Жоғары көрсеткішке жетуді көздесең... жақсы кадр таңда

Жоғары көрсеткішке  жетуді көздесең...  жақсы кадр таңда
ашық дереккөз
Жоғары көрсеткішке жетуді көздесең... жақсы кадр таңда

Білім беру мәселесі қанша рет талқыланса да, өзектілігін жоймайтыны анық. Мектепке дейінгі тәрбие, орта білім, жастарға дұрыс бағдар беру, яғни, кәсіби-техникалық оқыту, жоғары білім... Бір сөзбен айтқанда, бұл сатылы түрде жалғасып, үздіксіз жаңарып отыратын жүйе. Сала қызметкерлеріне жүктейтін міндеттер де көп. М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің бас корпусында өткен өңір педагогтарының кезекті тамыз кеңесінде облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев осыны баса айтты.

7 9

Жаңа білім ошақтары көбеюде

Облыстық білім басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекова өткен оқу жылындағы жетістіктер мен жіберілген кемшіліктерді саралап айтып, жаңа оқу жылында атқарылатын жұмыстар мен міндеттемелерді көпшілік талқысына салды. Өңірдің бас педагогының сөзіне сүйенсек, биыл бірде-бір өңірге балабақша салуға республикалық бюджеттен қаржы қарастырылмаса, аймақ басшысы Кәрім Көкірекбаевтың тікелей ықпалымен 4 мектепке дейінгі мекеме мен апатты жағдайдағы бір мектептің құрылысына қажетті қаражат бөлінген екен. Сондай-ақ, Меркі ауданындағы бірнеше жыл бойы көтеріліп келе жатқан №9 Савва атындағы орта мектептің мәселесі де осы жылы шешімін тауыпты. Бүгінде 600 орындық жаңа мектептің жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өткізілсе, бастауыш сыныптар оқитын ғимаратты күрделі жөндеуге 198 миллион теңге қаржы бөлініпті. Өңірде мұғалім мәртебесін көтеру мақсатында қолға алынған шаралар және білім мекемелерінің материалдық-техникалық әлеуетін көтеру бағытында жасалып жатқан жұмыстар сала ісіне серпін беруде. Жыл сайын саланы қаржыландыру көлемі көбейіп, апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептер мәселелерін шешу үшін, балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен толық қамту мақсатында жаңа нысандар құрылысы қарқынды жүруде. Оқушыларды оқулықтармен қамтуға, модификациялық кабинеттерді жабдықтауға жеткілікті мөлшерде қаржы бөлініп келеді. Жиында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев алдағы уақытта да осы бағытта жұмыстар жалғасын табатынын айта келе: «Облыста бүгінгі күнге дейін 2 мектеп, 1 балабақша пайдалануға берілді. 27 нысанның құрылысы жалғасуда. Оның 15-і осы жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі. Жалпы, өткен жылдың 1 қыркүйегінен бүгінгі күнге дейін 9 мектеп жаңадан салынып, апатты жағдайдағы 7 мектептің, үш ауысымды 1 мектептің, орын тапшылығы бар 1 мектептің мәселесі шешімін тапты», – деді. Сонымен қатар, өңір басшысы өз сөзінде биыл облыста мемлекеттік «Балапан» бағдарламасын жүзеге асыруға 4,2 миллиард теңге бөлінгенін, аталған бағдарлама шеңберінде осы күнге дейін 10 балабақша салынса, жыл соңына дейін 7 балабақша пайдалануға берілетінін айтып өтті. Мәліметке сүйенсек, 2010 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін 75 балабақша, 135 шағын орталық ашылып, 20 мыңнан астам бала мектепке дейінгі тәрбиемен қамтыпты. Бірақ, балабақшалар желісі өскенімен, кезекте тұрған балалар саны азайған жоқ. Бүгінде балабақша кезегінде 34 мыңнан астам бала тұрса, оның 63 пайызы тараздық бүлдіршіндер көрінеді. Облыс әкімі балабақшамен қамту көрсеткіші Жамбыл, Меркі, Т.Рысқұлов, Қордай, Шу аудандарында төмен екенін атап көрсетіп, тиісті тапсырмалар берді.

Жетістік те көп, кемшіліктер де баршылық

Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысын қоспасақ, облыс ұстаздары мен оқушылары үшін өткен оқу жылы аса жаман бола қойған жоқ. Республикалық «Үздік педагог», «Ең үздік жыл психологы», «Үздік авторлық бағдарлама», «Жыл әдіскері» тағы да өзге байқаулар мен олимпиадалардан 75 педагог жүлде олжаласа, оқушылар халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарға қатысып, зор табысқа кенелді. Дарынды жастардың биылғы халықаралық білім додаларынан еншілеген жүлде саны – 71. Оның 20-сы алтын, 22-сі күміс, 29-ы қола. Ал республикалық деңгейдегі олимпиадалардың нәтижесі бойынша 47 оқушы жүлдегер болып танылды. Сөйтіп, облыс командасы «Ең үздік команда» атағын қорғап қалды. Облыс оқушылары білім додаларындағы жетістіктерімен қуантқанымен, ұлттық бірыңғай тестілеудегі нәтижесі бойынша жерге қаратты. Оқыту үдерісіндегі барлық еңбек ҰБТ қорытындысымен өлшенбейді десек те, тестілеу қорытындысы жалпы көрсеткішке әсер етпей қоймайды. Биыл өңірімізде 6683 мектеп бітіруші ҰБТ-ға қатысып, орташа балл 72,4-ті құрағаны мәлім. Білім және ғылым министрлігінің білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті төрағасының орынбасары Темірғали Әбілмәжінов облыс өткен жылғы жетістігін қайталай алмағанын, керісінше, 75,2 балдан 72,4-ке төмендегенін айтып өтті. Басқарма басшысының айтуынша, ҰБТ қорытындысы бойынша саралау жұмыстары жүргізіліпті. Нәтиженің төмендеуіне себеп болған жағдай – тиісті дайындық жұмыстарының жүргізілмеуі және бақылаудың аздығы көрінеді. Облыс әкімі тестілеуде ең төмен көрсеткіш көрсеткен Т. Рысқұлов ауданының білім бөлімінің басшысына кемшіліктерді назарға алып, жұмыс істеу керек екенін ескертті. Ал басқа мектеп басшыларына ұлттық бірыңғай тестілеуде он жылдан бері жоғары нәтижеге қол жеткізіп келе жатқан Тараз қаласындағы Б. Момышұлы атындағы №45 классикалық гимназияның директорымен тәжірибе алмасуды тапсырды. «Жаңа Айша Бердешқызынан ҰБТ-дағы жетістіктерінің сырын сұрадым. Сөйтсем, бұл мектептің балаларды оқытудың ешқандай құпия тәсілі жоқ екен. Бұл кісі «сапаға қол жеткізу үшін білікті кадр таңдап алу қажет» дейді. Сонда басқа білім ошақтарының басшылары жақсы маман таңдай алмай ма?», – деді Кәрім Нәсбекұлы. Облыс басшысы ҰБТ-ға дайындықты зерделеу барысында 96 мектеп директоры өзінің лауазымдық міндеттеріне сәйкес оқу процесіне басшылық пен бақылауды дұрыс жүргізбегенін, сәуір айында өткізілген тренинг-тестілеуге қатысқан 607 білім меке­месінің басшысы көңіл қуантарлық нәтиже көрсетпегенін айта келе, мектеп директорлары арасында жылына 2 рет тренинг-тестілеу өткізуді тапсырды. Аудан әкімдері мен білім бөлімдерінің басшыларына қысқа дайындық мәселесін назардан тыс қалдырмау керектігін, мектептері жоқ елді мекендерден тасымалда­нып оқытылатын оқушылардың қауіпсіздігін сақтау үшін көліктердің техникалық жағдайын тексеруді, ескі автобустардың орнына жаңасын алу қажет екенін ескертті. Аймақ басшысының тапсырмаларының бірі – еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлау. «Кәсіптік-техникалық оқу орындары өңір экономикасының ерекшеліктерін ескеруі керек. Облыста химия өнеркәсібі жақсы дамығаны белгілі. «ТаlasinvestCompani» , «Еврохим-Удобрения», «Тараз» химия паркі» деген өндіріс орындары үлкен жобаларды қолға алуда. Орта арнаулы оқу орындары аталған компанияларда жұмыс істейтін мамандарды даярлау мәселесін қазірден бастап ойлануы тиіс», – деді Кәрім Нәсбекұлы. Қазіргі таңда облыста 51 техникалық және кәсіптік білім мекемесінде 32320 студент 85 мамандық бойынша білім алуда. Оның 13500-і мемлекеттік тапсырыспен оқиды екен. 11 колледжде 19 мамандық бойынша дуальді оқыту жүйесі енгізілген. Оған 1521 білімгер тартылып, әлеуметтік серіктестермен 123 келісім-шарттар жасалған. Алдағы уақытта 23 колледжге 20 мамандық бойынша дуальді оқыту енгізілмек. Білім қызметкерлерінің тамыз кеңесі – мәжіліс қана емес. Бұл – жаңа педагогикалық стратегиялар, тың идеялар қозғалатын, өткен оқу жылындағы жетістіктер мен атқарылған жұмыстардың кемшін тұстары талқыланатын келелі жиын. Осы тұрғыдан алғанда педагогтардың биылғы басқосуы да көп нәрсені айқындап бергендей. Жиынға қатысушылардың пікірі де осыған саяды. Жанар Орынбаева, Жамбыл политехникалық колледжінің директоры: – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында техникалық және кәсіптік білім берудің ұлттық жүйесінің негізін қалыптастыру керектігін ерекше атап көрсетті. Дуальдік оқыту арқылы елімізге қажетті білікті мамандар даярлау мақсатында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында елеулі жұмыстар атқарылып келеді. Атал­ған жүйе бойынша озық индустриялды елдердің тәжірибесін үйрену мақсатында колледжіміздің 13 оқытушысы Германия, Англия, Финляндия, Сингапур сияқты елдерде біліктіліктерін арттырып келді. 2012-2013 оқу жылынан бастап 5 мамандық бойынша дуальдік оқыту енгіздік. Материалдық-техникалық базаның жаңаруы кәсіби білікті мамандар даярлауға тікелей әсер ететіні сөзсіз. Теориядан гөрі тәжірибеге басымдық беріп отырғандықтан, бүгінде өндіріс орындарымен әлеуметтік әріптестікті өрістетіп отырмыз. Нәтижесінде мамандар даярлаудың кәсіби деңгейі артып, түлектердің жұмыспен қамтылуы жоғарылап отыр. Білім мен тәрбие барлық уақытта оң өзгерісті, тың ізденісті қажет етеді. Сондықтан, бұл бағыттағы жүйелі жұмыстарымыз жаңа оқу жылында да жалғасын табатын болады. Айжан Иманова, Шу аудандық М.Мақатаев атындағы тірек мектебінің директоры, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісінің иегері: – Мен бүгін қатты толқып тұрмын. Қуанышымда шек жоқ. Балаларды білім нәрімен сусындатып, осы салада еңбек етіп жүргеніме 40 жылға жуық уақыт өтіпті. Осы уақыт ішінде менің ең үлкен жетістігім де осы төсбелгіні кеудеме қадауым болып отыр. Бұл менің ғана емес, ұжым мүшелерінің де еңбектерінің еленгендігі деп ойлаймын. Мыңнан астам оқушысы бар мектепте 100-ден астам мұғалім еңбек етеді. Мұғалімдер авторлық бағдарламалармен жұмыс жасайды. 5 ауылдың шағын мектептерінің оқушылары келіп, бізде 60 күн бойы білім алады. Сондықтан, біз жыл бойына қызу жұмыс жүргізетін білім ошағына жатамыз. Біздің еңбегімізді елеп, осындай құрметке лайық деп тапқан басшылыққа алғысымызды айтамыз. Бізге жаңа мақсат, жаңа міндет жүктеп отырған жаңа оқу жылын ерекше екпінмен бастап жіберетін болдық. Иса Данат, облыстық дарынды ер балаларға арналған қазақ-түрік мектеп-интернатының түлегі, физика пәні бойынша 45-ші халықаралық олимпиадасының алтын медаль иегері: – Мен физика пәнінен халықаралық, республикалық олимпиадалардың 6 дүркін жеңімпазымын. Осы жеңісімнің нәтижесінде мен еліміздегі ең үздік жоғары оқу орны Назарбаев университетіне оқуға түстім. Өзім білім алған мектеп-интернат республикалық пән олимпиадаларындағы көрсеткішімен 6-шы жыл қатарынан үздік олимпиада мектебі аталып келеді. Жалпы, Жамбыл облысының дарынды оқушылары биыл халықаралық олимпиадаларда 70 медаль иеленсе, оның 20-сы алтын, 22-сі күміс, 28-і қола медаль. Осындай жетістіктерге біз талантты ұстаздарымыздың арқасында қол жеткіздік. Облыс басшысы бізге үлкен сенім артып, ақ жол тілеген еді. Біз осы үдеден шықтық деп зор мақтанышпен айта аламын. Біз Индонезия, Вьетнам, Тайвань, Қытай, Оңтүстік Африка және елордамыз Астана қаласында өткен әлем олимпиадаларында 9 медальді иеленіп, еліміздің көк байрағын көкте желбіреттік. Облысымыздың дарынды жастары атынан барша ұстаздарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаймын. Жаңа оқу жылы оқытушылар қауымы үшін табысты жыл болсын. Бір айта кететіні, облыстық дарынды ер балаларға арналған қазақ-түрік мектеп интернатын биыл 41 түлек бітірсе, соның 22-сі Назарбаев Университетіне оқуға түсіпті. Шәкірттерімен мақтанатын білім ошағы өткен оқу жылының қорытындысы бойынша «Орта білім беретін үздік ұйым» грантын жеңіп алды. Жиында К. Көкірекбаев аталған мектептің басшысына 15 973 000 теңгенің сертификатын тапсырды. Ал ҰБТ қорытындысымен республикадағы үздік 100 мектептің қатарына енген Тараз қаласындағы №45 классикалық гимназия мен облыстық дарынды қыздарға арналған қазақ-түрік мектеп интернатының басшылары бағалы сыйлыққа ие болды. Үздік ұстаздар да марапатсыз қалған жоқ. Бірқатар мұғалімдер облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталса, бірнешеуі «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Ы. Алтынсарин» төсбелгілерінің иегерлері атанды.

Ардақ Үсейінова, Гүлжан Рахман, «Ақ жол».

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар