Желсіз тымық түнге ерекше реңк берген сансыз жұлдыздар көкжиекте шырақтай жанып, жарқырап тұр. Күре жолдан қаға берістегі соқпақты сүрлеу жолға түскен жеңіл көліктің доңғалағы кенеттен жарылып, істен шықты да, көлік жүргізушісі оны ауыстырамын дегенше, жолаушылар әудем жерден көрінген жарыққа аңтарыла қарады. -Әй, анау не жарық. Қара қошқыл түтін будақтап шығып жатыр. Таяу маңнан күшіктердің шәуілдеген даусы естіле ме? деп жолаушылардың арасындағы жігіттердің бірі бір уақ мүлгіген тыныштықты бұзды. -Е, бұл ықылым заманнан әйгілі Қарақорым ғой. Елі орнында. Ілкі сәтке де байыз таппай тіршілігін жасап жүр, деді іле үн қатқан жолаушының бірі. Осы сәтте қарияның көз алдына Қарақорымның әрі шыбықтай майысқақ, әрі алмастай өткір адуынды арулары елестеп кетті. Көңілі алабұртты.
**** Қыр үстіндегі айналасы биік дуалмен әдіптелген бекініс-қамалға көп ұқсайтын ғимараттың іші ылғи да құж-құж қайнап жатады. Мұнда жанға қажеттінің бәрі бар. Бірақ бұл бекініске көлденең көк атты кіре алмайды. Дарбаза алдында мылтық кезенген күзетші тұр. Жасы жиырмадан енді асқан, орта бойлы, кең маңдайлы, қылаң жүзді жігіт бекініс ауласына енгені сол еді, «Қайдархан» деген дауысқа жалт қарады. Шақырып тұрған көк пальтоны желең жамылған, қызыл орамалын шекесіне тарта түйген, сұңғақ бойлы, сымбатты қыз екен. Ол Күлімкөз еді. Осындағы қойма меңгерушісі ағасының қол астында көмекші болып жұмыс істейді. Өзі қандай сымбатты болса, жазуы да тап-тұйнақтай. Екеуінің ара-тұра кездесетін орны – осы тас қорғанның іші-тін. Әдеттегідей Күлімкөз төртбақ денелі жігіттің арқасын сипай қағып, жұмыс орнына ертіп келді. Қойма іші қоңыр салқын тартып тұрса да қыз қылығы жігіт көңілін жібітіп жібергендей болды. Содан болар жігіттің денесі жіпсіп сала берді. Онысын қызға сездіргісі келмей сырт киім мен костюмінің түймесін ағытып жіберді. Сол-ақ екен, салқын самал тұла бойын жадыратып жібергендей рахат күй кешті. Қаптаған жұмысын едел-жедел реттестірген Күлімкөз қарыс қадам жердегі газетке шұқшия қараған Қайдарханға наздана қарап: «Сен мені алып қашасың ғой..., ә» деді бірден. Бұл не? Айтарға сөз таппай аңырап тұрған жігітке қыз еркелей қолын ұсынды. Жігіт лезде бойын түзеп, қыздың сүйрік саусақтарын аялай қысып, өбуге оқталғаны сол еді, есік сықыр етіп ашылды. Кең қойманың арғы бүйірінен дабырлаған дауыс естіліп, бір топ адам бері беттегені аңғарылды. Екеуі сыр алдырмай әңгімелерін жалғады. Келген жігіттер мен қыз-келіншектер аралас сауда бастықтары мен тауартанушылар екен. Қайдархан басқа бөлмелерді аралай жөнелді де, жымын білдірмей сыртқа шығып кетті.Тап осы шақта Қайдарханды жұмысындағылар жабыла іздеп жатқан. «Қайда жүрсе де табыңдар», деп үлкен бастық қылмыскерді іздегендей соңына шырақ алып түсті. Бастықтың әбден зығырданы қайнап, жанын қоярға жер таппай тұрған кезде Қайдархан да бой көрсетті. «Ту, қарағым-ай қайда жүрсің ,ә. Мен сені іздеп, әбден әуре болдым ғой. Мәшине қағып кетті ме деп уайымдап отыр едім», деп бастығы райынан қайтып, қамқорлықпен үн қатты. Қайдархан сол бойда әріптестерінің: «Көтере алмайтын шоқпарды беліңе қыстырып не азап» дегендеріне қыңқ деместен Алматыға тартып кетті. Бастығының: «Егер бұл күрсіге бара алмасаң, анау бухгалтер көмекшісі қызметіңнен айрыласың» деп қорқытып, үркіткені жөнінде ешкімге жақ ашқан жоқ. Ол жақта да іңкәр көңіл Күлімкөздің әр қимылын көз алдына елестетіп, арманына қол созымдай қалғанда, аспанға аққұс болып ұшып кеткенін өкінішпен күндіз-түні есіне алып отырды. Оқуында да береке болмады. Мұғалім, оқытушының не айтып тұрғанында ісі болған жоқ. Есіл-дерті ауылы. Әсіресе Күлімкөздің «менің басыма қашан орамал саласың» деген сөзі күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырды. Оқшау қалғанда: «Апыр-ау, ол мені жан-тәнімен сүйеді екен ғой. Мен қалай осы уақытқа дейін білмей жүргенмін. Өзің сүйгеннен гөрі өзіңді сүйгенді ал» деген рас-ау деп торықты іштей. Күн сайын ғашығын ойлап сарғайған жігіт үшін оқуыңыз тозақтың отындай болды. «Осы менің ғашықтық күйзелісіме не жорық! Мен Күлімкөздің қолын ұстап үлгере алмадым. Егер қолына жүзік салғанымда Күлімкөздің «сендікпін» деген серті берік болар еді» деп өзін жұбатқансиды. Ол кезде ауылмен сөйлесу оңай емес-тін. Оның үстіне Қарақорым секілді қиян шеттегі ауылға хат-хабарың ай айналып бір-ақ жетеді. Сондықтан да Қайдархан оқу біткенше алаңдаған жоқ. Елге жеткенде арманына айналған ғашығынан көз жазып қаларын білмеді де. Қарақорымның аймаңдай қызынан Жандыбайдың да дәмесі зор еді. Әлгінің тағатын тауысып, ақылынан алжастырған да Күлімкөздің өзі. Жігіттерді сең соққандай күй кештіріп, айналасына үйіріп алмаса, Қарақорымның қызы бола ма? Талайдың көз құртын жеген сол Күлімкөзді қызық болғанда Рахметбай алып қашып кетіпті. Мұндай суыт хабарды Жандыбай Ақжелдің көпірінен өте бере қасындағы екі-үш кісіден есітті. Ауылдасы: «Бүгін ауылында бетін ашты. Біз сол үйден келеміз» дегенде, Жандыбай жанарымен жер шұқып, көзі аларып: «Әй, не деп тантып тұрсың?» деп сұраулы жүзбен қарады. Қуып барғаннан қайран жоқ. Не деген сұмдық! Рахметбай Жандыбайдан 10 жас кіші. Ал Жандыбайдың жасы отыздан асты. Қызметі, айлығы жоғары, жеке шопыры бар. Тек келін түсірудің жолы түспей жүрген. Ал, мұның қалыңдығын алып қашқан Рахметбай бар болғаны темір-терсек жинайтын мекеменің бас бухгалтерінің орынбасары. Алайда оның да басынан осындай жағдай өтті. Оны көршісі Көңілбай сыр суыртпақтағанда айтыпты. Сөз байласқан қызын (Атантайдың қарындасы) әлдекімдер шаңқай түсте алып қашып, мұны жер сипатыпты. «Күлімкөз менің ғашығым, қол алысқанбыз. Үйдің іші бір апта болды, ауыл тойына дайындалып жатыр. Мен той шаруасымен жүрмін ғой. Мынаған қалай шыдаймын? Енді тірі жүрудің керегі не? Мен мына көпірден құлап өлемін» деп тыпырлап, құлайтын қолайлы тұсты жанұшыра іздеп, көпірді асығып-аптығып жағалай бастады. Бірақ жан жағы биік темір тормен шырмалған көпірден құлайтын жер табылмай ғашығынан тірідей айрылған жігіт еңіреп қоя берді. Атантай ел-жұртқа танымал адам. Мемлекет дүние-мүлкін тарату орталығының директоры. Ондай адам қыр соңынан қаңқу сөз ергізе қоймасын жақсы түсінді. Айымкүлдің өзі Рахметбайға: «мені алып қашасың ғой, ә» деп қол алысқанымен қоймай, басқа біраз жігіттермен де ант-су ішіскен тәрізді. Қызды алып қашуға бір мезетте төрт жігіт нөкерлерімен сайланып келіпті. Саусылдаған жігіттер өзара келісе алмай, жаға жыртысуға шақ қалған. Милиция оларды шетінен тырқыратып, бездіре қуып, тоз-тозын шығарды. Дәл сол кезде кімге әйел болып тиерін білмей тұрған қыз Бәсекенің інісіне бұйырған. Оның нөкерлері қыздың шырылдап...: «Мен бұл жігітті танымаймын» дегеніне қарамай, баяғы замандағы көкпар тартқандай алып қашқан. Күлімкөздің ертеректе еркелеп: «Әй, Рахметбай мені қашан алып қашасың» деген сөзі есіне сап ете қалды. Тағы бірде: «мені алып қашам дегендер көбейіп барады. Ырғаласың, жырғаласың, менен сөйтіп құр қаласың», деген сөзін құлағы шалған еді. «Е, деп ойлады Рахметбай, қай озғандарың мені алдымен алып қашыңдар дегені ғой бұл»... Күлімкөзді көп күттірмей, шаңырағына қондырды. Абырой болғанда оны алып қашқан Рахметбайдың үйіне қуғыншы келген жоқ. Кім келуі керек еді? Күлімкөздің сертін алмаған Қайдархан оқуда болса... Ал, Күлімкөздің басқаға бұйырғанына күйзелген Жандыбайдың көпірден құлап өлуге әрекет еткендігінен ештеңе шықпады. Оның осынау сұмдыққа баруға басын тіккенін естіген достары мен туыстары, жеңгелері, әкпе- қарындастары ию-қию ақыл айтудан танбады. -Қарақорымның қыздарынан басқа қыз құрып қалды ма? Ойбай-ау, өлемін дегенді қой. Ел-жұртқа не бетімізді айтамыз? Досқа күлкі, дұшпанға таба қылма! Сүйегімізге таңба болады. Әдіре қалғыр Қарақорым қыздары уәдені үйіп-төгіп беріп, басқаға қашып кете берсін. Қыз көп! Шекесінен шертіп жүріп аласың әлі... Иә, бұл оқиға Ақжел жігіттерінің көзін ашты. Біршама ширатып, ширықтырды. Кейіннен Жандыбайға да, Қайдарханға да өзге ауылдың ай маңдай арулары бұйырды. Қыздары көрікті, ұлдары білікті болып өсті. «Шіркін, тыныш жатқан жұртты дүрліктіріп, ұлардай шулатқан Қарақорымның қыздары талайдың жүрегіне шоқ түсірдіңдер ғой» деп тәтті естелікке беріліп, ойға шомған қария ілби басып, доңғалағы жаңаланған көлікке жайғасты. Ал, Қарақорым көз ұшынан жылыстап, сағымдай селдіреп қала берді.
Кәдірхан Баққараев
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді