«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қос боксшымыз алтынға таласады

Қос боксшымыз алтынға таласады
ашық дереккөз
Қос боксшымыз алтынға таласады

Нанкин төрі Алаш баласы үшін олжалы болып тұр. Әсіресе, былғары қолғап шеберлеріміз қарсы келген қарсыластарын баудай түсірмесе де, діттеген нәтижеге сенімді түрде қол жеткізіп келеді. Жасөспірімдер олимпиадасының алдында бокстан кемі бір алтын медаль алу жоспарланған болатын. Бүгінгі таңда екі бірдей спортшымыз ақтық сынға жолдама алды. 60 келі салмақ дәрежесінде жұдырықтасқан қазақстандық боксшы Абылайхан Жүсіпов финалға сенімді түрде шықты. Ол жартылай финалда мажарлық қарсыласы Конью Ричардты бұрыштан бұрышқа қуып жүріп сабады. Алғашқы раундта тіпті мажарлық былғары қолғап шебері Абылайханның екпінінен қаймығып қалғандай сыңай танытты. Тікелей соққысын бірнеше мәрте дарытқан қазақ баласы екінші раундта да үстемдігін әрмен қарай арттыра түсті. Үшінші кезеңде Конью қарымта қайтаруға тырысқанымен, Жүсіпов оны қарсы шабуылдармен күтіп ала білді. Ақтық нәтижені тіркеген төрешілердің үшеуі де бір ауыздан қазақ боксшысының жеңісін мойындады. 81 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Вадим Казаков та қарсыласының мысын басты. Ол армениялық Нарек Манасяннан айласын асырды.Үш раунд бойы қарсыласын тықсырған қазақстандық боксшы өзінің шеберлігі армениялыққа қарағанда әлдеқайда жоғары екенін айқындады. Алайда, төрешілердің бірі жеңісті армян боксшысының еншісіне жазғаны бәрімізді таңқалдырды. Дегенмен, қалған екеуінің көзі түзу болғаны қуантады. Енді қазақстандық қос боксшы алтын жүлде үшін таласады. Ақтық сынның жолдамасына таласқан тағы бір боксшымыз Шалқар Айқынбай әзірбайжандық Руфат Кусейновке 1-2 есебімен есе жіберді. 49 келіде жұдырықтасқан Шалқар енді қола медаль үшін таласады. Бірден айта кетейік, жасөспірімдер олимпиадасында әлем біріншілігі, болмаса ересектер арасындағы олимпиададағыдай жартылай финалға шыққан спортшы автоматты түрде қола жүлде иегері атанбайды. Ол қола медаль үшін тағы бір кездесу өткізеді.

Табиғат Абаилдаев,

«Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар