Қоржынымызға бір күнде қос алтын, 1 қола түсті

Қоржынымызға бір күнде  қос алтын,  1 қола түсті
ашық дереккөз
Қоржынымызға бір күнде қос алтын, 1 қола түсті

Боксшы Абылайхан Жүсіпов пен еркін күрес шебері Мұхамбет Қуатбек жасөспірімдер олимпиадасының чемпионы атанды.

Нанкинде өтіп жатқан жасөспірімдер олимпиадасы еліміз үшін табысты жалғасып жатыр. Әсіресе, мамандар алтын күткен былғары қолғап шеберлері тиісті медальға қол жеткізді.

Жасөспірімдер олимпиадасына дейін әлем мен сары құрлықты ырқына көндіріп, өзінің шын шебер екенін дәлелдеген Абылайхан Жүсіповтен бұл додада алтын медаль күткеніміз жасырын емес. Ересектер арасындағы олимпиада чемпионы Серік Сәпиев: «Мен үміт күтетін боксшылардың бірі – осы Абылайхан Жүсіпов. Техникасы, рингтегі әккілігі, қарсыласын барлап барып, шабуылға ден қоятыны ұнайды. Алла қаласа осы жігіт – қазақ боксының болашағы» деген екен. Сол Жүсіпов елінің сенімін ақтады. Нанкин рингтерін жатсынбаған жас өрен қарсыластарының бәрінен басым болып, алтын жүлдені қанжығаға байлады. Шынын айту керек, Абылайханның басты қарсыласы румын Арсен Мустафа болатын. Хан Абылайдың есімін иеленген жерлесіміз негізгі қарсыласын алғашқы айналымда 3-0 есебімен тізе бүктірді. Осылайша 60 келі салмақта өзінің көшбасшы екенін көрсетті. Дәл осы жағдай өткен жылы Болгарияда өткен әлем біріншілігінің финалында қайталанған. Ол кезде де Жүсіпов Арсенге қарағанда алымды көрініп, болгар боксшысын еркін қимылдап жүріп жеңген-ді. Ал Нанкиндегі доданың жартылай финалында Абылайхан венгр Ричард Конниді тықсырды.

2 Финалдық кездесуде кубалық мықты боксшы Алаин Лимонтадан 2-1 есебімен басым болды. Жекпе-жек тартысты жағдайда өтті. Қос мықты бір-бірімен аңдысып жатпай, дереу шабуылға лап қойды. Абылайханның соққылары Лимонтаға қарағанда көбірек дарыды. Тікелей соққысы да, қапталдай бағыттаған оң қолы да кубалықтың басын дәл тауып жатты. Оны төрешілер де бақылап отырды. Дегенмен, қазылардың бірі кубалықтың басым болғанын белгілепті. Әйткенмен, қалған төрешілердің көзі түзу болып, жерлесіміз жеңіске лайық деп танылды.

Бозкілем бізге болысып тұр

Балуандарымыз да ерледі. Еркін күрестен 17 жасар қазақ балуаны Мұхамбет Қуатбек Нанкин төрінде атой салды. Әлбетте, оған жеребе жолдас болған жоқ дегенді айтқандар да ұшырасты. Алайда, ол ресейлік Амирхан Гуважоковты екі мәрте жер жастандырып, армениялық Вагинияк Магевосянды да сабасына түсірді. Ал австралиялық Врам Ричардс пен венесуелалық Элизар Ауларды, тіпті, уақытынан бұрын айқын басымдықпен жеңді. Оған финалдағы қарсыласы американдық Фикс Датон лайықты қарсылас бола білді. Қазақстандық балуанның әдісіне әдіспен жауап беріп отырды. Алайда, қарсыласына қарағанда бір ұпайды артық иеленген Мұхамбет Қуатбек 7-6 есебімен басым түсті. Осылайша, ол бапкерлер сенімін ақтады.

Казаковқа бұйырғаны – күміс

Жасөспірімдер олимпиадасының ақтық сынына шыққан тағы бір боксшымыз Вадим Казаков өкінішке қарай қарсыласынан ұтылып қалды. Финалға дейінгі жолда норвегиялық Вегар Трегрен, армян Марек Нарасянды ойқастап жүріп жеңген Вадим финалда өзіне ұқсамады. Ақтық сында болгарлық Благоя Найденовпен қолғап түйістірген Казаков шаршаңқы көрінді. Алғашқы раундтан қарсыласының еркін қимылдауына мүмкіндік беріп, оны еркін ойқастатты. Ұтымды сәтті ретімен пайдаланған болгар боксшысы соққыларын дарытып жатты. Ара-тұра жасаған қарсы шабуылдары мардымсыз көрінді. Екінші раундта Казаков психологиялық тұрғыдан дайын еместігі байқалды. Әлде қарсыласынан қаймықты ма екен? Үшінші кезеңде жеңісті жұлып алуға қанша тырысқанымен, бәрі кеш еді. Осылайша, ақтық сынға қиналмай шыққан 81 келі салмақтағы боксшымыз Вадим Казковқа бұйырғаны күміс медаль. Жасөспірімдер олимпиадасында қазақ спортшылары әзірге үш алтын иеленді. Олардың бірі дзюдошы Бауыржан Жауынтаевтың қанжығасында. Сондай-ақ, апта басында грек-рим күресінің шебері Евгений Поливадов қола жүлдені қанжығасына байлаған болатын. Ол үшінші орын үшін болған белдесуде алманиялық Каран Мосевахтан айласын асырып кетті. Сондай-ақ көркем гимнастикадан қатысып жатқан командамыз қола жүлде жеңіп алды.

Табиғат АБАИЛДАЕВ,

«Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар