Мәңгілік Ел болу үшін барлығын жасап жатырмыз

Мәңгілік Ел болу үшін  барлығын жасап жатырмыз
ашық дереккөз
Мәңгілік Ел болу үшін барлығын жасап жатырмыз

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев Ұлытау өңіріне сапары аясында Тәуелсіздік жылдарында алғаш салынып жатқан ғасырлық жоба ретінде танылған «Жезқазған-Бейнеу» мен «Арқалық-Шұбаркөл» темір жолының бірқатар телімдерін іске қоса отырып, «Хабар» Агенттігінің журналисі Ринат Думанұлымен сұхбат құрды. Елбасы емен-жарқын әңгіме барысында руханияттан бастап, саяси-экономика тақырыбы төңірегінде де ой қозғап, алашты алаңдатқан өзекті мәселелер жайында ойын ашық білдірді.

Еуразиялық экономикалық одақ құру – ол дұрыс таңдау

Сұхбат барысында Елбасы осылай деп мәлім етті. «Егер де шығарған өнімдерімізді, тауарларымызды біреу сатып алмайтын болса, ол сол күйінде қоймада қалады. Осыдан кейін зауыт тоқтап, жұмысшылардың барлығы жұмыстан босатылады. Жақын көршілермен экономикалық қарым-қатынас жасау маңдайымызға біткен. Мүмкіндігіміз осы және біздің басқа амалымыз жоқ. Сондықтан саяси емес, экономикалық одақ құру – ол дұрыс таңдау. Мен бұған зерттеген түрде, білген түрде шын көңіліммен барып отырмын. Біз Ресеймен және Қытаймен сауда-саттық жасамасақ болмайды. Сонымен қатар Беларусьпен, Украинамен, оңтүстіктегі ағайындармен де әрине, сауда жасағанымыз жөн. Кейбіреулерде «Ресей бізді басып алады» деген үрей бар. Бірақ олай емес. Мысалы, Қазақстан, Ресей, Беларусь елдерінің президенттері жиналып, талқылау жүргізген кезде біреуі қарсы болса, онда ешқандай мәселе шешілмейді. Егер де екеуінің шешімі маған жақпайтын болса, мен қарсылық танытамын және осы орайда олар шешім жасай алмайды. Сондықтан барлығының құқығы бірдей», – деді Президент. Мемлекет басшысы бұл тұрғыда келісімге сәйкес, Қазақстан келіспейтін мәселелер туындаса, еліміз одақтан шығып кетуге құқығы бар екендігін де қадап айтты. «Егер де Тәуелсіздікке нұқсан келтірілсе, ондай ұйымдарда Қазақстан ешуақытта да болмайды. Ата-бабамыздың қанымен, терімен келген Тәуелсіздікті біз біріншіден, ешкімге бере алмаймыз, екіншіден, қасық қанымыз қалғанша оны қорғауымыз керек», – деді Н.Назарбаев. Осы орайда Президент тығыз сауда жасайтын екі ел бір-бірінің тыныштығы мен бейбітшілігін қолдайтындығын, саясатына кіріспейтіндігін және жанжалдаспайтындығын атап өтті. «Сондықтан бұл жерде ешқандай да қорқатын, жасқанатын жағдай жоқ. Оның барлығын мен қарап отырмын. Қазақстанның Тәуелсіздігін қызғыштай қорғап жүрген қазақтың бірі мен ғой. Осы орайда елдің болашағына қарап отырған адаммын. Сондықтан бұған түсіністікпен қарау керек. Жай бос сөзді қою қажет!», – деп түйді Елбасы.

Санкциялық кедергілердің тікелей Қазақстанға қатысы жоқ

Әңгіме аясында Елбасы Дүниежүзілік Cауда Ұйымына кіру мәселесіне қатысты пікірін де ортаға салды. «Ресей мен Украина арасында осындай ахуал болады деп кім ойлаған? Әрине, біздің экономикалық одаққа оның кері салдары тиеді. Себебі, Батыс тарапы Ресейге санкция жасап жатыр. Санкцияны жеке адамдарға жасағаны бір жөн, ал қаржы жүйесіне, экономиканың кейбір секторына енгізіліп отырған шектеулер Ресейдің экономикасын төмендетеді. Олардағы зауыттардың жұмысы нашарлап, біздің тауарлар мен шикізатты алатын мүмкіншіліктері азаяды. Осы жерде біз қиыншылық көруіміз мүмкін», – деді Елбасы. Сонымен қатар Президент Ресей тарапының тұтынатын тауарларды алмау жайындағы санкцияларын пайдаланып, Ресейге Қазақстан көбірек азық-түлік өнімдерін шығарып, көкөніс және басқа да өнімдерді эскпорттауы қажет екенін қадап айтты. Бұл тұрғыда еліміздің фермерлері осы мүмкіндіктен пайда табуы керек екенін жеткізді. «Жалпы, олардың жасап отырған санкциялық кедергілерінің тікелей Қазақстанға ешбір қатысы жоқ. Құдай бұйырса, биыл Дүниежүзілік Сауда Ұйымына кіру мәселесін шешеміз. Еуроодақпен бұрынғы келіссөздерімізді одан ары қарай жалғастырып, жаңа келісімдерге қол қоямыз деп отырмыз және оны да шешеміз», – деді Н.Назарбаев. Мемлекет басшысы Украина мен Ресей ахуалы өзара келісіммен аяқталатынын, уақыт барлығын орнына алып келетінін атап өтті. «Қазақстанның болашағы жарқын. Ешбір елге біз жау емеспіз. Төңірегіміздің ешқайсысы бізге жау емес. Дегенмен, біз өзіміздің қауіпсіздігімізді, Қарулы Күштерімізді, ішіміз бен сыртымызды жиып, сақ отыратын болуымыз керек. Менің арманым мен ойым – Қазақстан мәңгілік болсын деймін. Сондықтан Мәңгілік Ел деген идеяны тастадым. Мәңгілік Ел болу үшін барлығын жасап жатырмыз», – деді Президент.

Ұлытау ұлы мекен болып қала береді

Елбасы сұхбатында қазақ этносының бесігі – Ұлытауды туристер үшін тартымды аймаққа айналдыруға болатынын айтты. Президент Ұлытау өңірін киелі жер деп атады. Оның айтуынша, барлық заманда жаз кезінде даланың әр түкпіріндегі қазақтар Ұлытауды жайлайтын болған. Осында шаңырақ көтеріп, той тойлаған. «Рулар араласқан. Сондықтан, біздің кең даламызда диалект деген жоқ. Ұлытаудың халық үшін мәні зор», – деді Назарбаев. Ол Қытайда оңтүстіктегі халықтың Бейжің тұрғындарының тілін түсінбейтінін мысалға келтірді. Мемлекет басшысы жастардың тарихты меңгеруінің маңызын атап өтті. Назарбаевтың айтуынша, Ұлытау аймағы кезінде Қазақстанның болашақ астанасын салуға арналған орындардың бірі ретінде қарастырылды. «Бұл – қазақ халқының нағыз орталығы. Бірақ, өздеріңіз көріп тұрғандай, бұл жерде қазіргі көзқараспен қарағанда, ештеңе жоқ. Жол жоқ, су жоқ, әуежай жоқ, ештеңе жоқ. Құрылыс салуға мол қаржы қажет. Сондықтан ол ел астанасын салуға қолайсыз орын болды. Бірақ ол – киелі жер, сондай болып қала бермек. Темір жол мен автокөлік жолдары салынатын болады. Келешекте бұл жер туризм орталығына, ата-баба әруағына тағзым ететін орынға айналады», – деді Президент. Еске сала кетейік, жуырда ғалымдар Ұлытау өңірін қайта зерттеген болатын. Экспедицияны Қазақстан ұлттық география қоғамы ұйымдастырды. Оның мүшелері аймақтың туристік әлеуетін бағалады. Келешекте бұл өлкеде ұлттық саябақ салу жоспарланып отыр.

Халықаралық ұғымдардың қазақ тіліне аударылуын сынады

«Біз қазір халықаралық әмбебап сөздерді қазақ тіліне аударып жүрміз. Мәселен, «пианино» сөзін «күйсандық» деп аудардық. Мағыналары келмейді бір-біріне. Тағы бір мысал, «композитор» сөзі. Оны біз «сазгер» деп жүрміз. «Саз» деген мұнда басқа мағынаны береді. Не үшін бұлай болды? Біз орыс тілінен құтылуымыз керек деп арабтың немесе түріктің сөздерін пайдаланып жүрміз. Осылайша тілді де құртамыз. Біз қайта өз тілімізді халықаралық терминдермен байыта түсуіміз қажет. Мұның ешқандай жаман жағы жоқ, одан қорықпау керек» деді Мемлекет басшысы сұхбат барысында. Елбасы қазақ тіліне ешқандай қауіптің төніп тұрмағанын айтып, тіліміздің дамып, байып жатқандығын атап өтті. Сондай-ақ, әлемде бар 6000 тілдің жыл сайын 10 пайызы жойылып отыратынын сөз еткен Нұрсұлтан Әбішұлы қазақстандықтарға ағылшын тілін де жақсы меңгеру керектігін айтты. «Әлем халқының 70 пайызы ағылшын тілінде сөйлейді. Өйткені, бұл ғылымның, медицинаның, мәдениеттің, БАҚ-тың тілі. Әрине, ағылшын тілінсіз өмір сүре беруге болады. Бірақ, білімнің біразынан шет қаласың. Бұл тілді білмесек біз болашақтағы дамуымызға өзіміз кедергі боламыз» деді Елбасы өз сөзінде.

Ислам дінін құрметтеуіміз керек

«Біз тәуелсіздік жылдарында дінімізді қайтарып келе жатырмыз. Қазір қарап отырсаң, қазақтың еш уақытта дінінен айырылмағандығын көруге болады», – деді Елбасы. ҚР Президентінің атап өтуінше, бүгінде біздің ғана дініміз жақсы деп жүрген басқа елдердің жағдайы мүшкіл болуда. Дін үшін бір мұсылман діні ішінде сүннит пен шиитке бөлініп, қан төгіп жатқан халықтар да бар. Бір діннің ішінде соғысып жатқан католиктер де жеткілікті. Сондықтан да дін мәселесінде барынша абай болуымыз керек. «Дінге бас ұрып жүрген кезде біз діннің жаман жағына түсіп кетпеуіміз керек. Бізге зиян келтіретін дін ағымдары бар. Қан төгіп, соғыспен дін орнатып, мемлекеттік дін жасаймыз дегендер бар. Мемлекет басшысының атап өтуінше, имандылыққа баулу, Отанын қорғау, Құранның қасиеттерін орындау үшін кемтарларға көмектесу, бауырмалшыл болу, үлкенді сыйлау, елді бірлікке шақыру деген сынды мәселелермен дінді өркендететін болса, онда діннің мемлекетке үлкен пайдасы, қамқорлығы болады. «Міне, осындай өзіміздің мұсылман дінін, ислам дінін құрметтеуіміз керек», – деді Елбасы.

Интернет материалдары бойынша дайындаған Фариза Әбдікерімова, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар