«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ұлттық ойынды ұлықтады

Ұлттық ойынды ұлықтады
ашық дереккөз
Ұлттық ойынды ұлықтады

Конституция күні қарсаңында қазақстандық көпсалалы-әлеуметтік мекемесі және «Евразия» білім орталығы» үкіметтік емес ұйымдарының басшылары, ағайынды Маржан және Нұржан Рахимовтардың ұйымдастыруымен «Салт-дәстүрің – байлығың, Ата мұраң – асыл қазынаң» атты аудан жастары арасында ұлттық көкпар ойынын насихаттау және жандандыру мақсатында «Көкпаршы -2014» жарысы өткізілді. Аталмыш додаға ауданның әр ауылдық округінен 6 құрама команда қатысып, өзара тартысқа түсті.

Көкпаршылар Қойбағар қарияның батасынан кейін, орташа салмағы 24 килограмм серкені жұлқып ала жөнелді. Көкпар десе ішкен асын жерге қоятын жұртшылық ұлттық ат спортын өткізуге мұрындық болған үкіметтік емес ұйымдарға алғыстарын жаудырып жатты. Айту керек, аталмыш ұйымдардың есебінен осы айтулы іс-шараға арнайы 150 000 теңге бөлініпті. Бір тәулікке созылған доданың соңында «Алға» ауылының командасы ешкімге дес бермей, бірінші дәрежелі диплом және бас жүлдеге тігілген 50 000 теңгені қанжығаға байлады. Екінші орынды Ақсу ауылының командасы еншілесе, үшінші тұғырға С.Естемесов ауылынан келген көкпаршылар көтерілді. Ұйымдастырушылар сонымен қатар жарыстың өтуіне қолдау көрсетіп, бағыт-бағдар бере білген Найман Сұлтанбаев және Қуаныш Тойшыбековке Алғыс хат және қосымша сыйақы табыс етті. Сондай-ақ, осы іс-шараға қомақты үлес қосқан Шу ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің бас маманы Самал Омароваға, «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Маржан Молдашеваға және аудандық «Жастар орталығының» жас маманы Қуат Ақбаевқа да арнайы Алғыс хат тапсырылды. Көптің көңілінен шыққан көкпар сайысына жиналған жұрт дән риза болып тарқасты.

Жәмила АҚБЕРГЕН.

Шу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар