Тәуелсіздігімізді бағалайық

Тәуелсіздігімізді        бағалайық
ашық дереккөз
Тәуелсіздігімізді бағалайық
Мен ол кезде Алматы қаласында Халық шаруашылығы институтының экономика мамандығында білім алып жүргенмін. 1986 жылдың 16 желтоқсаны. Біз бір топ студент қыздар Пушкин атындағы кітапханадан шыққан едік. Орталық алаңдағы жағдайды сол кезде естідік. Бәріміз сол маңға беттедік. Барсақ, алаң толы қазақ жастары екен. Ашулы, ызалы. Сол сәтте жалаушаларға қыздардың ерін бояйтын қызыл далабымен: «Колбин кетсін!», «Қазақстанға қазақ ұлтынан басшы сайлансын», «Әр республиканы өз ұлтының азаматы басқарсын!» деген ұрандар жазылып, соны жастар көтеріп жүрді. Олар еліміздің Гимнін орындап, өздерінің отаншыл, патриот көңілдерін сездіріп жатты. Мінберде Қазақстанның Үкімет басшылары жастарға басу айтып тұрды. Сол кезде алаңнан біздер әйгілі қазақ ақыны Олжас Сүлейменовті, өнер қайраткері Әзірбайжан Мәмбетовті және басқа да танымал ағаларымызды көрдік. Бірақ біз алаңда көп тұра алмадық. Студенттерді әскердің күшімен таратып жатты. Біз өз жатақханамызға қайтып келдік. Ол күні түнімен жатақхананың күзеті мықты болды. Студент жастарды қамауда ұстап, шығармау жолында жанталасты. Әнші Бақтияр Тайлақбаев жатақханамызға келіп, концерт қойып берді. Оның бәрі жастардың көңілін алдарқату, ойын бөлу, жібермей ұстап отыру екенін сезіндік. Аңду, бақылау қатаң жүргізілді. Ертеңіне қыздар жағы алаңға барған жоқпыз. Қазіргі Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов бізбен қатарлас топта оқыды, ол үш күн бойы алаңда жүрді. Әскерлер қазақ қыздарын ұрпақ сүймесін деп, аяусыз соққыға жығып, тепкілеген. Қазақ жігіттері осы қорлыққа шыдамаған. Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков ол кезде Алматы құрылыс және архитектура институтының студенті, әскерден жаңадан келген, шымыр жігіт болатын. Қайрат бастаған батыр жігіттер қазақ қыздарының қорланғанына шыдамай, аруларды қорғап, топқа түсіп, өздері жазаланды. Кейбірі опат болды. Желтоқсан қазақ жастарының асқақ рухын оятты. Екі қазақ қазақша сөйлесе алмай қорландық. Орысша балабақшаға, орысша мектепке бардық. Қазіргі Тәуелсіздік жастары өте бақытты. Өз тілімен табысты. Бұл жерде Желтоқсан батырларының үлесі мол. Жетпіс жыл жүректе жиналған ыза, қорлыққа төзбеушілік бір-ақ күнде жанартау болып атылды.1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын мен 1916 жылғы көтеріліспен салыстырамын. Екеуі де жеңіліске ұшырады. Екеуі де азаттық үшін еді. Бірақ сол қазақ жастарының рухы бәрібір жеңді. Тәуелсіз ел болдық. Тіліміз, діліміз, дініміз азат, тарихымыз жаңғырды. Осы жеңісте Желтоқсан оқиғасының ерлігі жатыр. Қайрат батыр осы күнді көре алмағанымен, іні-қарындастарына осы күнді сыйлап кетті. Нұртай Сабильяновпен бірге оқыдық, оның айтқан естеліктері мен менің естеліктерім сәйкес. Тәуелсіз еліміз жасасын! Батырлардың қанымен, намысымен келген, Елбасының ерлігімен қалыптасқан Тәуелсіздікті жас ұрпақ ардақтай білсін деймін. Жанат Сарыбаева, жасөспірімдер үйінің қызметкері, Желтоқсан оқиғасының куәгері. Қаратау қаласы, Талас ауданы.

Ұқсас жаңалықтар