары фосфор
ашық дереккөз
Шығыс пен батысты бағындырған сары фосфор
Мұқаш ЕСКЕНДІРОВ, «Қазфосфат» ЖШС-ның бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері. Биыл қойнауы кенге толы, химия өндірісі дамыған Жамбыл облысына – 80 жыл. Осынау айтулы мерекемен тұспа-тұс келген «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де жақында өзінің құрылғанына 20 жыл толуын кең көлемде атап өткен болатын. Бүгінде серіктестік – фосфат өндіруден бастап, оның тасымалын ұйымдастырып, өнімдерін Шығыс және Батыс Еуропаға, ТМД елдеріне, Қытай, АҚШ пен Үндістан нарығына шығарып келеді. Бір сөзбен айтқанда, серіктестік ТМД елдері арасында және Қазақстанда фосфорлы өнімдер өндіретін жетекші кәсіпорын болып табылады. Осылайша біз Қазақстанның химия саласын дамытуға, әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті сапалы өнім шығаруға, шикізат өңдеуші және жоғары технологиялық тауарлар өткеруші ретінде қалыптасып, облыстың абыройын арттырудамыз. Жалпы, облыстың өндіріс саласын алатын болсақ, ол химия өнеркәсібімен тікелей байланысты. Өңірімізде химия саласына деген бетбұрыс Екінші дүниежүзілік соғыс жүріп жатқан тұста басталған. Дәлірек айтсақ, 1943 жылы облысымыздың Талас пен Сарысу аудандарында жүргізілген геологиялық барлау жұмыстарынан кейін Қаратау қаласында фосфорит кені ашылды. Қазіргі таңда барланған кеннің қоры 15 миллиард тоннадан асып жығылады. Бізге белгілісі – Жамбыл мен Түркістан облысының аумағында 45 кен орны анықталған. Олар Талас пен Сарысу аудандарында ғана емес, көрші облыстың Созақ ауданына дейін жалғасып жатыр. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған соң өңірімізде алғашқы болып Қаратау қаласындағы «Шолақтау» кен орны ашылып, онда тұтқынға түскен жапон жауынгерлері кен өндірді. Одан кейін Тараз қаласындағы Ниетқалиев көшесінің соңындағы бүгінгі зауыт орнында тыңайтқыш өндіру өндірісі іске қосылды. Ол кезде «Жамбыл суперфосфат» деп аталатын. Қазір ол зауыт біздің «Қазфосфаттың» құрамында. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының соңында «Химпром» өндіріс ошағы ашылып, жұмыс істеді (қазір Тараз металлургия зауыты). Жетпісінші жылдары Жаңа Жамбыл фосфор зауыты іске қосылды. Биыл Жаңатас қаласы өзінің 50 жылдығын тойлады. Бұл қала зауытты фосфорит кенімен қамтамасыз ететін шикізат қорына айналған еді. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары бұл өндіріс ошақтары нарық қыспағына төтеп бере алмай жабылып қалды. Дегенмен өндірісі тұралап қалған зауыттың орнында бүгінгі «Қазфосфат» ЖШС құрылып, жоғарыда аталған зауыттардың басым бөлігі біздің зауыттың құрамына енді. Қазіргі таңда серіктестікте 6 мыңнан астам облыс тұрғыны жұмыс істеуде. Бұдан бөлек, өзіміздің мамандандырылған темір жол кешеніміз, 300 километрді құрайтын темір жол желісі мен 24 тепловозымыз бар. Онда 500-ден астам адам еңбек етуде. Біз құрған кәсіпорынның 20 жылдығы облыстың 80 жылдығымен тұспа-тұс келуі – тарихи оқиға. Осы мүмкіндікті пайдаланып, облыс тұрғындары мен «Қазфосфат» ұжымын, еліміздің қазыналы өңірі, сөз бастаған шешендер мен ел бастаған батыр бабаларымыздың туған жері, қасиет қонған, киелі Жамбыл облысының 80 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Бүгінде өңірімізде миллионнан астам халық, жүзге жуық басқа этнос өкілдері ынтымағы жарасып, тату-тәтті өмір кешуде. Қазір Жамбыл облысы бай тарихымен, Тұңғыш Президенттің салиқалы саясаты мен ерекше қолдауы арқасында заман талабына сай өсіп-өркендеп, ғылыми, әлеуметтік, экономикалық әл-ауқаты бойынша ірі индустриялық аймаққа айналып келеді. Осындай қасиетті мекенде еңбек ету мен үшін шексіз мақтаныш, биік мәртебе, зор абырой. Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар