«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Атқарылған жұмыс та, алдағы мақсат та ауқымды

Атқарылған жұмыс та,  алдағы мақсат та ауқымды
ашық дереккөз
Атқарылған жұмыс та, алдағы мақсат та ауқымды

Қалыптасқан дәстүр бойынша барлық деңгейдегі әкімдер жылына бір рет жергілікті мәслихаттар депутаттары алдында есеп береді. Өткен онкүндікте Тараз қаласы мен аудандардың әкімдері халық қалаулыларының алдында атқарылған жұмыс барысын баяндаған болатын. Ал кеше облыстық мәслихаттың кезектен тыс өткен ХХVІІІ сессиясында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың өзіне жүктелген функциялары мен міндеттерін орындауы туралы есебі тыңдалды. Облыс басшысы халық қалаулылары алдында ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында облыста атқарылған жұмыстарға жан-жақты талдау жасады.

– Бүгін ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында облысымызда атқарылған жұмыстар туралы есепті кездесуде бас қосып отырмыз, – деп бастады сөзін Кәрім Көкірекбаев, – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан-2050» даму Стратегиясында қоғам алдына талабы жоғары міндеттер қойды. Стратегиялық құжаттың басты мақсаты – елімізді әлемдегі дамыған отыз елдің қатарына қосу. Бұл мақсатты жүзеге асыру – бәрімізге ортақ міндет болып табылады. Есепті мерзімде еліміздің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өмірінде айтулы оқиғалар аз болған жоқ. Өздеріңізге мәлім, Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттерінің интеграциялық дамуының негізін құрайтын Еуразиялық Экономикалық Одағы құрылды. Одақтың келешегі зор, түпкі нәтижесі – үш мемлекеттің экономикалық табысын молайту және халықтарының әлеуметтік тұрмыс жағдайын жақсарту. Осының барлығы берекелі бірлік пен жемісті тірліктің арқасында қол жеткен жетістіктер. Дегенмен, әлемді алаңдатып отырған кейбір жағдайларға бей-жай қарауға болмайды. Бұрынғы одақтас Украина еліндегі дағдарыстың салдары біздің еліміздің де бел бууына мәжбүрлеуде. Жақында ғана Елбасының қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында халықты алаңдатқан мәселені шешу жолдары талқыланды. Кеңесте Мемлекет басшысы барлық деңгейдегі әкімдерге өңірлік және жаһандық интеграциялау, экономиканы әртараптандыру, қаржы секторы тұрақтылығын арттыру, мемлекеттік басқару жүйесін оңтайландыру секілді бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. Елбасы мен Үкімет тарапынан бірқатар саяси-экономикалық қауіпсіздік шаралары қабылдануда. Жалпы, облысымыздың дамуы «2011-2015 жылдарға арналған аймақты дамыту» Бағдарламасында айқындалған мақсаттар мен іс-шараларға сәйкес жүргізілуде. Нәтижесінде, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріміз өсіп, үдемелі индустриялық-инновациялық даму қарқыны тұрақты артуда. Жаңа өндіріс орындары ашылуда. Қолайсыз ауа райына қарамастан ауылшаруашылығы өркендеуде. Әлеуметтік салада да айтарлықтай жетістіктерге қол жеткіздік. Ауылшаруашылығының асулары

Облысымыз – еліміздегі негізгі аграрлы аймақтың бірі. Салада серпіліс бар. Мысалы, ауылшаруашылығының жалпы өнім көлемі өткен жылмен салыстырғанда 4,8 пайызға артып, 42 миллиард теңгені құраған. Агроөнеркәсіп кешенін қолдауға биыл бюджеттен 6,4 миллиард теңге субсидия мен трансферттер бөлінді. Үстіміздегі жылы егілген ауыл шаруашылық дақылдар көлемі 32,6 мың гектарға немесе 6 пайызға артты. Мал басының санын көбейтуге мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасының әсері мол. Соның шеңберінде 1044 аналық мүйізді ірі қара мал басы сатып алынды, жыл соңына дейін оның саны 3300-ге жеткізілмек. Мал өнімдерін өндіру бағытында кәсіпкерлер де өз үлесін қосуда. «Казагро» арқылы «Әулие-ата Феникс» серіктестігі құны 1,2 миллиард теңге, қуаттылығы 3,5 мың тонна болатын құс фабрикасын соғуды қолға алуда. Есепті кезеңде жалпы сыйымдылығы 1140 басқа арналған мал бордақылау алаңы құрылды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде мүйізді ірі қара бойынша асыл тұқымды малдың үлесі 12 пайызға, қой 22,5 пайызға, жылқы 23 пайызға, түйе 41,7 пайызға жетті, бұл орташа республикалық көрсеткіштерден жоғары. Дегенмен, салада проблемалар да жоқ емес. Соның бастысы – ағын су тапшылығы. Облыс басшысы өз есебінде бұл мәселені назардан тыс қалдырған жоқ. – Облыстың су көздерінің жыл сайын азаюынан және су көлемінің 80 пайызын Қырғыз Республикасынан алуымызға байланысты су тапшылығы жылдан-жылға ұлғаюда. Осыған байланысты 2014-2020 жылдары ирригациялық жүйелерді және суармалы жерлерді қалпына келтіру бағдарламасы әзірленді. Соның аясында суғару жүйесінің пайдалы әсер коэффициенті 0,55-тен 0,75-ке көтерілу және суармалы жер көлемі 2020 жылы қазіргі 154 мың гектардан 214 мың гектарға жеткізілуі тиіс. Елбасының тапсырмасы бойынша облыс аумағында жалпы көлемі 115 миллион текшеметрді құрайтын, сметалық құны 19,5 миллиард теңге 5 шағын су қоймаларын соғу жұмыстарына дайындық жүруде. 2016-2020 жылдары құрылыс жұмыстары жүргізілетін болады. Бұл шаралар көрші елден келетін суармалы судан тәуелділікті азайтатыны айқын. Өткен жылы, білесіздер, көрші қырғыз ағайындар тарапынан Жуалы ауданындағы Көксай каналы қиратылып, 2200 гектар егістік жерлер зардап шеккен болатын. Осыған байланысты, каналдың 25,4 шақырым бөлігін өз аумағымызда соғу үшін республикалық бюджеттен 5,3 миллиард теңге бөлініп, бүгінгі күнге құрылыс жұмыстары аяқталуда, – деді К.Көкірекбаев.

Қазіргі таңда салада жалпы сомасы 90 миллиард теңгеден астам 20 инвестициялық жоба іске асуда. Сонымен қатар, ауылшаруашылығына инвестиция тарту мақсатында «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолының бойынан 2014-2015 жылдары 84 шағын сүт фермалары мен мал бордақылау алаңдарын салу үшін 8 мыңға жуық гектар жерді инвестициялар тарту үшін резервке қойылды. Бүгінде Байзақ ауданында 150 гектар жер бөлініп, 3 сүт фермасын осы автожол бойында салу жұмыстары басталуда.

Тағы бір атап өтерлігі, малайзиялық компаниямен бірлескен кәсіпкерлік жасау жөнінде меморандумға қол қойылды. Осы елдің Премьер-Министрі 2015-2016 жылдары біздің экономикаға 350 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция салмақ. Жоба бойынша 10 мыңнан 50 мыңға дейін ірі қараға арналған 100 мал фермасын салу жоспарлануда. Осыған орай, Мойынқұм, Сарысу, Талас, Шу аудандары бойынша 300 мың гектар ауылшаруашылық жерлер ірі қара мал өсіруге бөлініп отыр. Мойынқұм ауданында «Мойынқұм Агро» серіктестігі ет бағытындағы асыл тұқымды ірі қара мал өндіру бойынша, құны 5 миллиард теңгені құрайтын үлкен жобаны іске асыруда. Жоба аясында 5 мыңнан 20 мың басқа дейін асыл тұқымды мал сатып алынады. Бұл үшін 27 мың гектар жер бөлінді. Сондай-ақ, венгриялық компаниялармен бірлесе отырып, сұр ірі қара малын өңірімізге жерсіндіру жұмыстары басталды. Бұл үшін Мойынқұм ауданынан 4200 гектар жер бөлінді. Жыл аяғына дейін Венгриядан 430 бас ірі қара мал жеткізу көзделіп отыр. Шу ауданында қолға алынып жатқан көкөніс, бақша кластеріне жалпы сомасы 8,7 миллиард теңге инвестиция тартылады деп күтілуде. Бұл өз кезегінде қосымша 9,3 мың гектар суармалы жерді айналымға енгізуге және осы алқапта толығымен су үнемдеу технологияларын енгізуге мүмкіндік береді. Осының арқасында көкөніс, бақша өнімдерінің көлемі 2 есеге артатын болады. – Кластер құруға Шу ауданын таңдағанымыз – аудан Тасөткел су қоймасы арқылы көрші елдің суына тәуелсіз және химпарктің тыңайтқыштарын пайдалануға қолайлы. Сонымен қатар, темір жол торабы мен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының аудан үстінен өтуі кең мүмкіндіктер беретіні анық. Осы тұрғыда біз әр ауданды ауылшаруашылық салалар бойынша мамандандыруды ойластырудамыз. Қазіргі кезде Ауылшаруашылығы ғылымдары академиясының Президенті, академик Ғани Қалиев басқарған ғалымдар тобы облыс аудандарын мамандандыру Тұжырымдамасын әзірлеуді қарастыруда. Сонымен қатар, осы кісілердің бастамасымен шөлді, құмды аумақтарда баламалы электр қуаты көздері арқылы суландыру бағдарламасын іске асыру жоспарланып отыр. Бүгінгі күнге Т. Рысқұлов ауданында 3000 гектар жер бөлініп, жел және күн электрстансасы арқылы құдықтардан су шығарып, 1-2 мың бас малды суғару бойынша экспериментальдық жоба іске асырыла бастады, – деді Кәрім Нәсбекұлы.

21Құрылыста қарқын бар

Облыста құрылыс саласы қарқынды дамып келеді. Есепті кезеңде құрылыс жұмыстарының көлемі 1,3 есеге артып, 38,2 миллиард теңгені құрады. Биылғы жылы жалпы 200-ден астам нысандардың құрылысын жүргізу мен жаңғыртуға 39,3 млиллиард теңге қарастырылған. «Қол жетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасы шеңберінде алты айдың қорытындысы бойынша 109,4 мың шаршы метр тұрғын үйлер пайдалануға беріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 5,1 пайызға артты. Бұл салаға салынған инвестициялар да 2 есеге жуық ұлғайды. Ағымдағы жылы Тараз қаласының «Бәйтерек» шағын ауданында жалпы алаңы 10,2 мың шаршы метр құрайтын 75 және 65 пәтерлі екі тұрғын үй пайдалануға берілді. Қаратау қаласында сатып алынған 120 пәтерлі тұрғын үй жөнделіп, тұрғындар игілігіне ұсынылды. Жалпы, жылдың соңына дейін жас отбасылар үшін 75 пәтерлі 2 үйді, Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі желісі бойынша 1 үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бойынша ағымдағы жылы 604 миллион теңгеге 32 тұрғын үйге жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, 6 инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым нысандарына 1,9 миллиард теңге қаржы бөлінді. Бұдан да басқа спорт, ауылшаруашылығы, қоршаған орта, өзен жағалауын нығайту, кәсіпкерлік, әлеуметтік салаларда 39 нысан құрылысы жүргізілуде. Биыл оған 7,5 миллиард теңге бөлініп, 14 нысан пайдалануға тапсырылды. Қалған 25 нысан келесі жылға өтпелі.

«Құмшағал» жолындағы көпір қалпына келтіріледі

Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев жергілікті мәндегі автомобиль жолдарының жағдайы туралы айтқанда саладағы бірқатар жағымды жаңалықтарға жеке тоқталды. Соның бірі – биыл 1990-1992 жылдардан бері бітпей қалған Айша бибі көшесіндегі автомобиль жол өткелін қалпына келтіру жұмыстарының қолға алынуы. – Сондай-ақ, осы көпірге жалғасатын, ұзындығы 15 шақырымға жуық, «Тараз-Гродеково» автомобиль жолын салуды бастамақпыз. Себебі, темір жолдың арғы бетінде тұратын Тараз қаласының 5-тен 1 бөлігінің және Жамбыл ауданына қарасты 6-7 ауыл тұрғындарының көліктері, Қырғыз Республикасына өтетін транзиттік көлікпен қосыла, Жібек жолы көшесіндегі жалғыз жол өткеліне салмақ салуда. Жергілікті бюджеттен өткел құрылысының жобалау-сметалық құжаттамасына 60 миллион теңге және автожолдың техника-экономикалық негіздемесіне 21,5 миллион теңге қарастырылған, – деді облыс басшысы осы орайда. Сонымен қатар жергілікті мәндегі автомобиль жолдарын жөндеп, күтіп ұстауға биыл 6,8 миллиард теңге қарастырылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9,7 пайызға артық.

Теңге тиыннан құралады

2014 жылдың 1 шілдесіне облыс бюджеті кірістер бойынша 100,8 пайызға орындалды. Өткен жылмен салыстырғанда бюджет кірістерінің орындалуы 8,2 пайызға артты. Мемлекеттік бюджетке 30,8 миллиард теңге салықтар және басқа да міндетті төлемдер жиналды, бұл өткен жылдың тиісті кезеңіне қарағанда 3,2 пайызға артық, болжам 104,1 пайызға орындалды. Осы орайда Кәрім Нәсбекұлы салықтық түсімдерді арттыруға мүмкіндіктің мол екенін тілге тиек етті. – Айта кетер жәйт, облыс бойынша салық департаменті облыс аумағында жұмыс істеп жатқан кәсіпорындарды, әсіресе, ірі компанияларды, салық органдарында тіркеу жұмыстарын күшейту қажет. Мәселен, «ЕвроХим – Тыңайтқыш» компаниясы биылғы жылдың 30 маусымында ғана Сарысу аудандық салық басқармасына тіркеуге алынған. Содан бері одан жергілікті бюджетке 5,5 миллион теңге ғана салық түсті, республикалық бюджетке төлем мүлдем түспеген. Бұдан бұрын бұл компания Алматы қаласының Бостандық ауданында жылына 200 миллион теңге салық төлеп тұрған. Ал Мойынқұм ауданындағы «Восточное рудоуправление» кәсіпорны осы күнге дейін Алматы қаласында тіркеліп, 300 миллион теңге көлемінде салық төлеп келеді, – дей келе Кәрім Көкірекбаев өзінің осы салаға жауапты орынбасары мен Мойынқұм ауданының әкіміне орын алған мәселені шұғыл шешуді тапсырды.

Бірінші байлық

Денсаулық сақтау саласы әрқашан да ерекше назарда. Биыл денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру 3,4 пайызға артып, 37,6 миллиард теңгені құрады. Бүгінде «100 аурухана құрылысы» жобасының шеңберінде Тараз қаласында 300 төсектік қалалық көпбейімді аурухана құрылысы жалғасуда. Нысан келер жылы пайдалануға беріледі. Бұдан басқа жобадан тыс 200 төсектік облыстық перинаталдық орталығының құрылысы жүргізілуде. Облыстық бюджет қаржысына үстіміздегі жылы Байзақ ауданында 60 төсектік туберкулезге қарсы аурухананың және Жамбыл ауданында алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету пунктінің, Сарысу ауданында фельдшерлік-акушерлік пунктінің, сонымен қатар, облыс бойынша 4 дәрігерлік амбулаторияның және 16 медициналық пункттердің құрылыстары жүргізілуде. Жартыжылдықтың қорытындысы бойынша жалпы өлім саны өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 9,3 пайызға төмендеді, табиғи өсім +0,3-ті құрап, нәресте өлімі азайды. Ана мен бала өлімін азайту бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда, дәрігерлердің жауапкершілігін арттыру бойынша талап күшеюде. Биылғы жылы ана өліміне жол бергені үшін бірнеше лауазымды тұлғаларға қатаң шаралар қолданылды. Бүгінгі күнге жағдай тұрақтанып, ағымдағы жылдың 7 айлық қорытындысы бойынша ана мен нәресте өлімінің көрсеткіштері біршама төмендеді.

Бәсеке кілті білімде

Білім беру жүйесін қаржыландыру 15,8 пайызға ұлғайып, 75,3 миллиард теңгені құрады. Білім беру нысандарының құрылысына 10,2 миллиард теңге бөлініп, есепті аралықта 2 мектеп, 1 балабақша пайдалануға берілді. 27 білім беру нысанының құрылысы жалғасуда, оның ішінде 12 нысан биылғы жылы пайдалануға беріледі. Бұдан басқа, 1 жеке меншік балабақша соғылды, сондай-ақ, 130 орындық 3 шағын орталық пен 2 балабақша ашылды. Осылайша, салынып жатқан мектептер есебінен жыл соңына дейін апатты жағдайдағы 4 мектептің мәселесі шешіледі. Келесі жылы 11 мектеп пайдалануға берілсе, қалған 10 мектептің мәселесі 2016-2017 жылдары кезең-кезеңімен шешімін табады. Сонымен қатар, биыл Құмшағал бекетіндегі үш ауысымда жұмыс істейтін 1 мектеп құрылысы да басталмақ. Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеуде облыстың орташа балы 72,4-ті құрады. «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткерлердің 34,6 пайызы, үздік аттестатқа үміткерлердің 15,8 пайызы өз білімдерін дәлелдеді. 5 бітіруші 122-123 балл алды және 2 мектеп ең жоғары көрсеткішке жетті. – Дегенмен, бұл көрсеткіштер бізді қанағаттандырмайды. Оқушылардың білім сапасын көтеру бағытында кешенді жоспар әзірленіп, іске асырылуда. Ең төмен орташа балға Т. Рысқұлов (65,39 балл), Байзақ (65,75 балл), Қордай (66,44 балл), Шу (67,12), Меркі (68,24) аудандары ие болды. ҰБТ қорытындысы бойынша төмен білім деңгейін көрсеткені үшін бірқатар аудандардың білім бөлімдерінің басшыларына және 150 мектеп директорларына тәртіптік жаза қолданылды, 5 мектеп директоры жұмыстан босатылды, – деді облыс басшысы.

Тарихи Таразға туристер ағылады

Мәдениет саласындағы атқарылған жұмыстарға тоқталған облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев «Көне Тараз – Мәңгілік елдің бесігі» атты археологиялық саябақтың бизнес жоспары жасалып, Ежелгі Тараз қалашығын ашық аспан асты мұражайына айналдыру, туристік кластерді дамыту жұмыстары жоспарланып отырғанын айрықша атап өтті. – Бүгінгі күні Ежелгі Тараз қаласының ғылыми-археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Біз археологиялық зерттеу жұмыстарын тереңдету үшін Мәдениет министрлігімен, сондай-ақ, Қытай Халық Республикасының «Ұлы Жібек Жолы» бойының экономикалық белдеуі институтымен» ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойдық. Біз Тараз қаласын ЕХРО-2017 дүниежүзілік көрме бағдарламасына енгізсек, «Ежелгі Тараз» археологиялық паркі көрмеге келген қонақтардың айрықша қызығушылығын туғызып, Қазақстанның дүниежүзіндегі танымал брендтерінің бірі болмақ. Ол үшін «Ежелгі Тараз» қалашығын ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік Мәдени Мұра Тізбесіне енгізуіміз қажет. Бұл үшін біз Үкімет пен барлық мүдделі орталық органдардың алдында аталған мәселені көтеріп келдік. Нәтижесінде, бүгінгі күнде «Ежелгі Тараз» археологиялық паркін соғуға республикалық бюджеттен қаржы бөлу мәселесі қарастырылуда, – деді облыс басшысы.

Алдағы мақсаттар ауқымды

Биыл облыста «Достық үйі» коммуналдық мемлекетік мекемесі құрылғаны белгілі. Оның материалдық-техникалық базасын нығайтуға қажетті қаржы бөлініп, шағын автобус алынды. Алдағы жылы заманауи үлгідегі «Достық үйінің» құрылысы басталмақ. Бұл өз кезегінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына тарту болады. Сонымен қатар облыстың 75 жылдығы мерекесіне орай Тараз қаласының орталығынан «Еңбек даңқы» аллеясын ашу қолға алынды. Онда еселі еңбегімен өңірдің дамуына сүбелі үлес қосқан азаматтар – облыстың Құрметті азаматтарының «Құрмет тақтасы» мен облыстан шыққан жұлдыздарымыздың тақтасы орнатылатын болады. Сондай-ақ, қараша айында Балуан Шолақтың 150 жылдығына арналған күрестен халықаралық «Еуразия барысы» турнирі өткізілмек. Осыған орай «Тараз-Арена» спорт сарайының алдынан даңқты палуанның еңселі ескерткіші бой көтермек. Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңістің 70 жылдығына әзірлік қазірден басталып та кетті. Биылғы жылыту маусымынан бастап, барлық соғыс ардагерлері мен жесірлері коммуналдық төлемдерден толық босатылатын болады. Тараз қаласында «Ардагерлер үйінің» іргетасы қаланып, құрылысы жүргізілуде. Бұл нысан келесі жылы пайдалануға берілмек. Сонымен қатар, облыс орталығынан Ұлы Отан соғысында ерекше ерлік көрсеткен сұрмерген Ыбырайым Сүлейменовке ескерткіш (бюст) тұрғызу жоспарланып отыр.

Бірлескен істе береке бар

Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев халық қалаулылары алдындағы есебінде өнеркәсіп, шағын қалаларды дамыту, жұмыссыздықты жою, қылмыспен күрес, бұқаралық спортты өрістету, тағы да басқа салаларда атқарылған жұмыстарға да кеңінен талдау жасады. – Нәтижелі жұмыс істеу үшін жоғары жауапкершілікпен қызмет атқаруымыз қажет. Жаңа ізденістер керек. Баршамыз шын жанашырлық танытсақ, бітпейтін іс, алынбайтын асу жоқ деп ойлаймын. Сіздерге, құрметті депутаттар, біздің тұрғындарымызды толғандырып отырған проблемаларды, аймақтың әлеуметтік-экономикалық міндеттерін шешу бойынша жүргізіп отырған мақсатты жұмыстарыңыз үшін алғыс білдіремін, – деді сөзінің соңында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев. Есепті баяндама аяқталған соң жарыссөзге кезек берілді. Алғаш болып мінбеге көтерілген облыстық мәслихаттың депутаты Бақтияр Алдашов Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының аясында Қаратау қаласындағы өзі жетекшілік ететін натрий цианиді зауытының құрылысына қолдау көрсеткені үшін облыс басшысына алғысын жеткізді. Жаңа зауыт биылғы шілде айының басында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қатысуымен Индустрияландырудың бірінші бесжылдығының қорытындысына орай өткен телекөпір арқылы іске қосылған болатын. Қазір онда 491 адам жұмыс істеуде. Сонымен қатар ол биыл облыста Индустрияландыру картасының шеңберінде 25, 4 миллиард теңгеге жеті инвестициялық жобаның жүзеге асырылатынына қуанатынын жасырмады. Осы орайда депутат «Ендігі кезекте Тараз қаласы мен аудандардың әкімдері мамандарды кәсіби даярлау мәселесіне баса мән беруі қажет. Ауылда жұмыссыз жүрген жастар қаншама? Тепсе темір үзетін сондай азаматтарды өмір талабына бейімдеп, кәсіптік білім алуға тарту керек. Осы орайда «Жұмыспен қамту» орталықтарының жұмысын жандандырып, тұрғындар арасында түсіндіру шараларын кең көлемде жүргізген абзал» деп өз ойын түйіндеді. Келесі кезекте сөз алған облыстық мәслихаттың депутаты Асқар Бекбауов облыс әкіміне жолданған Байзақ ауданы тұрғындары сұранысының барлығы қанағаттандырылғандығын әңгімеледі. Мысалы, аудан тұрғындары атынан 21 ауылдық округке газ құбырын жүргізу мәселесі көтерілген еді. Осыған байланысты облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, жыл соңына дейін аудандағы ауылдарға газ жүргізу сызбасы жұмыстарына 15 миллион теңге қарастырылыпты. Өңірдегі осындай оңды істерді тілге тиек еткен депутат облыс әкімінің есебіне «қанағаттанарлық» деген баға берді. Мәслихат сессиясында облыс әкімдігі құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Рахманқұл Байтелиев те сөз алып, салада атқарылып жатқан жұмыстардың барысын баяндады. Жамбыл ауданының әкімі Рүстем Дәулет өзі басшылық ететін өңірде жүзеге асқан шаруалардан хабардар етті. Мұнан соң мінбеге сессияға төрағалық етіп отырған депутат Асаубай Майлыбаев көтерілді. Халық қалаулысы облыста атқарылған жұмыстардың ауқымды екенін, көптеген шаруалардың тындырылғанын айта келе, Тараз қаласы әкімінің құзырына жататын бірқатар мәселерді алға тартты. – Өздеріңіз білесіздер, кезінде облыста Теміржолшылар саябағы деп аталатын демалыс орны болған. Қазір ол бар ма? Ол тіпті бас жоспардан да жойылып кеткен шығар. Соның тура ортасынан ойып тұрып, қазіргі сенатор Ертарғын Астаев үй соғып алды. Сол бақтың ішінен автотұрақ салынып, мейрамхана бой көтерді. Таразда Бауыржан Момышұлы атындағы үлкен саябақ бар. Сол саябақтың ортасынан кезінде облыстың құрылыс басқармасын басқарған азамат қазір сол жерден мейрамхана салды. Қалада үш жүз мыңнан астам тұрғын бар. Осылайша саябақтар аумағын жоя берсек, жергілікті халық ертең қайда тыныстайды? Ал енді, осы орындардан теннис корттарын немесе волейбол алаңшаларын соғып жатса, оған халық риза болар еді ғой. Бұл аздай тағы бір кәсіпкерлер «Зербұлақ» көлінің аумағынан жанар-жағармай бекетін соғып жатыр. Осыдан екі ай бұрын оның құрылысы туралы естіп «Бұл қалай?» деп қала әкіміне қоңырау шалған болатынмын. Сонда Нұржан Сәбитұлы «Мен оған өмірімде құрылыс соғуға рұқсат бермеймін» деп еді. Қазір бұл құрылыс қоғамда үлкен қарсылық пікір туғызып жатыр. Сонда біз болашақта ұрпағымызға қандай қала қалдырамыз? Ақшалы адамдар білгенін істей берсе, ертеңгі күніміз не болады? Жоқ, әлде мәселеге Елбасы айтқан уақытта барып көңіл аударамыз ба? Тағы бір мәселе, соңғы кезде көпшіліктің аузында жүрген қаланың кіреберіс қақпасындағы «Мөп-мөлдір көздің қарасын, Тараздан ғана табасың» деген Фирдоусидің сөзі туралы. Оны алып тастау туралы әңгіме Шымкенттен келген бір ақынның сөзінен шықты. Ақынның бәрі Жамбыл немесе Кенен емес. Жас баланың қарсыласын мұқату үшін үйінен дайындап келген өлеңіне бола біз атақты Фирдоусидің сөзін қалай алып тастаймыз? Жаңа есепте Тараз қаласында туризм кластерін дамыту туралы жақсы айтылды. Сол Тараздың 2000 жылдық тарихы болғанын дәлелдейтін сөздердің біреуі сол. Мұны да кезінде облыс басқарған адамдар лингвистермен, тарихшылармен ақылдасып қойған. Мұнда керемет сөз жазылған. «Мөп-мөлдір» деген пәктікті, «көздің қарасы» сұлулықты білдіреді. Сол сөзден қандай мін табылады? Үшіншіден, Елбасы биылғы 6 тамызда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында базарлар жөнінде сөз қозғады. Кезінде 1 миллиард 400 миллион теңге жұмсап, біз Асанбай Асқаров көшесін үлкейттік. Бүкіл инфрақұрылымды апардық. Бұл аз ақша емес, бірақ сол базар қазір қаңырап тұр. Көшеде базарлар толып кетті. Мен облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Бекет Аймағанбетов мырзаға да осы мәселе бойынша депутаттық сауал жолдағанмын. Маған берілген жауапта бір айдың ішінде жайма базарлардың жойылатындығы жазылған. Өзіңіз қараңыз, мешіттің айналасы әлі базар. Байзақ батыр көшесінен Төле би даңғылына өте алмайсыз. Ташкент және Байзақ батыр көшелерінің арасындағы құрылыс базарында сегіз-ақ нүкте заңды. Қазір 28 нүкте бар. Бәрі заңсыз. Көлеңкелі экономика дегеніміз осы. Әкім есебіндегі салық түсімдері туралы мәліметке келіспес едім. Біз жаңа жылдың алдында болған девальвацияны қайда қоямыз? Бұл мәлімет девальвация есебінсіз көрсетіліп отыр. Шындығында девальвацияны көрсетсек, біздің салық түсіміміз былтырғыдан нашар. Сондықтан қала әкімі көлеңкелі экономикамен күресу керек. Нұржан Сәбитұлы, сіз жақсы экономистсіз, керемет жігітсіз. Бірақ әкім болу үшін керемет жігіт болу жеткіліксіз. Белге шоқпарды байлауға болады, бірақ оны қол көтере алу қажет. Барлық болып жатқан келеңсіздіктерді сол халық көріп, біліп отыр. Бірақ, ол халықтың мына мінберге шығып айтатын мүмкіндігі жоқ. Олар біз сықылды депутаттарға сенеді, біз ол мәселелерді айтуымыз керек. Олар өздері депутат етіп сайлағаннан кейін аманатқа қиянат жасауға болмайды. Ел-жұрттың сенімін айналып өтуге құқығымыз жоқ. Азамат адам ақиқатты ұзында өші, қысқада кегі болғаннан кейін айтпайды, осы отырған бәріміздің абыройымызды сақтау үшін айтады, – деді депутат Асаубай Майлыбаев. Депутат А. Майлыбаев көтерген «Зербұлақ» көлінің маңындағы жанар-жағармай құю бекетінің құрылысы туралы бірінші мәселе бойынша Тараз қаласының әкімі жауап берді. – «Зербұлақ» көлінің маңындағы жанар-жағармай құю бекеті соғылып жатқан жер 1999 жылы жекеменшікке берілген. Нысананың мақсаты өзгеріп-өзгеріп төрт қожайыннан өткен. Қазіргі таңдағы құжатта жанар-жағармай құю стансасын соғу мақсаты көрсетілген. Құрылыс жүргізуге рұқсатты әкімдік емес, ГАСК мекемесі береді. Біз тексеріп көрдік. Құжаттары толық. Оларға ГАСК мекемесі тарапынан болмаса біз кедергі жасай алмаймыз, – деді Н.Календеров. Ал қалған мәселелердің мәнісін облыс басшысының өзі түсіндіріп берді. – Осында өткен республикалық айтыс барысында Фирдоусидің «Мөп-мөлдір көздің қарасын, Тараздан ғана табасың» деген сөзін қаланың қақпасынан алып тастау туралы тапсырманы тікелей мен бергенмін. Бұл сол сәтте қабылданған шешім емес. Алдында бұл қақпаны өзгерту туралы мәселе қозғалғанда мен қала әкімі мен облыстық ішкі саясат басқармасының басшысына қақпадағы сөзді болашақта Ы.Сүлейменов көшесіндегі «Махаббат» аллеясына көшіруді тапсырғанмын. Біз Фирдоусидің дәрежесін жақсы білеміз. Қақпада Тараздың тарихын сипаттайтын сөздер болуы керек. Ал базарлар туралы айтсақ, орталық көк базардың көшірілгенін бәріңіз жақсы білесіздер. Қазір онда қазба жұмыстары жүріп жатыр. Әрине, біз қаланың үш жерінен заманауи үлгідегі жаңа базар соқтық. Бірақ, жабайы базардың көтеріліп кеткені жасырын емес. Оны алып тастауға да болатын еді, бірақ біз шағын бизнесті қазір тексере алмаймыз. Осы жағы біздің қолымызды байлап отыр. Мұны да ескеру керек. Қазір тексеріс жасауды тапсырсам кәсіпкерлер бірден Президент аппаратына, Бас прокуратураға немесе қаржы полициясына арыздануға дайын тұр. Төрт ай уақыт қалды. Алдағы жылдың 1-қаңтарынан бастап «көлеңкелі экономикамен» жан-жақты күресетін боламыз. Салық түсімдеріне келетін болсақ, алты айдың қорытындысы бойынша біздің көрсеткіштердің бәрі дұрыс. 2010 жылдан бастап сақталып келген 16 миллиард теңгені былтыр 34 миллиард теңгеге көтердік. Биыл біз жоспарды кем дегенде 37, 7 миллард теңгеге жеткіземіз бе деп отырмыз, – деді облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев. Мәслихат сессиясында сонымен қатар 2014-2016 жылдарға арналған облыстық бюджет көрсеткіштерін нақтылау туралы мәселе қаралып, ол бойынша облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әмірханов хабарлама жасады. Сессияда қаралған мәселелер бойынша тиісті шешім қабылданды.

Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар