Шаруасы шалқыған кәсіпкерлер қатары көбейіп келеді

Шаруасы шалқыған кәсіпкерлер қатары көбейіп келеді
ашық дереккөз
Шаруасы шалқыған кәсіпкерлер қатары көбейіп келеді
Облыстың 80 жылдық мерейтойы қарсаңында аудандардың тұрмыс жағдайы мен әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішін жұртшылыққа таныту мақсатындағы баспасөз турлары одан әрі жалғасуда. Осыған байланысты Т.Рысқұлов ауданында ұйымдастырылған іс-шара барысында бірқатар нысандарда болып, жұмысымен танысудың мүмкіндігі туды. Жеке кәсіпкер Нұрлан Қауымбаевтың жуырда ашқан сауда орталығы ел игілігіне қызмет етуде. Сауда ғимаратының бірінші қабатында азық-түлік өнімдері, ал екінші қабатында кеңсе тауарлары, шаруашылық заттары сатылады. Бағалары да қолжетімді. Бүгінде аудан көлемінде кәсіпкерлер қатары көбеюде екен. «Бизнес-Бастау» жобасы аясында несие алып, құс шаруашылығын дамытуға бет бұрған Қуаныш Тәжиев түйетауық асырап, пайдаға кенеліп отыр. Бұл құс түрі ауылдықтар арасында жоғары сұранысқа ие. Кәсіпкер тарапынан оның балапандары тұрғындарға 1300-1500 теңге аралығында өткерілуде. Өңірлік кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының директоры Қайрат Өскенбаевтың айтуынша, ауданда «Бизнес-Бастау» жобасы бойынша 224 адам оқып, тиісті сертификаттарын алған. Оның ішінде 77-сі 238 миллион теңгенің жеңілдетілген несиесі мен грантының иегерлері. Ал «Жас кәсіпкер» жобасы аясында 70 адам оқуын аяқтаса, оның ішінде 22-сі 19 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, өз кәсібін бастапты. Осы бағдарламалар аясында грант жеңіп алғандардың бірі – Қанат Әбдірайымов бүгінде мал бордақылау ісімен айналысуда. Ауданда осылай кәсіпкерлік алға басып келеді. Ең бастысы – кәсіпкерлер ауданның жан-жақты дамуы үшін аянбай еңбек етуге ниетті. Ал мамандар нәтижелі жұмыс бастаймын, кәсіппен айналысамын деген азаматтарға бағыт-бағдар беріп, қаржылай қолдау көрсетуге дайынбыз деп отыр. Тек тұрғындар ниет білдіріп, ұсыныс берсе болғаны. Баспасөз туры бұдан әрі көршілес Меркі ауданында жалғасын тапты. Аудан әкімі Мейірхан Өмірбек ең алдымен БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп, 90 жылдық тарихы бар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы барысына тоқталып өтті. Соңғы жылдары ауданда жаңа нысандар да көптеп ашылуда екен. Бұдан кейін журналистер «Ар-Ас» шаруа қожалығында болды. Мұнда 100 бие сауылып, заманауи технологиялар мен құрылғылар көмегімен күніне 70-100 литрге дейін қымыз өндіріледі. Шөлмектерге құйылған «Тау қымызы» еліміздің бірқатар өңірлеріне жөнелтілген. «Минасип» шаруа қожалығы атқарған жұмыстар да журналистердің қызығушылығын туындатты. Шаруашылық басшысы Алипаша Ахметовтің айтуынша, өздерін 100 бас симментал тұқымды сауын сиырдың өзі табысқа кенелуде. Тауарлы сүт кешені тарапынан Меркі ірімшік зауытына күніне 1,8 тонна сүт өткеріледі. Шаруашылық бүгінде 11 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Айта кету керек, аудан бойынша өндірілетін сүттің 85 пайызы үй іргесінде сиыр ұстап, сүтін өткізіп отырған тұрғындардың еншісіне тиесілі. Ақпараттық топ келесі кезекте Жамбыл ауылдық округіндегі Талдыбұлақ ауылында пайдалануға берілген фельдшерлік-акушерлік пунктке атбасын бұрды. Көп жылдардан бері ауылдықтардың арманы болып келген нысан бүгінде ел игілігі үшін қызмет етуде. Бір мезгілде 10 келушіге бірден қызмет етуге қауқарлы. Заманауи медициналық қондырғылармен жарақтандырылған. Осы жолы ауданда жастарды нәтижелі еңбекпен қамтып, кәсіпкерлікті дамыту ісі де жүйелі жолға қойылғанының куәсі болдық. «Жас кәсіпкер» бағдарламасы аясында 262 жас жеке кәсіпкерлік ісімен айналысу үшін 505 мың теңге көлемінде қайтарымсыз несие алып, тиісті жұмыстарды бастап та кеткен. 2,5 миллион теңге қайтарымсыз несиеге қол жеткізген Ақтоған ауылдық округінің тұрғыны, жас кәсіпкер Данияр Әбдіразақов жылыжайына қиярмен қатар лимон ағаштарын да өсіруде. Оның айтуынша, лимон үш жылдан кейін өнім бере бастайды, өнімділігі де жоғары. Бір түп лимон ағашы 40 килограмға дейін өнім беру әлеуетіне ие. Осылай меркілік кәсіпкерлер ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлестерін қосуда. Баспасөз турының Қордай жерінде өтуі барысында да бірқатар жетістіктерге көз жеткіздік. Жалпы, ауданда барлық салада өсім бары байқалады. Бұл туралы бізге аудан әкімі Болатбек Байтөле айтып берді. Кәсіпорындардың өнеркәсіп өнімін өндіру көлемін ұлғайту үшін ауданда құны 49 миллиард 800 миллион теңгені құрайтын 65 жоба іске асырылуда екен. Соның 3-еуі биыл іске қосылыпты. Жоспарланған жобалардың ішіндегі ең ірісі – «Азиа голд продакшн» мекемесі қолға алған алтын өндіретін комбинат салу жобасы. Бұл мақсатқа арнайы жер телімі бөлініп, алғашқы жұмыстары басталуда. Ауданда аз қамтылған және көп балалы отбасыларға қолұшын беру де назардан тыс қалмаған. Олар «Әлеуметтік дүкендерден» азық-түлік өнімдерін арзан бағада ала алады. Сондай-ақ оларға киім-кешектер де тегін үлестіріледі. «НұрНиет» қайырымдылық қорының президенті Гүлшат Ермұхаметова дүкенде әлеуметтік негіздегі азық-түліктердің бағасы төмендетілгендігі, яғни, базар мен дүкендерге қарағанда өте төмен бағамен сатылатындығы туралы айтып берді. Ал екінші бір қайырымдылық дүкенінде көмекке мұқтаж отбасыларға халықтан, аудан тұрғындарынан жиналған киім-кешек тегін таратылады екен. Бүгінгі күнге дейін бұл дүкендер 41 отбасын киім-кешекпен, азық-түлікпен қамтыпты. Ауданда шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту аясында ашылған «Флагман» сауда-саттық үйінің де ел игілігін көріп отыр. Мұнда тауарлар бағасы бірқалыпты деңгейде ұсталынады. Жеке кәсіпкер, сауда үйінің иесі Айгерім Жылқыбекова сауда сөрелерінде тұрмысқа қажеттінің бәрі де бар екенін, өздерінің тәулік бойы жұмыс істейтіндерін айтады. Қордайлық кәсіпкерлер тарапынан білім саласына айрықша елеулі көмек көрсетілуде. Атап айтсақ, ауданда 61 балабақша болса, оның 41-і жекеменшіктің иелігінде. Нәтижесінде балабақша кезегінде тұрған бала саны азаю үстінде. Іссапар барысында өзіміз барған «Нұрсила әже» бөбекжайының өзінде 75 бала тәлім-тәрбиемен қамтылып отыр екен. Балдырғандарға 4 мезгіл ыстық ас беріледі. Бүлдіршіндерге арналған қосымша үйірмелер жұмыс істейді, оларда сабақтар өткізіледі. Ауыл шаруашылығы саласы еңбеккерлеріне қызмет көрсететін «Қордай Корм» жемнің түр-түрін шығарып, аудандағы малдың қысқы азығын қамдауға септесуде. Мұндағы жемшөп құнарлы әрі дәрумендерге де бай. 2017 жылы ашылған өндіріс орны содан бері бірқатар жетістіктерге қол жеткізіп үлгерген. Құрама жемнің 7 түрін өндіріп, нарыққа шығарып отыр. – Қазіргі кезде айына 1000 тонна жем шығарамыз. Түскен тапсырыстарды орындауға үлгермей жатырмыз. Жаңа техникаларды Ресей мен Украинадан алдық. Жуық арада қолданысқа да енгіземіз. Ол іске қосылған кезде сағатына 12 тонна жем шығаратын боламыз, – дейді кооператив басшысы Талғат Сәрсенбаев. Қордайда еліміздің басқа да өңірлерінде ешқандай баламасы жоқ жобаларды жүзеге асыру ісі де қолға алынған. Мысалы, «Гринвилл» серіктестігі көкөніс өнімдерін өндірумен айналысады. Яғни жылыжайда өсірілген «базилик», «руккола» сынды салат түрлерін нарыққа шығарып отыр. Тіпті жылыжай кешенінде «тилапия» балықтары да өсіріледі екен. Оңтүстіккореялық технологияларды тиімді пайдаланып отырған серіктестік өз тауарларын Алматы қаласына жөнелтуде. Бұл жоба ТМД елдерінде жоқ. Аудандағы бұл жоба «Аквапоника» деп аталады. Аквапоника дегеніміз – экологиялық таза өнім. Шаруашылық өсіретін өнім салат жапырақтары, жеміс-жидектер. Жылыжайда өсірілетін бұл өнім түріне сұраныс мол. Тойханалар мен дәмханалар тапсырыспен алып кетуде екен. Ауданда жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті дамыту бойынша да жұмыстар ауқымды. Әсіресе жастарға қолдау көрсетуге ерекше көңіл бөлінген. Мемлекет тарапынан берілген көмек пен қолдаудың арқасында олар жеке кәсіптерін ашып, содан нәсіптерін тауып жатқан жайлары бар.  

Ләззат ҚҰРАЛБАЕВА

Т.Рысқұлов, Меркі және Қордай аудандары.

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар