«Біз көрген қуғын-сүргін»

«Біз көрген қуғын-сүргін»
ашық дереккөз
«Біз көрген қуғын-сүргін»

Желтоқсан оқиғасы. Қазақ жастарының тағдыры. Біз ол күндерге қаншалықты әділ баға бере алдық. Тіпті басы жарылып, түрмеге отырмаса да сол оқиғаның бел ортасында болған жастардың өзі бүгінде орта жасқа келіп, ел ағасы болып отыр. Сол жылдары Алматы сәулет және құрылыс институтында оқыған кейіпкеріміз Талғат Кеншінбеков үш күн бойы алаңда болған екен. Оқиғаның бел ортасында болған азаматтың әңгімесін айна-қатесіз назарларыңызға ұсынып отырмыз....Желтоқсанның 16-сы күні бірге оқитын курстастарым Ерлан Мананов және Өзбекстанның қазағы Естөре бар, бәріміз Достық даңғылының жоғары жағында пәтер жалдап тұратын әпкем Жанарға шаш қысқартуға келгенбіз. Жанар ол кезде республикалық медициналық училищенің студенті. Кешке дейін отырып, қараңғылық түсе №32 бағытындағы қоғамдық көлікпен кері қайттық. Жатақханамыз «Орбита-3» мөлтек ауданында. Ал оған баратын автобус сол күні бағытын күрт өзгертті. Бұрындары Желтоқсан көшесімен Абай даңғылына өтіп, одан жоғары көтеріліп алаң арқылы Тимирязев көшесіне көтерілетін көлік бұл жолы төмен бұрылып Құрманғазы көшесінен өтіп тоқтады. Автобустың екі есігі ашылғаны сол еді, бір топ қазақ жігіті ішке еніп, «Ұлты қазақтар сыртқа шығыңдар!» деді. Шыны керек, ол кезде не жағдай болып жатқанын түсініп болмадық. 

Сол жігіттермен ілесіп, орталық алаңға келдік. Жол-жөнекей әлгі жігіттер не жағдай болып жатқанын түсіндіріп, Қазақ ССР Орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев орнынан алынып, оның орнына өмірі Қазақстанға аяғы тимеген Колбин басқаруға келгенін айтты. Қандай жағдайда да Қазақстанды тек қазақты білетін адам басқару керек деген жастардың жүзінде ашу-ыза тұрды. Көппен бірге алаңға келдік... Мұнда жиналғандардың да дені жастар. Арагідік үлкен кісілерді де көз шалады. Алаңның екі шеті мен ортасында тұрған екі үйдің ауласын бес қаруын сайлаған солдаттар қоршап алған. Бірінші қатарда милиция сарбаздары, екінші қатарда араға бір жарым метр салып әскер тұр. Бір кезде көпшіліктің ортасында жүрген кейуананы көзім шалды. «Айналайындар, ешқандай шу шығармаңдар! Біздің мұнда не үшін жүргенімізді Үкіметке жеткізейік...» – деді, түбіт орамалы иығына ысырылған ана. Ол күні жатақханаға жеткенімізше сағат түнгі екі болды. Бөлмемізге келсек, бірге оқитын нарынқолдық Ерлан сабаққа дайындалып отыр екен. Біз алаңда болған жағдайды айтып жатырмыз. Ерлан да ашу-ызаға булығып кетті-ау деймін: «Жігіттер, кеттік алаңға!» дегені. Ертең барамыз дегенімізге қарамастан, Ерлан сыртқа шығып кетті. Ол сол кеткеннен мол кетті... Бөлмеде радио да саңқылдап қоя берді: «Тыңдаңыздар! Тыңдаңыздар! Бүгін, яғни 16 желтоқсан күні Алматы қаласы Л.И.Брежнев алаңында маскүнемдер мен нашақорлар...». Ертеңіне бәрімізді сабаққа бара жатқанда «вахтадағы» үстелді қырынан қойып, студенттердің барлығын, тексеріп өткізді. Бірінші сабақ КПСС тарихы. Чесняков деген орыс дәріс береді. Бәрімізді түгендеп алды да: «Алаңдағы жағдайды естіп, біліп жатқан шығарсыңдар. Бұл өте қате жағдай. Сондықтан алаңға барып әуре болмай-ақ қойыңдар», – деді. 16-17 жастағы жастар саясаттан қайбір хабары болсын. Арамызда әртүрлі пікір ұстанғандар да болды. Келесі сабақ – жоғары математика. Ол жылдары қазақ мектебін бітіргендер орыс тобына, орыс мектебін бітіргендер ағылшын тобына баратын. Сөйтіп, екі топқа бөлінетінбіз. Орыс тобына баратын топ (қазақтар) аудиторияда отырғанымызда алдындағы сабақты өткен Ізтілеуова деген апай кіріп келді. Ол кісі кіре сала: «Сендерде намыс бар ма? Өздеріңдей жастар қазір алаңда жүр. Бүгін орыс тілі болмайды. Орнына мен сабақ өтуім керек. Бірақ мен бұл сабақты өтпеймін. Қазір кім мұнда қалады, солардың барлығының «зачеткасына» «өтпеді» деген белгі қоямын. Алаңға барыңдар!» – деді. Бұл сөз онсыз да қаны қызып отырған жастарға ұран болды... Алаңға түске таман келдік. Адам қарасы мол. Жолда Абай көшесі бойындағы Алматы архитектуралық техникумының маңынан өттік. Қатарымызға қосылған жігіттермен әңгімелесіп келеміз. Олар «Рулондарды түгендедіңдер ме? Сендер бір рулон, біз бір рулонды жазып бітірейік...» деді бір-біріне. Сол арада біздің қайда оқитынымызды білген олар дереу ұран сөздер жазу керек деді... Сағат бестерге қарай алаңда алғашқы толқу басталды. Милиция халық қорқады, қашады деп ойлаған болу керек. Жоқ, олай болмады. Халықтың ызасы, ашуы, намысы ешқандай қарсылыққа қарамады. Айқай-шу, қарсы жақтың бес қаруы сай болса да жастар басымдық берер емес. Толқын сәл саябырсыған шақта әлгі техникумның жігіттері бізді тауып алды. Сөйтіп, Ауыл шаруашылығы институты жатақханасының жертөлесіне жеттік. Рулон-рулон ақ мата, ұран сөз жазатын бояулардың түр-түрі алдын ала дайындалған. Бірі рулонды жайып жібереді, бірі қолына құралын алып жазып жатыр, енді бірі дайын рулонды терезеден сыртқа жіберіп жатыр. Біреу ұйымдастырып жүр. Жастар да ұйымшылдықпен кірісіп кеткен. Ұран сөзге жазылатын сөз де алдын ала дайындалып, бір жақтан келіп жатыр. Мен де қарап тұрмай кірісіп кетіп, бар өнерімді салып біраз ұран сөздерді жазып бердім. Түнделетіп алаңға тағы келдік. Мұнда толқу басталған, өрт сөндіргіш көліктер ыстық су шашып, ит жетектеген сарбаздар қарсылық көрсеткендерді ұрып-соғып, шашынан сүйреп, көліктерге тоғытып жатыр. Қарусыз жастар алаңдағы шыршаларды сындырып қаруланып алған. Тіпті біразының қолында, қайдан алғаны белгісіз, милицияның шоқпарлары да жүр. Шетте тұрған көліктерге адамдарды алып келіп қамап жатыр, біз сол көліктердегі жастарды шығарып алуға тырысамыз... Бірақ иттерді айтақтатып, бізді Космонавттар көшесіне дейін қуып тастады. Абай мен Желтоқсан (Мира) көшесінің қиылысында ромбик тектес ескерткіш болатын. Сол ескерткіш біраз адамға трибуна болды ғой. Сол маңнан өтіп бара жатқанымызда Тұңғышбай Жаманқұлов ағамыз сөйлеп тұр екен. Үстінде қазақы шапан, басында бөрік. «Жігіттер! Қазақтай ұлттың бар екенін білдіріп жатқан сендерге рахмет! Гоголь көшесіндегі Киров зауытында қаншама қазақ жігіттері станок басында тұр. Нағыз қазақтың жігіттері сонда. Соларға да түсіндіріп айтуымыз керек!» – деді ағамыз. Сол екі ортада шыршаға оралып қалған ұран сөз жазылған лозунгыны қолыма орап алдым. Әбден жыртылған екен. Арамызда жараланғандар да бар. Бір-бірімізді сүйрелеп жатақханаға жеттік. Желтоқсан оқиғасынан кейін араға екі-үш күн салып Колбинның «Көшеде екі адамнан артық топ жүруге болмайды» деген өкімі шықты. 23 желтоқсан күні жігіттермен бірге жатақхана маңындағы «Байқоңыр» кинотеатрына киноға келе жатқанбыз. Ғимаратқа жақындап қалғанымыз сол еді, қолдарында дубинкасы бар он шақты жігіт «Казахи» деп қуып бергені. Жан-жаққа қашып, бір-бірімізді таппай қалдық. Жатақханаға келсем, Ерланның басы жарылған, ол да әрең құтылыпты. Біз бұл жағдайды көпке дейін түсінбей жүрдік. Кейін оқу орнында тексеру басталды. ҰҚК қызметкерлері күнде келеді. Мен әлгі лозунгыны тығып жүріп, қысқы сессия біткен соң ауылға алып кеттім. Онда да ауылға келгенде ертеңгі күні үй ішіндегілерге де зияны тиер-ау деген ой болды. Үйге кірмес бұрын алдымен қораға тығып тастап, содан соң үйдегілермен амандасқаным бар еді... Айтпақшы, жаңа жылдан кейін сабаққа келсек, бір ай бұрын жоғалып кеткен Ерлан бөлмеде отыр. Оған бұған дейін туыстары әбден іздеу салған болатын. Көңіл-күйі жоқ. «Мені қазір сағат жетіде комсомол жиналысына шақырып жатыр, оқудан шығармақшы», – деді. Ерлан да осылай оқудан шығарылды.

Дайындаған Ерман ӘБДИЕВ.

Ұқсас жаңалықтар