«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ортақ Отан – Қазақстан!

Ортақ Отан – Қазақстан!
ашық дереккөз
Ортақ Отан – Қазақстан!

«Отаным десем ойыма, шалқыған шалқар көл түсер» деп Жамбыл бабамыз жырлағандай, әркімге өзінің мемлекеті – қымбат, елі – ардақты. Еліміз Тәуелсіздік алған соң, сырт елдегі бауырларымыздың Қазақстанға көше бастауының өзі – осыған дәлел. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дегенді де қазекем бекер айтпаған. «Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының құрылғанына 1 жыл толуына орай «Достық» үйінде «Ортақ Отан – Қазақстан» атты облыстық форум өтті.

Форум жұмысы «Дала даналары» атты деректі фильмді көпшілік назарына ұсынудан басталды. Онда Елбасы, еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 1992 жылы Алматыда дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы өткені, сол жиын барысында «Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі құрылғаны, Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің қазақ халқының ынтымағын арттырудағы өлшеусіз еңбектері, Қасымхан, Есімхан, Әз Тәукенің ел басқарудағы даналықтары көрсетілді. Мұнан соң іс-шараны М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры, «Әулиеата» қазақ этномәдени орталығының жетекшісі Махметғали Сарыбеков жүргізіп отырды. Ол 1992 жылы 28 қыркүйектегі алғашқы Құрылтайдан кейін әлем елдеріндегі қазақтар тарихи отанына қоныс аудара бастағанын, оларға Елбасының тапсырмасына сәйкес қолдау көрсетіліп, жағдай қарастырылғанын айта келе, облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбековаға сөз берді. Сұлушаш Сәтбекқызы кейінгі жылдарда қабылданған «Нұрлы көш» бағдарламасының нәтиже бергенін, облысымызға 57919 қандасымыз көшіп келгенін соңғы бір жылдың ішінде 700 қандасқа азаматтық берілгенін айтты. Сондай-ақ ол 2021 жылы қандастарымыздың тарихи отанына оралғанына 30 жыл толатынын, сырт елден қоныс аударған ағайынның барлық ауданда жемісті еңбек етіп жатқанын айтып, форум жұмысына сәттілік тіледі. Кейіннен «Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков сөз сөйледі. Біз бүгін әр қазақ үшін қымбат мәселе төңірегінде ой толғау үшін бас қосып отырмыз. Мен сіздердің облыспен көршілес Түлкібас ауданында 14 жыл қызмет атқардым. Сондықтан қасиетті Әулиеата, тарихи Тараз жері – маған қымбат. Әлемде 16 миллион қазақ бар. Оның 5 миллионнан астамы сыртта. Еліміз еркіндігін алғалы тарихи отанына қазақтардың бет түзей бастағаны өздеріңізге мәлім. Дегенмен әлі де шетелдерде жүрген қандастарымыз аз емес. Қытайда 2 миллион, Ресейде 1 миллион қазақ тұрады. Елбасының көрегендігімен Ресей-Қазақстан шекарасын шегендедік. Бес елге ортақ Каспий мәселесін де Нұрсұлтан Назарбаев үлкен даналықпен біздің мемлекеттің пайдасына қарай шешіп берді. Ресейде елші болып жүргенімде батыр Б.Момышұлына Мәскеу қаласында орта мектептің аты берілді. Ол – кезінде Бәукеңнің өзі қорғаған мектептердің бірі болатын, өте ескі екен. Соны жамбылдық кәсіпкер Арқабек Төлебаев күрделі жөндеуден өткізіп берді. Арқабек бүгінгі таңда біздің қоғамдық бірлестіктің облыстық филиалын басқарып отыр. Тәуелсіздік алғалы бергі көші-қон барысында шетелдерден елімізге 1 миллион қандасымыз келді. Қазір олардың саны екі миллионнан асты. Бүгінде ел халқы солтүстік өңірлерге қоныстандырылуда. Ол жақта көп жерлер босап қалды. Егемендікті алу қиын, ал оны сақтап қалу одан да қиын. Елбасы тарапынан бір миллион қандасымызды елге алып келу міндеті алға қойылып, дайындық жұмыстары жүргізілуде, – деді мемлекет және қоғам қайраткері Зауытбек Қауысбекұлы. «Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалы төрағасының орынбасары Әсембек Жұмабеков сөз сөйлеп, бір жыл ішінде атқарған жұмыстарын баяндады. Бүгінде аудандарда қандастардың жағдайы жаман емес. Сырттан оралған қандастарымыздың ішінде дүкен, цех, кәсіпорындар ашып, тірлігін дөңгелентіп отырғандар бар. Баяндамашы ауданда жүйелі түрде жиындар өткізіліп тұратынын, бірнеше ауданда қоғамдық филиалдар ашылғанын айтты. Енді әр ауданда ай сайын жиын өткізіліп, ол жерде қандастар мәселесі қозғалып тұрса деген ұсынысын да жеткізді. Мұнан соң Байзақ аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Сапар Қалмұратов өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы қуғын-сүргін, ашаршылық жылдарына тоқталып, сол жылдары біздің өңірден 121 мың адамның бас сауғалап шетел асқанын, сол кездегі сәбилердің 72, жеті жасқа дейінгі балалардың 60 пайызы аштықтан қырылғанын, сондай зұлмат болмағанда мемлекетіміздегі қазақтардың саны бүгінде 35 миллионға жетуге мүмкіндігі болғанын өкінішпен баяндады. Сондай-ақ Тәуелсіздіктің ақ таңынан бері қандастар көші-қоны сәтті жүргізілгенін, олардың арасында Халифа Алтай, Мұстафа Өзтүрік, Майра Мұхамедқызы, Қанат Ислам, Бақыт Сәрсекбаев, Дәулеткерей Кәпұлы секілді танымал тұлғалар болғанын айта келіп, Байзақ ауданында 26 мың қандас тұратындығын айтты. Атап айтқанда медицина саласындағы 910 қызметкердің 300-і, білім саласындағы 2600 қызметкердің 780-і сырт мемлекеттерден оралған қандастар екен. Олардың ішінде кәсіпкерлікті жолға қойып, ауыл шаруашылығының дамуына үлес қосып жатқандары да бар. Мұнан соң бірқатар азаматтар «Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің, аталған бірлестіктің облыстық филиалының Құрмет грамотасымен және Алғыс хаттарымен марапатталды.

Есет Досалы

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар