ШАРШЫ АЛАҢ ШЕБЕРЛЕРІНІҢ ШАЙҚАСЫ
«Өңірімізде алғаш рет «Octagon selection» турнирі ұйымдастырылды» Шу ауданында кәсіпқой бокстан және аралас жекпе-жектен халықарлық «Octagon selection 6» турнирі болып өтті. Бокстан Қазақстан республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, аудандық бокс мектебінің бірінші директоры болған Құрманғали Қаршығабековты еске алуға арналған жарысты «ASIA» және «OCTAGON» промоутерлік компаниялары ұйымдастырса, жергілікті әкімдік пен аудандық мәслихат барынша қолдау білдірді. Бірден айта кету керек, біздің өңірде дәл мұндай кәсіпқой бокс кеші немесе аралас жекпе-жек турнирі бұрын-соңды болған емес. Сондықтан болар, аталмыш халықаралық турнир «Шу жерінде өтеді» дегенді ести сала, спорт сүйер қауым елеңдеп, жарыс болатын күнді асыға күтті. Күтсе, күткендей дүбірлі жарыстың қызығы екі күнге созылды. Дәлірек айтсақ, осы турнирдің басты ұйымдастырушылары «ASIA» және «OCTAGON» промоутерлік компанияларының негізін қалаушы менеджерлер мен арлас жекпе-жектен елімізге таныла бастаған спортшылар ауданымызға жарыс өтерден бір күн бұрын табан тіреп, жанкүйерлермен және БАҚ өкілдерімен баспасөз конференциясын өткізді. Сұхбат барысында елміздің басты спорт арнасы «QAZSPORT» арнасынан көрсетілген «Qazaqstan Fighter» спорттық реалити-шоуының ұйымдастырушылары және қатысушылары кәсіпқой боксқа және аралас жекпе-жекке байланысты жанкүйерлердің сауалдарына жауап беріп, елімізде кенжелеп дамып келе жатқан жекпе-жек түрлері туралы кеңінен әңгімеледі.
Бұдан кейін жанкүйерлер күткен ең қызықты сәттің бірі - кәсіпқой боксшылар мен аралас жекпе-жек шеберлерінің салмақ өлшеу рәсімі де келіп жетті. «Ең қызықты» деп айдар тағуымыз бекер емес. Себебі, өзге спорттағыдай емес, мұнда спортшылар жекпе-жектің алдында бір-біріне қыр көрсетіп, «мен мықтымын, мен жеңемін» дегендей көз атыстырады, иық тірестіреді, тіпті, сүзеген бұқалардай бір-бірімен «сүзісіп» алатыны да бар. Мұны жекпе-жек алаңынан тыс жердегі айқас десек артық болмас. Сонымен айқас алдындағы спортшылардың тартысы жанкүйерлер күткендей қызықты өтіп, жанкүйер қауым жекпе-жек өтетін келесі күнді асыға тосты.
Қызықты кештің куәсі болуға келгендердің қарасы қарың болды. Бәрінің күткені шаршы алаңдағы тартысты айқас. Айқас алдында құрметті қонақтар қатарынан орын алған аудан әкімі Қайрат Досаев пен бокстан Сидней Олимпиадасының чемпионы, қазақтың даңқты боксшыларының бірі, қазіргі уақытта бокстан Олимпиадалық даярлау орталығының директоры қызметін атқарып отырған Ермахан Ибраимов сөз сөйлеп, спортшыларға сәттілік тіледі.
Келесі кезекте шаршы алаңға кәсіпқой боксшылар көтерілді. Барлығы сегіз боксшы төрт жұп болып жұдырықтасты. Олардың арасында шулық үш былғары қолғап шеберінің жекпе-жегін тамашаладық. 60 келі салмақ дәрежесінде алғаш болып рингке көтерілген жерлесіміз Шүкір Мамедов алматылық Дастан Мұхамед-Нұрды төрешілердің шешімімен жеңіп, жанкүйерлерді бір желпінтіп тастады. Бұдан соң 69 келі салмақта шаршы алаңға шыққан Шыңғыс Мейірхан жерлесінің жеңісті жолын сәтті жалғастырды. Есік қаласынан келген «Жеті тарлан» клубының мүшесі Самиль Хаталиевты ә дегеннен-ақ ауыр соққының астына алған Шыңғыс ширақ көрінген. Алайда, жекпе-жектің орта тұсына қарай қарқынын жоғалтып алды. Десе де жерлестерінің алдында намысқа тырысқан ол төрт раундқа созылған жекпе-жекте жеңісті қолдан бермеді. Бұл әуесқойдан кәсіпқойға ауысқан Шыңғыс Мейірханның тырнақалды жеңісі екенін айта кеткен жөн. Шулық боксшылардың арасынан ең соңғы болып шаршы алаңға шыққан Бірлікүстем ауылының тумасы Рашид Файзуллиннен жанкүйер қауым тек жеңіс күткен болатын. Оның себебі де жоқ емес. Өйткені ол – бұған дейін кәсіпқой рингте екі жекпе-жек өткізіп, екеуінде де қарсыласын сұлатып салған әккі боксшы. Рашид осы жолы да мықтылығын дәлелдей алды. Аса ауыр салмақтағы алматылық қарсыласы Арман Айдарханов екі раунд бойы мірдің оғындай соққыларын жаудырып, құлатуға шақ қалған. Алайда, екінші раундтың бел ортасында жарақат алып қалған ол жекпе-жекті жалғастыра алмай, жеңісті қолдан берді.
Қош! Сонымен, боксшылардың айқасы аяқталып, кезек аралас жекпе-жек шеберлеріне жетті. Мұнда да шулық спортшылардың бағы мен бабы қатар шауып, қарсыластарын алып та, шалып та жықты. Айта кету керек, жекпе-жек шеберлерінің арасында көршілес Қырғыз елі мен Өзбекстаннан, сондай-ақ, еліміздің өзге облыстарынан келген жекпе-жек шеберлері және Шу қаласындағы «Тарлан» клубының өрендері бар. Байқауымызша, жарысқа қатысқан спортшылардың басым бөлігі аралас жекпе-жек алаңына алғаш рет аяқ басқандар екен. Сонымен қатар, олардың қатарында спорттың бұл түрімен ерте жастан айналысып, тәжірибесі толысқандары да бар. Мәселен жоғарыда айтып өткен «Qazaqstan Fighter» спорттық реалити-шоуының жартылай финалистері Айдын Көдек пен Аслан Базарбаевтар, сондай-ақ, «Octagon selection» халықарлық турнирінің бұған дейінгі кезеңдерінде топ жарып үлгерген Алтынбек Мағаз сынды сақа спортшылар да кезекті жекпе-жектерін өткізді.
Жерлестеріміздің жекпе-жегіне келер болсақ, «Тарлан» спорт кешенінде тәрбиеленген тарланбоздардың басым бөлігі кездесулерін мерзімінен бұрын тәмамдап, шулық жастар аралас жекпе-жектен де байрақты бәсекелерде сынға түсуге қауқарлы екенін дәлелдеп берді. Шулықтардың арасынан әсіресе, Абай ауылының тумасы, Абай атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Ержан Шапауов нағыз ерлік көрсетті. Ержанның бірінші ерлігі өзінен әлдеқайда қарымды қарсыласынан қаймықпай, шаршы алаңға шыққандығы. Оның қарсыласы алматылық «Намыс» клубының мүшесі Елжан Жұманов болатын. Дене бітімі мығым, аяқ-қолы балғадай және Ержаннан 8 жас үлкендігі де бар. Алайда, шаршы алаңға шыққаннан-ақ қарулы екенін байқатқан жерлесіміз, қарсыласын екі соққымен есеңгіретіп тастады. Төреші жекпе-жекті тоқтатып, Ержанның қолын көтерді.
Мұнан кейін де шаршы алаңға көтерілген жерлестеріміз Алдияр Мансұрбек пен Ақтөре Батырбек жекпе-жектерін мерзімінен бұрын аяқтап, жанкүйерлерін қуантты. Тарландық Алдияр Мансұрбек алматылық «Намыс» клубының намысын қорғаған Расул Жоламановты бір соққымен нокаутқа түсірсе, Ақтөре Батырбек Астанадан келген қарсыласы Аят Ахметовты айқын басымдықпен ұтты.
Жарыс соңында еліміздің даңқты боксшысы Ермахан Ибраимов пен осы турнирді ұйымдастырушы бокстан Олипиадалық даярлау орталығы директорының орынбасары, жерлесіміз Ринат Танеков, «ASIA» және «OCTAGON» промоутерлік компанияларының негізін қалаушы менеджерлердің бірі Нұраддин Садықов жарыстың жоғары деңгейді өтуіне атсалысқан жергілікті әкімдікке өз ризашылықтарын білдірді. Турнирде жеңіске жеткен спортшыларға ұйымдастырушылар тарапынан арнайы сыйлықтар табысталды.
Ерғали ҚАРТАЙҒАН,
«Ақ жол»
Шу ауданы.
Суреттер Петр Норкиндікі
Ұқсас жаңалықтар
Әлемнің жүйріктері Әулиеатада бақ сынасты
- 12 қараша, 2024
Ауыл спортын дамытуға арналған дода
- 12 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді