Біраз жыл бұрын оқулық мәселесі – мектеп оқушылары мен ата-аналар үшін негізгі «бас ауруына» айналған еді. Оқулықсыз оқу үлгерімін оңалту мүмкін емес болған соң, қалайша бұған бас қатырмайды? Сол үшін тамыз айынан бастап бүкіл кітап дүкендерін аралап, «керегін» іздеуге шығатын. Бұл әр оқу жылының басында міндетті түрде туындайтын проблема болатын. Бірақ, облыстық білім басқармасының мамандары биыл мұндай қиындықтар жоқ деп сендіруде.
Басқарма берген мәліметке сүйенсек, 2014-2015 оқу жылына оқулықтарды қайта басып шығару кестесіне сәйкес 3,10-сыныптардың және қосымша 2-сыныптардың ағылшын тілі пәні, 6-сыныптардың информатика пәні оқулықтарына мектепалды даярлық сыныптарының, техникалық және кәсіптік білім мекемелерінің оқушыларына арналған оқулықтарға тапсырыс берілген екен. «Оқулықтарға тапсырыс беруде Білім және ғылым министрлігінің 2014 жылғы 28 сәуірдегі №127 бұйрығымен бекітілген жаңа оқу жылында қолдануға рұқсат етілген оқу басылымдарының тізбесі басшылыққа алынды. Оқулықтармен қамту кестесіне сәйкес 2014-2015 оқу жылында 3,10 сынып оқушылары жаңа басылып шыққан оқулықтармен 100 пайыз қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, облыс бойынша мектеп оқушылары толықтай қамтылады деп күтілуде», – дейді аталған басқарманың бөлім басшысы Айдын Досыбаева. Білім мекемелері негізінен келісім-шарттарды «Атамұра», «Мектеп», «Алматыкітап», «Арман ПВ», «Келешек-2030», «Cambridge University Press», «Фолиант», «Олимп», «Жазушы», «Мacmillan», «Білім», «САТР», «ЦПТИО» баспаларымен жасасыпты. Жалпы, биыл облыс бойынша пән кітаптары мен оқу-әдістемелік кешендерді сатып алуға, тасымалдауға 653 миллион 401 мың 732 теңге бөлінген екен. «Қазір мемлекеттік тапсырыс негізінде сатып алынған оқулықтар аудандарға таратылып бітті», дейді жауапты мамандар. Оқулықтар алдымен «Мектеп-интернаттардың тәрбиеленушілері мен мектеп оқушыларын оқулықтармен және оқу құралдарымен тегін қамту туралы» Үкіметтің №173 қаулысына сәйкес аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балаларына үлестірілетіні белгілі. Бірақ, жеткілікті болса, басқалары да кітапсыз қалмайды. Тек жаңа оқу жылында алдын ала жасалған болжамнан оқушы саны асып кеткен мектептерде ғана тапшылық туындауы мүмкін. Сала мамандарының айтуынша, мұндай жағдайда оқу саны аз білім мекемелері өзара кітаптар алмасатын көрінеді. Қандай шара қабылданса да, облыс оқушыларының 100 пайыз оқулықтармен қамтылатыны оңды болған. Себебі, кітаптар сатып алу материалдық жағдайы жақсы отбасыларға да біраз салмақ түсіретіні анық. Оның үстіне қазіргі нарықтағы баға біршама өскен. Облыс орталығындағы «Шерхан» кітап дүкенінің сатушысы былтырғымен салыстырғанда оқулықтардың құны едәуір көтерілгенін айтады. «Барлық кітаптар сатылымға жаңа бағамен шығарылды. Биыл қайтадан басылып шыққан 3-10 сыныптарға арналған оқулықтар да сондай. Мысалы, 3-сыныптың математикасы – екі кітап, шамамен 750-850 теңге тұрады», – деді ол. «Букинист» дүкеніне биыл қайта тапсырыс берілген 3-10 сыныптардың оқулықтары әлі түспепті. Сатушы жаңа кітаптар келесі аптада сатылымға шығарылатынын айтты. Бірді-екілі болмаса, бұл жерде оқулықтар тым аз екен. 8-сыныпқа арналған «химияның», 7-сыныптың «технологияның» бағасы – 1200-1300 теңге. Бастауыш сыныптардың оқулықтары 600 теңгеден басталады. Есесіне, мұнда оқулыққа қосымша құралдар көп. Бір ғана бірінші сыныптың «Ана тілі» дәптері (бірінші және екінші дәптер) – 900 теңге. Қымбат әрине. Дүкеннен жолықтырған Жамбыл ауданынан келген мұғалім қосымша оқу құралдарын, яғни жазу дәптерлері мектепте берілмейді дейді. Тек, «Ана тілін» алумен шектелсе, ештеңе емес, бірақ математика, тағы да басқа құралдарды қоса алса, соның өзі біраз қаражат болады ғой. Екі дүкеннен де кітап іздеп сабылып жүрген оқушыларды, ата-ананы кездестіре алмадық. Бұл да болса, қуантарлық жайт.
Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
«Сапалы білім – саналы ұрпақ кепілі» атты кездесу өтті
- 24 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді