Таяуда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Үкіметтің, «Nur Otan» партиясы мен оның Парламент Мәжілісіндегі фракциясының мүшелері қатысқан кеңес өткен болатын. Кеңесте «Қазақстан – 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» сайлауалды бағдарламасының орындалу барысы мен «100 нақты қадам» – Ұлт Жоспары қаралды. Мемлекетіміздің келешектегі дамуы жағдайына талдау жасаған кеңес жұмысына риза болдым. Себебі соңғы уақытта ел ішінде әлеуметтік жағдайға қатысты әртүрлі пікір айтылуда. Көңілді алаңдатқан сұрақтардың арасында шетін мәселелер де аз емес. Әйтсе де атқарылып жатқан ұлан-ғайыр тірлік көп. Соны білместікпен, не хабарсыз болып, дер кезінде құлақтанып отырмағандықтан, кейбіреулер ақиқаттың ауылынан алыс дабыра әңгіме жасап, арагідік игі жақсылықтарға атүсті қараушылық пиғылдар да қылаң бере бастады. Адалына келсек, елімізде халықтың әл-ауқатын арттыру үшін көптеген ірі жобалар жүзеге асырылды. Экономикалық тиімділікке қол жеткізетін бағдарламалар қолға алынды. Әлеуметтік әділдікті қоғамның барлық мүшелеріне бірдей орнату арқылы тұрақтылық пен бірлікке тән тиянақтылық қалыптаса түсті. Бұл арада барлық бастамалар, әлбетте, тұтас халықтың сенімі мен қолдауына ие болуына «Nur Otan» партиясының айрықша ықпал еткенін айтуға тиіспіз. Дей тұрғанмен уақыт бір орнында тұрмайды. Елбасы атап өткендей, ең бастысы, халыққа берген уәде орындалуы тиіс. Сайлауалды бағдарламаның және «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының орындалу нәтижелеріне тоқталсақ, сол кеңесте айтылғандай, үш жарым жылдың ішінде 430 мыңнан аса жұмыс орны пайда болып, 2,7 мың шақырым жол салынды. Еуразия құрлықаралық дәлізі іске қосылды. Елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 28 пайызға жетті. Бір жыл ішінде біз «Doing Business» рейтингісінде 8 позицияға ілгерілеп, 28-орынға көтерілдік. Бұл аз жетістік емес, әрине. Жеңіске жеткен партияның сайлауалды бағдарламасының Үкіметтің бес жылдық қызметінің негізін құрап отыр. Осының өзі халық пен биліктің тығыз қарым-қатынасының өлшемі десек те болады. Бұның бәрі партияның Мәжілістегі фракциясы мүшелерінің жұмысына да қатысты екенін ескерсек, біздің депутаттарға жүктелер жауапкершілік тіпті жеңіл емес. Бұған дейін мәжілісмендер алдында ауқымды міндеттер қойылып, өздеріне сенім білдіріп, сайлаған адамдардың мұң-мұқтажын шешуге, өңірлерде қандай да бір түйіні көп, қордаланған сұрақтар бар, соның бәріне де оң ықпал жасауы қажет болатын. Стратегиялық бағыт-бағдар тағы бар. Енді халық қалаулылары әртүрлі әлеуметтік топтардың мүдделерін ескеріп, көпшіліктің талап-тілегіне құр әншейін құрғақ уәде беріп қоймай, нақпа-нақ шешуде көшбасшылық, тұлғалық деңгейін көрсетуі керек. Ал ол қоғамдық ортада мойындалып, құрметтелуі тиіс деген пікірдеміз. Негізі Елбасы ашығын айтып отыр. Партияның рейтингі барлық деңгейдегі депутаттар жұмыстарының нәтижесінде қалыптасады. Тек Мәжілісте емес, жергілікті депутаттардың қызметі де мәслихат сессиясына барып қайтумен немесе қоғамдық-саяси ортада жиынға қатысушы ретінде анда-санда көріне қалатын қалыпқа да, әдетке де енді сыймайды. Абырой-бедел тек адалдық пен әділдік секілді мемлекетшілік қасиеттері көзге ұрып тұрған тұлғаларға ғана тән. Мәселен, өңірді дамыту бағдарламаларына депутаттар қалай атсалысып отыр? деген сауалға жауап іздеп көрелік. Елбасы өңірлерді дамыту бағдарламаларының ойдағыдай деңгейде жүзеге аспай отырғанын және олардың орындалуы тиісті деңгейде қадағаланып отырмағанын айтты. Кейбір тармақтар мүлдем орындалмай қалған кездері де бар екен. Міне, осы түйткілдерге байланысты партиялық тыңдауды ұйымдастырылуы және барлық деңгейде солай болуы керек. Бұл саяси партия жұмысының бұқаралық және мазмұндық бақылау сипатын да көрсетеді. Осыған байланысты Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2020 жылдың 1 наурызына дейін әр аудан, қала және облыс үшін аумақтық даму бағдарламаларын әзірлеуді тапсырды. «Nur Otan» партиясы депутаттар фракциясы мүшелері үшін бұл біліктілік пен білімділік, ел жағдайын жете түсіне алатын азаматтық қайраткерлігіне де сын болғалы тұр. Өзекті мәселе бойынша бастамалар неге мәслихат депутаттары тарапынан көтерілмейді? Алысқа бармай-ақ қоялық, бұл күндері облыс әкімі, партияның өңірлік филиалының төрағасы Асқар Мырзахметов бастама көтеріп, ауыл адамдарының табысын еселеп арттыруды көздеген қанатқақты жобасына Үкімет қолдау білдіруде. Жоба әр ауданда бір-бір ауылда қолға алынып, оған 7,2 миллиард теңге қаржы бөлді. Ал осы жобаның іске асуын мәслихат депутаттары өз алдына бақылауда ұстап, ықпал етуі керек деп ойладыңыз ба?! Осындай тақылеттес сұрақтар біздің әріптестерімізге қозғау салуы тиіс деген ойдамыз. Депутаттар өңірге жұмыс сапарлары кезінде бұл бастаманың жүзеге асырылу барысын назардан тыс қалдырмауы керек. Біз жергілікті жерде, партияның қоғамдық қабылдауын тұрақты ұйымдастырып отыруымыз қажет. Әрі әр ауданда да мекеменің бірінші басшысының қатысуын қамтамасыз етуге тиіспіз. Барлық деңгейдегі депутаттар облыс орталығынан алыс Сарысу, Талас, Мойынқұм, Шу аудандарының шалғайдағы елді мекендерінде қарапайым өмір сүріп отырған, нәсібін бейнетпен тапқан шаруақор ағайындардың мәселелеріне көңіл бөліп отыруы керек. Бұл бағытта біздің жинақтаған өз тәжірибеміз бар. Мәселен «Nur Otan» партиясының облыстық мәслихаттағы депутаттар фракциясы жанындағы «Әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамыту бағыты бойынша комиссия «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға Ұлттық қордан және бюджеттен бөлінетін қаражаттың тиімді жұмсалуын ұдайы бақылауда ұстап, қадағалау жұмыстарын жүргізді. Жүйелі жұмыс барысында комиссияның әрбір мүшесі мемлекет қаржысының тиынына дейін мақсатты жұмсалуына бақылау орнатудың қандай жауапкершілік екенін сезінді әрі сол талап биігінен көріне білді. Депутаттар – партияның діңгегі, белсенді электораттың негізі. Бізге партия арқылы өкілеттіктер берілді. Ендеше біз азаматтардың мәселелерін шешуге белсенді араласуымыз қажет. Сайлаушылар өздері сайлаған депутаттарын сабылып іздемеуі керек деп бір-бірімізді қамшылайтын уақыт әлдеқашан келген. Жалпы қанша уақыттан бері «Nur Otan» партиясының көшбасшылығын сақтап қалуының сыры – оның татулық пен тұрақтылыққа, елдік пен жасампаздыққа жетелейтін саяси күш болғандығында. Сондықтан елордада өткен кеңесте Елбасының айтқан ұсыныстары өте орынды деп санаймын. Қоғам дамуына тірек болуға тиісті міндеттер сараланды. Енді оны орындаудың саяси маңызын түсінуіміз керек. Бұл ел-жұрттың көкейіндегі барлық мәселенің аражігін де, жан-жақты мән-маңызын да айрықша еске салған жиын болды. Ауызбірлікпен жұмыс істеуімізге жол сілтеді. Себебі тұрақты даму мен келешекке жол бастаған мемлекеттік саясатты жүзеге асыру – елдің жетекші саяси партиясының міндеті. Бұл елдік тірліктер сөз жоқ, өзінің берекелі нәтижесін береді. Партия алдында қоғамды ортақ мүддеге жұмылдыру партия атынан сайланған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың маңайына элитаны топтастыру міндеті тұр. Елбасы осыны атап айтты.
Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН, «Nur Otan» партиясының облыстық мәслихаттағы депутаттық фракциясы жанындағы «Әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамыту» бағыты бойынша комиссия төрағасы.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді