«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

80 жыл - 80 дерек

80 жыл - 80 дерек
ашық дереккөз
80 жыл - 80 дерек
1. Жамбыл облысы Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының Жарлығымен 1939 жылы 14 қазанда құрылды. Қазақ тарихымен тамырлас көне Тараз жері, Жамбыл елі талай оқиғаны басынан өткізді. Бұл гүлденген мемлекеттердің орталығы, алтын бесігі болған өлке үшін елеулі оқиға екені анық. Шын мәнінде талай тарихи оқиғаларды басынан өткізген өлке 1939 жылдан кейін дамудың жаңа жолына түсті. *** 2. Облыс құрылған жылы Жамбыл өңірінде 10 аудан, 1 қалада 320390 адам тұрған. Облыс құрамында Жамбыл қаласы және Жамбыл, Талас, Свердлов, Меркі, Луговой, Сарысу аудандары Оңтүстік Қазақстан облысынан, Шу, Қордай және Красногор ауданы Алматы облысынан берілді. Сонымен бірге жаңадан Көктерек ауданы құрылды. *** 3. 1939 жылғы санақтан кейін облыс аумағында 1154 елді мекен болған. Олардың төртеуі қала үлгісінде. Жамбыл қаласын қоспағанда, Шу, Луговой және Меркі елді мекендері жұмысшы поселкесі деп есептелген. Осы елді мекендерде облыс халқының 30 пайызы тұрды. Облыс аумағында 588 815 гектар жер егін егуге жарайтын болса, 184 461 гектар шабындық. *** 4. Облыс құрылған жылы өндіріс орындары санаулы ғана болған. Облыста 63 мемлекеттік кәсіпорын, 13 артель жұмыс істеген. Өндіріс орындарының басым көпшілігі тамақ өнеркәсібі. Негізінен қант, спирт өндірген. Жамбыл қаласы мен Меркі поселкесінде екі қант зауыты жұмыс істеді. 1939 жылы Жамбыл қант зауыты 28 081 тонна қант өндірген. Ал Меркі қант зауытының көрсеткіші 800 центнерге жеткен. Жамбыл қаласындағы спирт зауыты тәулігіне 300 декалитр спирт өндірді. Облыс құрылған жылы Жамбыл қаласында тәулігіне 25 тонна нан өндіретін комбинат салынды. Шу ауданындағы Қосқұдық механикаландырылған орман шаруашылығы бір жылда 500 мың текше метр сексеуіл дайындаған. Облыста тамақ және тігін кәсіпорындарының үлесі – 21,2, тері өңдеу – 18, металл өңдеу – 17,7, құрылыс материалдарын шығару – 14,9 пайыз болған. Өндіріс орындары негізінен Жамбыл қаласында шоғырланған. *** 5. Егін шаруашылығы туралы айтқанда, 1939 жылы облыс диқандары 169 910 гектарға дәнді дақылдар ексе, 11 123 гектарға мақта, 8354 гектарға қант қызылшасы, 6076 гектарға көкөніс пен бақша дақылдары және 5617 гектарға өзге де техникалық дақылдар егілген. Сол жылдардағы құжаттарға назар аударсаңыз, облыс аумағындағы әртүрлі агроқұрылымдарда сиыр, қой-ешкі, жылқы, шошқа өсірілген, есекті де малдың есебіне қосты. Облыс құрылған жылдан бастап совхоз шаруашылықтары агроқұрылымдардың бір саласына айнала бастады. Сол кезде облыста 12 совхоз ұйымдастырылды. Олар әртүрлі құрылымдарға бағынышты болғанымен облыста ауыл шаруашылығын дамытуға үлес қосты. Жамбыл және Луговой аудандарында № 49 және № 97 жылқы зауыттары өңірде асыл тұқымды жылқының көбеюіне ықпал жасады. Оның бірі – Ахалтеке тұқымдас жылқысын, ал, екіншісі – Дон жылқысын өсірді. *** 6. 1940 жылдың 3-7 наурызы аралығында өткен облыстық партия комитетінің бірінші конференциясынан кейін ұйымдық пленумда Жамбыл облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып Михаил Игнатьевич Ткаченко сайланды. Облыстық советі атқару комитетінің алғашқы төрағасы болып Осман Ғалиұлы Жұмағұлов сайланды. Осы азаматтар облыста биліктің ырғақты, бір қалыпты, мақсатты жұмыс істеуіне көп еңбек сіңірді. Жамбыл қаласында тұрғын үй жетіспеді. Сондықтан да келген мамандар мен қызметкерлерді үймен қамтамасыз етудің түйінді мәселелерін шешуге тура келді. Облыс экономикасында көптеген қиындықтар бар болатын. Қала мәдениеті қалыптаспаған еді. Тұрмыстық қызмет көрсететін мекемелер жоқтың-қасы. Өнеркәсіп орындарының бюджетке үлесі мардымсыз болатын. Ауылдағы тұрмыс өте ауыр, егіншілік мәдениеті қалыптаспаған, техника жетіспейтін. Міне, осы проблемалардың бәрін шешуде олар жанқиярлықпен еңбек етті. *** 7. Жамбыл облысының 80 жылдық тарихында облысты 19 басшы басқарған. *** 8. 1940 жылы 1939 жылмен салыстырғанда ішкі жалпы өнім мемлекеттік өнеркәсіп орындары бойынша 18,7 пайызға және өнеркәсіп кооперациялары бойынша 24,8 пайызға өсті. Негізгі өсім жергілікті жерлерде құрылыс материалдарын шығару арқылы жүзеге асты. Атап айтқанда, 1939 жылы 211 тонна әк өндірілсе, бұл көрсеткіш 1940 жылы 1900 тоннаға жеткізілді. Күйген қызыл кірпіш шығару 3353 мың данадан 8200 мың данаға дейін көбейді. *** 9. 1940 жылы өнеркәсіп орындарында еңбек ететіндердің саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 12,4 пайызға, еңбек өнімділігі 9 пайызға артты. Сонымен бірге мемлекеттік кәсіпорындарда жалақы қоры 13,7 пайызға, өнеркәсіп кооперациясында 9 пайызға көбейді. *** 10. Өнеркәсіп кәсіпорындарында күрделі құрылыстың көлемі 3361,4 мың рубльге жетіп, халық шаруашылығының негізгі салаларында көптеген құрылыс жұмыстары атқарылды. Бұл саладағы ең күрделі құрылыс Жамбыл қаласындағы спирт зауытында жобалық құны 450 мың рубль болатын ликер цехын салу. Деректерді жинақтаған Мақұлбек Рысдәулет, өңдеген облыстық архивтің қызметкері Назым Қожамарова.

Ұқсас жаңалықтар