Осы уақытқа дейін шығыстың шайыры Фирдауси оныншы ғасырда жазып қалдырыпты делініп келген «Мөп-мөлдір көздің қарасын, Тараздан ғана табасың» деген өлең жолдары әңгімеге осыншалықты арқау болады деп ешкім күтпеген. Осы сөздің Тараз қаласының батыс қақпасының оң жақ қапталында жазылып тұрғанына бірнеше жыл болған еді. Ал шынтуайтына жүгінсек, бұл өлең жолдары - Фирдауси шумағының сөзбе-сөз аудармасы ма? Тарихи тақырыпқа жазылған шығармаларға үңілсек, Тараздың сәулетін жырлаумен бірге, сұлуларына тамсанған шайырлар көп болғанын білеміз.
Олардың қатарында Фирдауси, Рудаки, Асади, Туси, Фаррухи, Фистани, Омар Һайям, Горгани, Санаи, Әнвари және басқалар бар. Осылардың ішіндегі әңгімеге арқау болып отырған ақын Фирдауси: ≪Екі қасы Тараздың садағындай иілген, Кірпігіне жас шыбықтай сүйінгем... Мамық төсекте бір көркем әйел отыр, Әдепке толы, үстінде Тараздың әсем киімі...≫ деп жырлапты. Бұлай деп анау-мынау емес, белгілі ғалым Ислам Жеменей жазады. Бұдан ары ол өз кітабында Рудакидің ≪Михрабқа жүзді бұрғанменен не пайда, Көңілі құрғыр Бұхара менен Тараз аруларында болған соң... Қаласаң, жаһаннан аздап үлес ал, немесе Таразға дейін уысыңа сал≫ деген өлең жолдарынан мысал келтіреді. Демек, шығыстанушы ғалым қағазға түсірген өлеңдердің ешбірінен ≪Мөп-мөлдір көздің қарасын, Тараздан ғана табасың≫ деген жолдарды кездестірмейміз.
Сонда бұл екі ауыз өлең ұйқасын кім шығарды? Біз осыған орай шығыс шайырларының шығармасын қазақ тіліне тәржімалаған филология ғылымдарының докторы, Сүлеймен Демирел университетінің профессоры Ислам Жеменейді әңгімеге тартқанымызда: - Жалпы, Фирдаусидің ≪Шахнамасы≫ әлемдік орны бар үлкен поэтикалық дүние. Ол шығарма 60 мың бәйіттен тұрады. Яғни, онда 120 мың өлең жолы бар. Сол теңдессіз шығарманың ішінен бір бәйіті Тараздың сұлуларына арналған. Сол ғасырлардан бері шығыс шайырларының дүниелері ғылыми тұрғыда жан-жақты зерделенді. Мен Фирдаусидің шығармасын Тараздың екі мың жылдық мерейтойы кезінде, яғни, 2002 жылы ≪Тараз – Парсы ақындарының жыр шумақтарында≫ деген тәржіма кітабымда аударған болатынмын. Бұл туындыдағы дүниелердің барлығы ақындардың түпнұсқадағы өлеңдерінен аударылған. Сонда Фирдауси: ≪Дастархан жайылып, шарап қойылып, саз әуенін шырқап, Тараздың қара көзді, гүл жүзді арулары сонда бас қосқан≫ деп жырлаған. Осы жолдарды баз бір ақындар еркін аудармамен көркемдеп, бір буынын, бір жолға сыйдырып ≪Мөп-мөлдір көздің қарасын, Тараздан ғана табасың≫ деп өрнектеп, сол кезде Тараздың батыс қақпасына ілінген еді, - деді ол. Демек, дау тудырған өлең Фирдауси жырының сөзбе-сөз нұсқасы емес екен. Сондықтан ≪Фирдаусидің өлеңі еді≫ делініп келген ұйқастарды алып, оның орнына бүгінгі өңір өзгерістеріне лайықты ≪Жыл өткен сайын жасарған, Жамбылым қандай тамаша!≫ деп келетін өлең жолдарымен ауыстырғанның қандай сөкеттігі бар? Оны басқа емес, ана тіліміздің жоқшысы, ақын Шона Смаханұлының жазғанын ескерсек, тіпті, жарасып тұр емес пе?!. Өйткені, Шона – Жамбыл өңірінен шыққан ақын, сонымен бірге қазақ халқының мақтаныштарының бірі болған азамат. Оның үстіне облыс жұртшылығы биыл Шона Смаханұлының 90 жылдығын атап өткелі отыр. Ал Ислам Жеменейдің айтуынша, парсы ақыны Фирдаусидің көне Тараз шаһарына келгені туралы да нақты дерек жоқ екен. Солай бола тұра біз ұлы шайырдың жыр шумақтарын керексіз етіп отырған жоқпыз, мәңгілік жырға құрметіміз шексіз. Фирдаусидің жыры делініп келген өлеңге облыс орталығындағы ≪Махаббат аллеясынан≫ орын еншіледік. Мұны да жергілікті биліктің білікті шешімі деп қабылдаған жөн-ау! Өйткені, әйел сұлулығы мен оған деген іңкәрлікке толы сезім қаланың бас қақпасында емес, ғашықтар қыдырыстайтын жерде жазулы тұрғаны жөн-ақ. Ендеше, ≪жерден жеті қоян тапқандай≫ жалаулататын ештеңе бүлінген жоқ деп ойлаймыз.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Фариза ӘБДІКЕРІМОВА,
«Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді