Фейсбуктың авторы

Фейсбуктың авторы
ашық дереккөз
Фейсбуктың авторы

10Болар бала жасынан... Марк Эллиот Цукерберг Нью-Йоркте дүниеге келген. Әкесі Эдвард Цукерберг стоматологиялық клиникаға иелік етті. Ал анасы 4 балалы болғанға дейін, психиатр болып қызмет атқарды. Марк жастайынан-ақ, компьютерге деген қызығушылығын танытқан. Қызығушылықпен қатар, ерекше электронды машинаға деген икемінің де жақсы екендігі белгілі болды. Осылардың әсері болса керек, жас Марк 12 жасында Atari BASIC платформасында «Zucknet» деп ат қойып, хат алмасуға арналған бағдарлама жасап шығады. Кейін бұл құралды бүкіл отбасы өзара сөйлесу үшін қолдана бастады. Әкесі Эдвард «Zucknet»-ті клиникасында жаңа емделушінің келгендігін біліп отыру үшін пайдаланды. Ұлдарының компьютерлік ойындарды да жасап жүргенін көрген ата-анасы баласының қарымын арттыру үшін программашы Дэвид Ньюманды жалдап оқытты. Осылайша мұғалім аптасына бір рет келіп, Маркпен жұмыс істеп жүрді. Оқытушы Дэвид кейінірек журналистерге берген сұхбатында: «Сол кезде Марктың соңынан ілесіп отыру менің өзіме де оңайға түспейтін. Басқа да курстарға барып жүрген оқушының алғырлығы мен зеректігі бірден көзге түсіп еді», – деп ағынан жарылыпты. Жаны техникаға үйір жігіт аудио файлдарды ашуға арналған Pandora бағдарламасының алғашқы нұсқасын жасап шықты. AOL пен Microsoft секілді ірі компаниялар бұл өнімді сатып алуға құлық танытса да, Марктың келісімін ала алмай, әрі-сәрі болыпты. Осылайша, 2002 жылы оқу бітірген ол Гарвард университетіне оқуға түседі. Оқуының екінші жылында кампус желісінің айыбын ашып, желі бағдарламасын жасап шыққан программашылардың кемшіліктерін көрсетіп берді. Дәл осы тұста «CourseMatch» деген атпен оқу пәндерін таңдауға арналған ерекше құрал жасап шықты. Университетте оқып жүргенде Маркты Дивья Нарендра және ағайынды Камерон мен Тайлер атты курстастары бірігіп, жаңа жобаны іске асыруға шақырады. Қарапайым тілмен айтқанда, Гарвард университетінің базасын пайдалана отырып, танысу сайтын жасап шығу керек болды. Марк алғашқы кезде келісім берсе де, кейін өз желісін құруға ден қойып, олардан бөлінді. Осылайша, Марк Цукерберг өзінің жақын достарымен қосылып, ең алғашқы әлеуметтік желіні жасауға кірісті. Жобаны Facebook деп атап, ерекше қарқынмен жұмысқа кірісіп кетті. Марктың өзіне деген сенімділігі сонша, 2004 жылы екінші курстың соңында университеттегі оқуын тастап, толығымен facebook-ке ден қояды. Алғашқы кезде жоба авторлары университет жатақханасында жұмыс жасады. Кейінірек Калифорния штатындағы Пало-Альто қаласына ауысты. Жобаның сәтті болғаны соншалық, 2004 жылдың аяғында сайттағы қолданушылар саны 1 миллионға жетті. Сайт авторлары қолданушылар санын бұдан да арттыру мақсатында штаттағы түрлі университеттермен жұмыс істеді. Қомақты инвестиция іздеді. Алғашқы кезде сайтты сатып алуға құлық танытқан компаниялар өте көп болды. Yahoo-дан бастап, MTV Networks-қа дейін қызығушылық танытып, жобаны сатып алуға дайын болды. Бірақ Марк бұл ұсыныстардың барлығынан бас тартып, сайтты жан-жақты дамытуға баса мән берді. 2005 жылы facebook-қа Accel компаниясы 2,7 миллион доллар инвестиция құйды. Осылайша, 2005 жылдың аяғында сайттағы қолданушылар саны 5,5 миллионға жетті. Бүгінде фейсбукты пайдаланушылар саны өте көп. Марктың жеке өміріне келсек, қазіргі кезде ол Чан атты қытайлық қызбен көңіл жарастырып жүр. Жұп Гарвардта оқып жүрген кезде танысыпты.

Марктың қанатты сөздері

Марк Цукерберг табысының 85 пайызын жарнама арқылы табады екен. Болмысынан қарапайым жас миллиардер жұмыс кеңсесіне жаяу барғанды оң көреді. Жас та болса әлемге танылып үлгерген азаматтың өмірден түйгені де көп екен. Оны Марктың мына қанатты сөздерінен байқауға болады. • Қандай мақсатпен алға ұмтылсаңыз да, оның бүкіл әлемге пайдасы тиетін болсын. • Менің өзім тірі кезімде мен туралы кино түсірілмесе екен деп тілеймін. • Жеке тұлғалар арасындағы байланыстар болсын, келісім-шарттар мен маңызды кездесулер болсын, енді барлығы онлайн тәртібіне көшті. • Тек өзің ұнатқан іспен ғана айналыс. • Ғаламтор адам өмірінде маңызды орын алатын заманда өмір сүріп жатырмыз. Дегенмен, ғаламтордың да әлеуметтік ортасы болуы тиіс. Ол – Фейсбук. • Қолданушылар саны 1 миллиардқа шамалап қалды. Егер Фейсбук бір мемлекет болғанда, біз халық саны бойынша әлемде үшінші орынды алған болар едік. • Ғаламтордағы жарнама біреуге хаттама жіберуден басталады. • Бірнеше жау таппай, өміріңде 500 миллион дос қоса алмайсың. • Фейсбук компания болу негізінде құрылған жоқ. Қоғамдық байланысты әлемдік масштабқа көтеру секілді әлеуметтік мақсатта құрылды. Біз қызмет көрсетулер арқылы қаржы таппаймыз, керісінше қызмет көрсетудің сапасын арттыру үшін ақша табамыз. • Компанияңыз дамуды қажет етсе, қоғамның құпиясын ашуға тырысыңыз. • Қалтафон қоғамның айырылмас бөлігіне айналған, ал қоғам өзіне ненің керек екенін ұғынуда. • Біз асығыс емеспіз. • Егер сізге капитал қажет болмаса, сіздің арманыңыз бөлек. • Компания кейінірек құрылды. Оған дейін біз 4-5 жігіт болатынбыз. • Ерен еңбектің арқасында біздің бизнес өсіп келеді. Неге өзге компаниялар бізге қолдау білдіргісі келеді? Себебі, біз өзін-өзі қамтамасыз ете алатын бизнесті жасай аламыз. • Уақытын үнемдей алмайтын үлкен қоғамға ашық қарым-қатынас пен берік қауіпсіздік керек. • Шын мәнінде, өзіңіз қаламайтын жолмен біз де сіздің жеке ақпаратыңызды өзгелермен бөліспейміз. Қауіпсіз деп сенім білдірілгендіктен, Фейсбук үшін ол ең маңызды ақпаратқа айналады.

Фариза Жорабекқызы.

Ұқсас жаңалықтар