Головкин мен Рубионың промоутерлері келісімге келді.
Орта салмақта кәсіпқой рингте 30 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен отандасымыз Геннадий Головкиннің промоутерлері келіссөздерді сәтті жүргізу арқылы WBC тұжырымы бойынша әлемнің уақытша чемпионы мексикалық Марко Антонио Рубиомен кездесуге мүмкіндік алды. Геннадий Головкин соңғы алты жылдың бедеріндегі жекпе-жектерінің бірде-бірін соңына дейін жеткізген емес. Мақтаулы Мэттью Маклин мен нокаутқа түсіп көрмеген Дениэль Гилдің бар болғаны үш раунд шыдағанын көз көрді. Бір сөзбен айтқанда Генаға енді тек Питер Куиллин, Мигель Котто сынды былғары қолғап шеберлерімен жұдырықтасып, әлемде өзіне тең қарсылас жоқ екенін ғана дәлелдеу керек. Алайда, аты аталған қос боксшы Головкиннің ту сыртында тұрып, тас атқанымен, іс жүзіне келгенде біздің батырдан қашып жүр. Енді қайтпек керек... Марко Антонио Рубио қарымды қарсылас. Алғашында бірінші орта салмақ дәрежесінде жұдырықтасып жүрген ол Абель Санчестің басқа шәкірті (Абель Санчес бүгінгі таңда Геннадий Головкиннің де жаттықтырушысы) ресейлік Заурбек Байсангуровке 12 раундтың нәтижесінде есе жіберді. Бірінші раундта Заурбекті нокдаунға түсіргенімен, әрмен қарай қарсыласынан әлдеқайда төмен деңгейде жұдырықтасты. Осылайша, WBC тұжырымының уақытша чемпионы атағы үшін өткен кездесуде жолы болмады. Дегенмен, оның бұл жеңілістен соң сағы сынған жоқ. Келесі орта салмақ дәрежесіне ауысқан ол қарсыластарын нокаутқа түсіруді жалғастыра берді. Тек WBC және WBO тұжырымдары бойынша сол кездегі (2008 жыл) әлем чемпионы Келли Павликтің жойқын жұдырығының алдында дәрменсіздік танытып, техникалық нокаутпен жеңілген соң, аздап үзіліс алды. Одан кейін де бірқатар қарымды боксшыларды есінен тандырды. Алайда, ол кіші Чавеспен өткен жекпе-жекте тағы да ұтылып қалды. Ұзын саны 62 кездесу өткізген 34 жасар мексикалық былғары қолғап шебері 55 мәрте жеңіс тойын тойласа, 6 қарсыласының алдында тізе бүгіп, жалқы кездесуін тең нәтижемен аяқтапты. 48 кездесуде қарсыласын баудай түсірген тәжірибелі Рубио Генаға лайықты қарсылас бола ала ма?
GGG несімен мықты?
Шаршы рингте 12 раундтық жекпе-жек өткізіп көрмеген қарағандылық оғлан несімен мықты? Головкиннің осы күнге дейін өткізген кездесулерінде өзінің 100 пайыздық соққысын көрсетпегенін бапкері Абель Санчес жиі айтып жүр. Бір мезетте 3 бірдей тікелей соққысын қарсыласына дарытып, лезде басқа комбинацияға көше салатын қарағандылық оғланның ілкі сәтте 11 соққысын қарсыласына дөп тигізгенін де көз көрген болатын. Одан бөлек қарсыласын қыспаққа алып, бірінші нөмірмен жұмыс жасайды. Анығырақ айтқанда кез-келген боксшының рингте еркін ойқастауына мүмкіндік бермей, рингті қос аяғының қимылымен әп-сәтте қиып өтіп, бұрышқа қарай тықсырады. Сөйтіп, өз дегеніне жетеді. Марко Антонио Рубио аяққа жақсы ойнағанымен, Головкин секілді қарымды былғары қолғап шеберімен әлі жолығып көрген жоқ. Рас, ол мексикалық боксшы. Әдетте, ацтектер қарсыластарынан жеңілген күннің өзінде жекпе-жекті соңына дейін жалғастырады. Яғни, соққыға төзімді келеді. Бірақ, Рубио бірнеше мәрте нокаутпен ұтылғанын есепке алсақ, оның Генаның алдында да лайықты қарсылық көрсете алмай, ринг төрінде сұлап қалуы мүмкін екенін жоққа шығара алмаймыз. Мексикалық боксшылар адуынды болғанымен, оларға қарсы қолданатын Головкиннің арсеналында жасырын комбинациялар бар екені дау тудырмайды. Бір сөзбен айтқанда, Марко Антонио жақсы боксшы, бірақ, Головкин одан мықты сияқты. Қарымды екенін 18 қазанда дәледеуге тас түйін дайын.
Ломаченко біліп айтып отыр...
Екі дүркін олимпиада чемпионы украиналық Василь Ломаченко жеңіл салмақта кәсіпқой рингке ауысқалы небәрі үшінші кездесуінде WBO тұжырымы бойынша уақытша әлем чемпионы атағын жеңіп алды. Гэри Рассельді 12 раунд бойы бұрыштан бұрышқа тыққан ол өзінің чемпион емес екенін айтады. «Мен өзімді чемпион сезінбеймін. Неге десеңіз, кәсіпқой бокста олимпиадалық жүйе жоқ. Негізгі саналатын төрт тұжырым чемпиондары бір-бірінен қашып жүреді. Сол себепті олармен жұдырықтасу қиынға соғады. Кәсіпқой боксқа да олимпиададағыдай жүйе енгізген дұрыс шығар. Әрине, ол мұнда оңайға соқпайды. Мақұл ол турнир бір жарым жылға созылса да көнуге болады. Сол межелі мерзім ішінде бір боксшы төрт тұжырым бойынша мықтылығын дәлелдесе, нағыз чемпион сол болар еді. Бір ғана тұжырымды жеңіп алғаныма орай мен өзімді чемпион сезінбеймін. Өйткені, өзге тұжырымдар бойынша да чемпиондар бар» дейді ол. Ломаченконың бұл ұсынысы шынымен де әр салмақта кімнің нөмір бір екенін айқындап берер еді. Мәселен, Генамен жұдырықтасудан қашып жүрген Питер Куйллин де, Мигель Котто да осы жүйе енгізілсе, амалсыз қарағандылық панчермен жұдырықтасуға мәжбүр болады. Алайда, Ломаченконың ұтымды ұсынысының қабылдана қоюы екіталай...
Табиғат АБАИЛДАЕВ,
"Ақ жол".
Ұқсас жаңалықтар
Спорт кешені пайдалануға берілді
- 21 қараша, 2024
Әлемнің жүйріктері Әулиеатада бақ сынасты
- 12 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді