Жұлдыздар «Астананы» «жұтып» қойды

Жұлдыздар   «Астананы» «жұтып» қойды
ашық дереккөз
Жұлдыздар «Астананы» «жұтып» қойды

Еуропа лигасының ағымдағы маусымын сәтті бастаған «Астана» футбол клубы плей-офф кезеңінің алғашқы матчында испаниялық «Вильярреалға» ойсырай ұтылды. Құрамында Джованни Дос Сантос, Тригерос, Эспиноса секілді жұлдыздар шоғырланған Пиреней түбегінің командасы біздің ұжымға шеберлік сабағын өткізді.

Өз алаңымыздағы ойында астаналықтар аяғына қорғасын байлап алғандай өгіз аяңға салды. Жүрістері мардымды емес. Таңат Нөсербаев пен Бауыржан Жолшиевтердің үйреншікті комбинацияларын көз көрмей қойды. Бәлкім, тым адуынды, азулы қарсыласқа түскен елордалықтар қарсыластарынан сескенген де болар. Дегенмен, мейман статусына қарамастан, айқын фаворит саналған «Вильярреал» ойыншылары алғашқы жарты сағаттықта мардымды шабуылдар ұйымдастыра алмады. Тек матчтың 33 минутында қарсылас команданың шабуылынан алаң иелері көз жазып қалды. Қорғаушылардың өрескел қателігін қалт жібермеген Кани Ненад Эрич қақпасын дәл көздеп, есеп ашты. Қарсылас команданың қарқынынан қаймығып қалған елордалық команда әр қадамын жеті рет өлшеп, бір рет пішіп басқанымен, олардың ойыны өнбей қойды. Қапталдағы ойыншылар қарсы шабуылға екпіндеп шығуға қанша мәрте тырысса да, тәжірибелі «Вильярреал» ойыншылары бізге еш мүмкіндік бермеді. Ойынның екінші жартысы бастала салысымен қонақтар шабуыл шебін күшейте түсті. Эрич қақпасына құйындай жүйткіген «Вильярреал» футболшылары ақыры өз дегендеріне жетіп, есептегі басымдықты арттырды. Голдың авторы – даңқты Джованни Дос Сантос. Осы голдан кейін ойын бір қалыпқа түскендей сыңай танытқан. Мейман команда бастапқы райынан қайтып, енді тек қарымта шабуылдарға иек артты. Ал «Астана» ойыншылары сан мәрте қауіпті сәттер жасағысы келгенімен, доп қонақ команданың айып алаңын маңайламады. Ойын бір ырғаққа түсіп, доп орталық алаңда паналаған еді. Алайда, қарсы шабуылдардың бірінде «Вильярреал» ойыншысы Гаспар Марио «Астана» қақпасына үшінші допты енгізіп, ақтық нәтижені тіркеді. Иә, қарсыластардың шабуылынан бас сауғалай алмаған «Астана» тас-талқаны шығып, жеңілді. Үйдегі матчта тым болмаса тең нәтижеге қол жеткізе алмаған біздің команда түздегі ойында төрт доп айырмасымен жеңісті жұлып алады деуге сене қою қиын. Дегенмен, «Астана» футбол клубының бас бапкері Станимир Стойлов ғажайыпқа сенеді екен. Ойын аяқталғаннан кейінгі баспасөз мәслихатында ол: «Менің командам жақсы ойын көрсетуге тырысты. Алайда, екі қателік біздің қақпамызға екі голды алып келді. Сонымен қатар, мен төрешілердің жөн-жосықсыз ескерту қағаздарын көрсеткеніне таңқалдым. Ал Аничичтің алаңнан қуылғанына тіпті келіспеймін. Ол жерде қол шығып, бас жараланатындай дәнеңе болған жоқ. Керемет қолдау көрсеткен жанкүйерлерге дән ризамын. Бізді бәрі аутсайдер санап отырғаны анық. Рас, топтық кезеңге өтуге мүмкіндігіміз аз. Дегенмен, футболда бәрі болады. Мен ғажайыптарға сенетін адаммын. Командам қарымта матчта қажетті нәтижеге қол жеткізе алатындығына сенемін» депті. Әрине, футболда бәрі болуы ықтимал. Станимир Стойловтың командасы түздегі ойында ірі есеппен Испанияның ла лигасында мардымды ойын көрсетіп жүрген ұжымын тізе бүктіріп жатса, біз ғана емес, кәрі құрлықтың даңқты басылымдары да жарыса жар салар еді... Бұл күні Еуропа лигасының плей-офф кезеңінде ойнап жатқан тағы бір командамыз «Ақтөбе» де польшалық қарсыласы «Легиядан» жеңіліп қалды. Әйткенмен, «Ақтөбе» фуболшылары елордалықтарға қарағанда ширақ қимылдады. Қарсылас қақпасына гол соғатын мүмкіндіктері де болды. Алайда олар өздері ақ тер, көк тер болып ұйымдастырған шабуылдарын нәтижелі аяқтай алмай алашапқын күй кешті. Футболдағы «сен соқпасаң, саған соғады» қағидасы осы күні толығымен іске асып, матчтың екінші кезеңі бастала салысымен варшавалық команданың белді ойыншысы Одрей Дуда мергендік танытты. Осылайша «Легия» футболшылары жеңіс тойын тойлады. Ал ойын соңынан кейінгі баспасөз мәслихатында «Ақтөбенің» бас бапкері Владимир Газзаев футболшылардың жақсы ойын көрсеткенін, бірнеше тамаша мүмкіндікті мүлт жіберіп алғанын, матчта мүмкіндікті кім пайдаланса, сол жеңіске жететінін айтып, алдағы бейсенбіде өтетін қарымта ойында қалай болған күнде де қос кездесудің нәтижесі бойынша топтық турнирге өтуге бар мүмкіндікті пайдаланатынын тіліне тиек етті. Қарымта кездесулер алдағы аптаның бейсенбісінде сырт алаңдарда өтетін болады.

Табиғат АБАИЛДАЕВ,

"Ақ жол".

Ұқсас жаңалықтар