Еңбек және сыбайлас жемқорлық заңнамаларында «сыбайлас жемқорлық сипатында қылмыс жасаған адам әрі қарай мемлекеттік немесе азаматтық қызметке басқару функцияларын орындаумен байланысты лауазымға қабылданбайды» деп көрсетілген. Қазіргі кезде сыбайластық әрекеттерге жол берген маманды ғана емес, жұмыс берушіні де тиісті жауапкершілікке тарту қарастырылған. Атап айтқанда, құқық бұзушыны жұмысқа қабылдағанға жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынады. Облыста сыбайластыққа жол бергені әрі сондай әрекеттерге барған маманды жұмысқа қабылдағаны үшін айыппұл төлеген басшылар бар ма? Осыны зерделеу мақсатында тиісті департамент өкілдері мониторинг жүргізді. Нәтижесінде Тараз қаласы мен Байзақ, Жамбыл, Талас, Сарысу, Қордай аудандарындағы 2000-нан аса басшының ішінде сыбайлас жемқорлыққа жол берген 11 тұлға лауазымды қызметті атқарып отырғаны анықталған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев айтты. Осы деректерге байланысты енді мекеме тарапынан бақылау қатаңдай түсетінін жеткізді. Бүгінде елімізде жемқорлық фактілерін азайтуға бағытталған реформалардың жаңа пакеттерін дайындау бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. «Оның бірі – заңнамамен парасаттылықты тексеретін Integrity Check институтын енгізу міндеті. Бұл дегеніміз – құқық қорғау және бақылау-қадағалау органдарының қызметкерлеріне қатысты ерекше өндіріс аясында (құпия әдістермен) және соттың санкциясымен қатаң түрде жүргізілетін қызметтік тексерістің аналогы», – деді спикер. Демек, тестіленуші, қарапайым тілде айтсақ, тексерілуші пара және басқа да пайда мен артықшылықтар алуға келісімін білдірген жағдайда, жұмыстан босатылады екен. Бұған қоса, үш жыл бойы мемлекеттік лауазымдардан да шеттетіледі. Жаңа талаптарға байланысты департамент қызметкерлері сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер және мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінің талаптары негізінде Парасаттылық шектеулерін сақтау келісімін әзірлепті. Оған келіскен қызметкер адалдық пен әділдікті, қарапайымдылықты, жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын сақтауға, азаматтармен және әріптестерімен қарым-қатынаста сыпайылық пен әдептілік танытуға міндетті. Жұмыс уақытында олар автокөлік (2900 АЕК), сырт киім (500 АЕК), сағат, бағалы заттар және аксессуарлар (100 АЕК) сияқты қымбат заттарды да пайдаланбауы тиіс екен. «Еңбеккер қызмет барысында қандай да бір азамат тарапынан сыйлық, пара ұсынуға байланысты адалдықтың тексеруіне өз рұқсатын береді. Егер парасаттылық тексеруінің нәтижесі бойынша сыйлық немесе пара алуға келіскен жағдайда, онда тәртіптік, соның ішінде қызметінен босатуға дейінгі жауапкершілікке тартылады», – деді Равиль Төлебаев. Көлік демекші, биыл жыл басынан бері автомобиль жолдарында жемқорлық көріністерінің алдын алу және қызметтік автокөліктерді жұмыстан тыс уақытта пайдалануды болдырмау мақсатында осы мекеменің мамандары облыстық полиция департаментінің патрульдік полиция батальонымен бірлесіп, 14 рейдтік іс-шара өткізіпті. Тексерістер барысында 16 азамат түрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Олардың қатарында аудан әкімінің орынбасары, шаруашылық меңгерушісі, жүргізушілер де бар. Мысалы, 11 қазан күнгі жүргізілген рейд кезінде сағат 22.00-де Тараз қаласында Абай көшесі бойынан Сарысу ауданы әкімдігіне тиесілі «KIA» маркалы автокөлікті тоқтатқан жүргізуші заң бұзғанын қаперге де алмай, сол мезетте тығырықтан шықпақ болып пара ұсынған. Осындай жайттарға байланысты департамент бұл бағыттағы жұмысты одан әрі күшейтпек ниетте. Биыл аталған агенттіктің бастамасымен ата-аналардың мектепке бөлінген қаражатты көруіне мүмкіндік беретін жоба іске қосылғаны белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай әзірленген «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» мемлекеттік органдар жұмысының ашықтығын, ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған. Жоба мемлекеттік мекемелердегі бюджет қаражатының жалпы сомасын ғана жариялап қана қоймай, қанша қаражаттың қандай мақсатта және қашан жұмсалғандығы туралы егжей-тегжейлі деректерді жұртшылыққа жария түрде ұсынып отырмақ. – Бүгінгі күні облыстағы жергілікті атқарушы органдар өздеріне бағынысты мектептер, балабақшалар, емханалар, ауруханалар мен орталықтар тәрізді 900 мекеменің бюджеттері туралы мәліметтерді картаға толық енгізді. Соның арқасында ата-ана мектептің жөндеу жұмыстарына жоспарланған қаржыны не үшін жинап жатқанын біле алады. Картада азаматтарға әрбір сыныпқа қарастырылған құрылыс заттары, жөндеу жұмыстары, кеңселік тауарлар және жұмыстың аяқталу мерзімі мен көлемінің беймәлімдігі тәрізді жайттар ашық көрсетіледі. Ол үшін https://publicbudget.kz порталына кіруге болады, – дейді баяндамашы. Артықшылығы көп «Ашық бюджеттердің интерактивті картасының» тағы бір ерекшелігі – ол жұмсалып жатқан қаражат сомасын автоматты түрде талдап, ұқсас объектілермен салыстырып отырады. Спикердің сөзіне сенсек, карта ресурсы биыл жыл соңына дейін еліміздің барлық өңіріне енгізіледі.
Альмира Омарова
Ұқсас жаңалықтар
Тараздық Нұрсұлтан туған күнінде таңдау жасады
- 6 қазан, 2024
Қордайлық ақсақалдар дауыс берді
- 6 қазан, 2024
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді