«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

ЖАМБЫЛДЫҚ БОКСШЫЛАР ЖАРАДЫ

ЖАМБЫЛДЫҚ БОКСШЫЛАР ЖАРАДЫ
ашық дереккөз
ЖАМБЫЛДЫҚ БОКСШЫЛАР ЖАРАДЫ
Жуырда Шу ауданындағы «Тарлан» спорт кешенінде бокстан 2003-2004 жылы туылған жасөспірімдер арасындағы оңтүстік аймақтық чемпионаты басталған болатын. Спорт ардагері, жоғарғы санаттағы жаттықтырушы, аудандық бокс мектебінің бірінші директоры болған Құрманғали Қаршығабековты еске алуға арналған жарысты аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімі №31 ББЖСМ ұйымдастырды. Жарыстың салтанатты ашылу рәсімінде алғашқы болып сөз алған ауданның құрметті азаматы Қырықбай Көкірекбаев жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, талай саңлақтың бағын ашқан Құрманғали Райымқұлұлының ағасы Сапарғали Қаршығабековке шапан жауып, сый-сияпатын табыс етті. Келесі кезекте сөз сөйлеген №30 Балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Сайфуддин Абдуманапов өз лебізін жекізді. - Еліміз егемендік алған жылдары бокстан ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы болған Серік Төлеубаев, Дамир Буданбеков, Кеңес Одағына еңбек сіңірген жаттықтырушы Юрий Цхай сынды білікті бапкерлердің ізін Құрманғали Қаршығабеков жалғаған болатын. Өмірін спортқа арнаған саңлақтың есімі ұмыт қалмай, оның есімімен осындай айтулы жарыстардың ұйымдастырылуы бізді қуантып отыр, - деді. Одан кейін, Шу қалалық мешітінің бас имамы Қуат Үріпбеков білікті бапкерге құран бағыштаған соң, біріншіліктің алғашқы жұбы рингке көтерілді. Осымен бесінші мәрте ұйымдастырылып отырған чемпионатқа Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарынан және Алматы қаласынан 150-ден аса жас боксшылар қатысты. Айта кетейік, жиырма салмақ дәрежесі бойынша сынға түскен спортшылардың арасында «спорт шеберлігіне үміткер» атағы сарапқа салынды. Төрт күнге жалғасқан бәсеке тартысқа толы болды. Әсіресе, ауыр салмақта сынға түскен спортшылардың жекпе-жегі жанкүйерлердің делебесін қоздырып, кешеннің ішіндегі көрермен қолдауынан құлақ тынды. Дәлірек айтқанда, 70 келіде рингке шыққан жамбылдық боксшы Азамат Асылбекұлы ақтық сынның алғашқы минутында-ақ қарсыласын нокаутқа түсіріп, жиналған  жұртшылыққа тамаша эпизод сыйлады. Сонымен қатар, Бегзат Пірәлі, Ильгар Салахов, Ислам Махашов, Жасұлан Әділханұлы, Еркін Жақсылық, Сұлтан Бабаханов және Талант Уралбаев сынды жамбылдық боксшылар өз салмақтарында жеңімпаз атанып, спорт шеберлігіне үміткер атағына қол жеткізді. Оған қоса, 38 келі салмақта өнер көрсеткен жерлесіміз Ильгар Салахов біріншіліктің «үздік боксшы» номинациясын жеңіп алды. Осылайша, 8 алтын, 6 күміс, 17 қола медальды қоржынға салған жамбылдықтар жалпы командалық көрсеткіш бойынша топ бастап, жанкүйерлерінің үмітін ақтай білді. Халықаралық дәрежедегі төреші және жарыстың бас төрешісі Валерий Томов та жамбылдық бокс мектебінің жоғары деңгейде екенін тілге тиек етіп, өзінің оң бағасын берді. Сондай-ақ, жарыстың құрметті қонағы, Қазақстанның бес дүркін жеңімпазы және Азия чемпионы, Әлем Кубогінің иегері қарағандылық Аркадий Топаев жас боксшылардың аяқ алысы жаман емес екенін айтады. - Алдымен, жарысты жоғары дәрежеде өткізген ұйымдастырушыларға алғыс айтқым келеді. Оңтүстік аймақтың біріншілігін Шу ауданында өткізуіміздің де өз себебі бар. Ондағы мақсат - ауылды жерлерден жас спортшыларды боксқа тарту болатын. Сол мақсатқа бір қадам болса да жақындаған секілдіміз. Олай дейтінім, бүгін көзге көрінбей жүрген көптеген жеткіншектің талантына тәнті болып, қызығушылық танытып отырмын. Болашақта осылардың арасынан олимпиада жеңімпаздары шығады деген сенімдемін, - дейді Аркадий Кемерханұлы.  

Ерғали ҚАРТАЙҒАН,

«Ақ жол»

Шу ауданы

Ұқсас жаңалықтар