Қоршаған ортаны күту мен қорғау жұмыстарын ширатуды тапсырды
- author «Ақ жол»
- 29 қазан, 2019
- 205
Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен өткен жиында облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының өткен 9 айында атқарған жұмысы тыңдалды. Басқарма басшысының міндетін атқарушы Айбар Әділбақов есеп берді.
Оның айтуынша, тұрмыстық қатты қалдықтардың кәдеге жарату үлесі (Тараз қаласын қоспағанда) 7,8 пайызды құраған. Бүгінде Тараз қаласы мен аудандарда 18 мекеме күл-қоқыс шығарумен айналысып келеді. Оның 6-ауы Тараз қаласында, 12-сі аудандарда жұмыс істеуде. Облыс әкімдігі тарапынан жүргізілген зерделеу жұмыстарының барысында көктемгі екі айлық кезінде өңірімізде 365 кездейсоқ тасталған күл-қоқыс орындары анықталған еді. Бүгінде оның 52-сі әлі күнге жойылмаған. Ал күзгі екі айлық барысында мұндай тағы да 294 кездейсоқ тасталған күл-қоқыс орны қосымша шығып отыр. Жалпы, өңірімізде 159 қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын орын бар екен. Ол облыстағы 359 елді мекенге қызмет көрсетеді. Ал аудан орталығы мен қалада күл-қоқыс шығару үшін аулаларға 3510 дана қоқыс жәшігі орнатылған. Ол тазалық жұмысын толыққанды атқаруға жеткіліксіз болып тұр. Бұдан бөлек, жиында «Жасыл белдеу» бойынша атқарылған жұмыс барысы да қаралды. Биыл басқарма тарапынан 150 гектар алқапқа тал-дарақ отырғызу жоспарланыпты. Оның 71 гектарына көктемде тал-дарақтар отырғызылса, күзде 34,4 гектары игерілген. Қазір қосымша 21 гектар жер қала аумағынан қарастырылған. Қараша айында ол араға да ағаш көшеті отырғызылмақ. Жиын барысында өңір басшысы тазалық бойынша басқарманың жұмысын қатты сынға алды. «Қоқысқа қатысты қарапайым дүниені айттық. Қалада біз күл-қоқысты шығаруды жолға қойдық па? Қаладағы қоқыс жәшіктері жетіспейді. Қанша қоқыс жәшігі, қанша техника керек? Мұның есебін жүргізген кім бар? Қай жерге барсаң да қаланың қақ ортасынан аузы-мұрнынан шығып, айналасы шашылып жатқан қоқыс жәшігін көресің. Әлеуметтік желіні ашып қалсаң да осыны жалықпай жариялап жатады. Ал сен келіп тұрмыстық қалдықтарды шығаруды есебіңде қанттай етіп орындап қойғансың. Аудандардағы жағдай анау. Өткенде аудандарды аралағанда соның барлығын шұқып тұрып көрсеттік. Осыдан кейін сенің есебіңе кім сенеді? Мұны қалай түсіндіресің?», – деп Асқар Исабекұлы басқарма басшысы міндетін атқарушысын сұрақ астына алды. Сонымен қатар тал-дарақтар отырғызу бойынша да ескертулер мен сындар айтылды. Сондай-ақ, жиында орман қорының қорғалуы, өртпен күрестің барысы да назардан тыс қалмады. Қаскерлермен (браконьерлер) жүргізілген күрес барысы да талқыланды. Аталған мерзімде орманшы-қорықшы және полиция өкілдерінің қатысуымен жүргізілген рейд барысында 294 заңбұзушылық анықталып, хаттамалар толтырылып, 3509,4 мың теңге айыппұл салыныпты. Ал мемлекеттік орман қоры, аңшылық алқаптардың, балық шаруашылығы су айдындарының және қорғалудағы резервтік учаскелер қоры аумағында жануарлар дүниесін қорғау мақсатында 418 рейд жүргізіліп, 123 хаттама толтырылып, 110 заң бұзушы 1735,6 мың теңге айыппұл арқалаған. Жиын қорытындысында олқылықтарға жол берген жауапты тұлғаларға шара қолдануды қарауды ұсынып, жұмысты жандандыру бойынша тапсырмалар берді. Аймақ басшысы жыл қорытындысымен қабылданатын шаралар қатаң болатынын да ескертті.
Марат Құлибаев
Ұқсас жаңалықтар
Тараздық Нұрсұлтан туған күнінде таңдау жасады
- 6 қазан, 2024
Қордайлық ақсақалдар дауыс берді
- 6 қазан, 2024
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді