«МАҚАЛАНЫ ОҚУ – ОҢАЙ, ЖАЗУ – ҚИЫН»

«МАҚАЛАНЫ ОҚУ – ОҢАЙ, ЖАЗУ – ҚИЫН»
ашық дереккөз
«МАҚАЛАНЫ ОҚУ – ОҢАЙ, ЖАЗУ – ҚИЫН»

деді «Құлан таңы» газетінің тілшісі Марат Диханбай оқырмандармен кездесуде

Облыстық «Aq jol» газетінің директор-бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы мен экономика және ауыл шаруашылық бөлімінің редакторы Амангелді Әбіл Т.Рысқұлов ауданындағы оқырмандармен кездесті.

– Құрметті халайық, ауданның зиялы қауым өкілдері! Өздеріңізбен арнайы кездесуге келіп отырмыз. Бүгінгі сіздермен жүздесуіміздің негізгі мақсаты – Елбасының «Рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларынан, Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын мәселелердің, облыс басшылығының атқарып жатқан жұмысының облыстың бас басылымы бетінде жазылуы.

Сонымен қатар алдағы жұмыс жоспарымызбен бөлісіп, сіздердің ұсыныс-пікірлеріңізді тыңдайық дедік. Баспасөзге жазылу науқаны аяқталар тұста өздеріңіздің сүйікті газеттеріңізден қол үзбеңіздер деген бұйымтайымызды да айта келдік. Руханият жанданбай, мәдени өміріміз өркендемей біз Елбасы межелеген 30 дамыған елдің қатарына қосыла алмаймыз. Біз экономикамен бірге мәдениетімізді, тілімізді, руханиятымызды оңдап алуымыз қажет. Кеңес заманын айтпағанда, тоқсаныншы жылдардан бастап баспасөз саласында қызмет етіп келемін. Сол жылдардағы қиыншылықтардың бәрінен өтіп, осы күнге жеттік. Елді аралап, тыныс-тіршілігімен танысып жүріп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық өркендеуінің куәсі болдық. Тәуелсіздік жылдары елдің өсіп-өркендегенін көрдік. Жағдайымыз жақсарды, тұрмысымыз оңалды. Елбасының «алдымен – экономика, сосын – саясат» деген сөзі бар. Сол экономикамыз тұрақталды, аяғымыздан тік тұрдық. Кейбір мықты мемлекеттермен теңестік. Бұған тәубе деуіміз керек. Бізде руханият, мәдениет, өнер мәселелері де дамып келеді. Түрлі-түрлі қазақ фильмдері шығып жатыр. Димаш баламыз Жапонияны, Ресейді, тіпті, Американы, Еуропаны бағындырып жатыр. Қазақтың атын әлемге танытуда. Енді баспасөзді дамытуымыз қажет. Бұл да руханияттың бір қанаты. Шерхан Мұртаза ағамыз айтатын: «Құстың қос қанаты бар. Сол сияқты мемлекеттің де қос қанаты бар. Бірі – экономика болса, бірі – руханият» деп. Руханият дегеніміз – газет, журнал. Сонау кеңес заманында «Еңбек туы», қазіргі «Aq jol» газеті облыс орталығында қазақ мектептерін ашу, қазақ тілін дамыту мәселелерін көтерді. Басқа басылымдар да үн қосты. Міне, қазір Тараз қаласында 60 қазақ мектебі бар. Елбасы мен Мемлекет басшысының саясатын, Үкімет пен облыс әкімінің атқарып жатқан жұмысын жан-жақты жариялап жататын облыстық және республикалық басылымдарды сол қазақ тілді орта оқымағанда, кім оқиды? Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің халықтың тұрмыстық-әлеуметтік жағдайын көтеру мақсатындағы пилоттық жобасы арқылы екі жарым пайызбен несие алып, кәсіп ашып жатқан азаматтар көбейіп келеді. Бұл туралы да «Aq jol» үздіксіз жазуда. Мына мәселеге де назар аударайын. Асқар Исабекұлының тікелей ұйытқы болуымен облыстық драма театрға даңқты режиссер Асқар Тоқпановтың есімі беріліп, облыстың 80 жылдық құрметіне мәдениет ошағының алдынан ескерткіші ашылмақ. Соған орай, Асқар Тоқпанов өмірімен, өнерімен де таныстырып жатырмыз», – деген Бас редактор шығармашылық ұжымның алдағы жылы атқаратын жұмыс жоспарынан да хабардар етті.

Қожайхан БИЖАНОВ, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы: – Былтырғы кездесуде де осы жерде тұрып ізгі тілегімді білдіргенмін. Біз облыстың тыныс-тіршілігін, Тараздың күннен-күнге құлпырып, гүлденіп жатқанын «Aq jol»-дан оқып, біліп отырмыз. Газеттің кескін-келбеті, мақалалардың сапасы мен мазмұны күннен-күнге жаңарып, жақсара түсуде. Саясат, экономика, ауыл шаруашылығы, білім, ғылым, мәдениет, спорт және басқа да салаларда атқарылған жұмыстар нөмір сайын қамтылып жазылуда. Арнайы беттері қандай! Сондықтан да осы кездесуге қатысып отырған барлығымыз «Aq jol»-ға жазылайық.

Айгерім БАЙМҰРАТОВА, аудандық орталық кітапхананың кітапханашысы: – Болашағынан зор үміт күттіретін дарынды ақын, жазушыларды елге танытып жүрген «Aq jol» газеті жас желкеннің өсіп-өркендеуіне, шығармашылық шыңдалуына көп септігін тигізіп келеді. Газетке шығып жатқан дүние оқырмандардың көз алдында. Мен аудандағы 31 кітапхананың барлығы жыл сайын газетке жазылатынын еске салғым келеді.

Марат ДИХАНБАЙ, аудандық «Құлан таңы» газетінің тілшісі: – Көсемәлі Сәттібайұлы ағамыз Асқар Тоқпановтың тұлғалық болмысын тілге тиек етіп, есімін атап өтті. Осы ретте менің ойыма Асағаңның «Адам ессіз болып дүниеге келеді, есалаң өмір сүреді, есі кірген кезде өледі» деген сөзі түсіп отыр. Мұнымен айтқым келгені, біз, ессіз емес, есті сөзге қанығып, дерексіз емес, дәйекті ақпаратқа көз жеткізу үшін ұдайы газет оқып отыруымыз керек деп есептеймін. Бүгінгі таңда әлеуметтік желіде отырып алып, газеттегі мақалаларға сын айтушылар көбейді. Тарихы тағылымға толы еліміздегі ордалы білім ошағының бірегейі, қара шаңырақ Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде білім алғандықтан адамдыққа баламайтын, журналист деп атын түстеп санамайтын, кәсіби журналисті күстаналап, ессіз сөзбен табалайтын мақала «жазғышсымақтарды» журналист деп өз басым есептемеймін. Әлихан Бөкейхан атамыз «Газет – ғұмыр айнасы» деген. Мен еліміздегі үш газетті үзбей оқимын. Біріншісі – «Қазақ әдебиеті», екіншісі – «Айқын», үшіншісі – «Aq jol» газеті. Неге? Өйткені бұл басылымдарда жарияланатын мақалалар шұрайлы тілмен жазылады. Яғни ол басылымдарда еңбек ететіндердің көпшілігі кәсіби журналистер. Өзім де газетте жұмыс істегендіктен, журналистиканың қандай күрделі мамандық екенін жете түсінемін. Журналистиканы тәмамдап, жазушылық шыңға жеткен Әзілхан Нұршайықов атамыздың «Үйді бұзу – оңай, салу – қиын, мақаланы оқу – оңай, жазу – қиын» деген өнегелі сөзі бар. «Aq jol»-дың бетінде жарық көретін даналық сөздер болсын, «Айша бибі» қыз-келіншектер және «Оқырмандар отауы», «Шөкеңнің шошаласы», басқа да арнайы беттер бар, сонымен бірге, басылымда саясат, экономика, мәдениет, өнер туралы тұщымды мақалалар жазылып тұрады. Қаламдарыңыз мұқалмасын,таралымдарыңыз арта берсін! Газет басшысы кездесуді қорытындылап, оқырмандар тарапынан айтылған шынайы пікірлерге ризашылығын білдіріп, қойылған сауалдарға нақты жауап қайтарды.

Т.Рысқұлов ауданы.

Ұқсас жаңалықтар