БИЫЛ 28 ҰЙЫМ ЖЕКЕШЕЛЕНДІРІЛЕДІ

БИЫЛ 28 ҰЙЫМ ЖЕКЕШЕЛЕНДІРІЛЕДІ
ашық дереккөз
БИЫЛ 28 ҰЙЫМ ЖЕКЕШЕЛЕНДІРІЛЕДІ

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет арнайы бағдарлама аясында 2014-2016 жылдарға арналған жекешелендіру бойынша кешенді жоспар бекіткені мәлім. Осынау мемлекеттік маңызы бар науқан облысымызда қалай жүзеге асуда? Осы сұрақ төңірегінде облыс әкімдігінің қаржы басқармасы басшысының орынбасары Сәкен Уәшұлы Асатовқа бірер сұрақ қойған едік.

– Сәкен Уәшұлы, еліміз бойынша маңызды науқанды бастауға дайындық қалай жүргізілді?

– Ел-жұртқа белгілі жекешелендіру науқаны тыңнан басталған шара емес. Сонда да Үкімет арнайы кешенді жоспар бекітті. Осы жоспарға орай Қазақстандағы мемлекеттік компанияларға талдау жүргізіліп, мемлекет меншігіндегі мүлік пен активтер, ұлттық компания мен холдингтердің жайлары жалпыға бірдей сатылымға шығарылатын болды. Осы жолы да мемлекеттің, сонымен қатар, жекеменшік иесінің мүдделерін қорғайтын заң актілері қабылданып, мемлекеттік мүлікті басқару әдістемесінің негізі жасалды. Үкімет қабылдаған кешенді жоспар ең бірінші жеке сектордың дамуына жол ашады. – Облыста қанша ұйым бар, оның нешесі жекешелендіруге жатады? – 2014 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша 382 квазимемлекеттік сектор субъектілері (акционерлік қоғамдар, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, өндірістік кооперативтер, тағы басқа) тіркелген. Оның ішінде 79 мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын, 279 мемлекеттік коммуналдық қазынашылық кәсіпорын, мемлекеттің қатысуындағы 2 акционерлік қоғам және 22 жауапкершілігі шектеулі серіктестік бар. Облыс бойынша жекешелендірілетін, таратылатын және оңтайландырылатын барлығы 45 коммуналдық меншік субъектілері болса, оның 42-сі жекешелендіруге жатады. Біреуі қайта құрылса, екеуі таратылды. Жекешелендіруге жататын ұйымдарға негізінен аудандар мен қалалардағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жөніндегі кәсіпорындар, бұқаралық ақпарат құралдары, спорт және білім саласындағы бірқатар ұйымдар енгізілген. Коммуналдық меншік субъектілерінен биыл 28-і жекешелендіріледі, келер жылы – 6, ал, 2016 жылы – 8-і жекеге өтеді. Осыған орай облыстық әкімдіктің 2014 жылғы 9 маусымдағы «Жекешелендіруге жататын облыстық коммуналдық меншік ұйымдарының тізбесін бекіту туралы» қаулысы қабылданды. Осы алға қойылған міндеттерді орындау барысында жыл басынан бері облыстық қаржы басқармасы аудан және Тараз қаласы әкімдіктерімен бірлесе отырып, бірқатар жұмыс атқарды. – Нақты қандай жұмыстар екеніне тоқталсаңыз? – Үстіміздегі жылдың 19 наурызында облыстық қаржы басқармасының бұйрығымен облыстық «Ақ жол» газетінің редакциясы», облыстық «Знамя труда» газетінің редакциясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің 49, ал, «Арай» облыстық газетінің редакциясы» ЖШС-ның 39 пайыз жарғылық капиталындағы мемлекеттік қатысу үлестері «Тараз» «ӘКК» ҰҚ» акционерлік қоғамына берілді. Облыстық қаржы басқармасының 17 шілдедегі бұйрығымен «Арайдың» қалған 51 пайыз жарғылық капиталындағы мемлекеттік қатысу үлестері де жоғарыдағы акционерлік қоғамға берілді. Ал, қалған 10 пайыз мемлекеттік қатысу үлесі 2013 жылғы 24 желтоқсанында өткізілген сауда-саттықта «Салық тәртібі» газетінің редакциясы» ЖШС-на 532,4 мың теңгеге сатылған болатын. Сонымен қатар, ЖШС-ның мемлекеттік қатысу үлестерінің бір бөлігін сату жөнінде аудан, қала әкімдіктерінің 18 қаулысы қабылданып, сауда-саттыққа шығарылатын 17 ЖШС-ның мемлекеттік қатысу үлестеріне бағалау жүргізілді. – Таратылған құрылымдар туралы не айтасыз? – «Жамбыл облысы әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының «Талас толқыны» спорттық би клубы» КҚМК облыс әкімдігінің 2014 жылғы 3 сәуірдегі №107 және «Авангард» көпсалалық кинотеатр кәсіпорны» ЖШС Талас ауданы әкімдігінің 2014 жылғы 28 қаңтардағы №26 қаулысымен таратылды. – Тағы да қандай құрылымдар cауда-саттыққа шықты? – Тараз қаласы әкімдігінің «Орталық диспетчерлік қызмет» ЖШС-ның 10 пайыз мемлекеттік қатысу үлесін аукционға шығарып 256,0 мың теңгеге, «Қордай шамшырағы-Кордайский маяк» газетінің редакциясы» ЖШС-ның 49 пайыз мемлекеттік қатысу үлесі 3 762, 0 мың теңгеге, «Сарысу» газетінің редакциясы» ЖШС-ның 10 пайыз мемлекеттік қатысу үлесі 786,3 мың теңгеге, «Тараз» ӘКК» ҰҚ» акционерлік қоғамының еншілес «Асылдандыру Тараз» ЖШС-ның 100 пайыз мемлекеттік қатысу үлесі 15 632 мың теңгеге сатылды. – Кейінгі жекешелендірудің алғашқысы­нан қандай айырмашылықтары бар? – Жекешелендірудің екінші толқыны шеңберінде ашықтық пен жариялықты қамтамасыз ету мақсатында сауда-саттықтар электрондық түрде өткізілуде. Сонымен қатар, нысандарды сату жөніндегі хабарламалар міндетті түрде мерзімді бұқаралық ақпарат құралдарында және мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында жарияланады. Квазимемлекеттік сектор субъектілерін және мемлекеттің жылжымайтын мүлігін жекешелендіру жұмыстары бақылауға қойылып, облыс әкімдігінің қаулысымен бекітілген қосымша кестеге сәйкес жалғасатын болады.

Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар