Жаңа талаптар мен үдерістерге сай ұрпақ тәрбиелеу – уақыт талабы
- author «Ақ жол»
- 27 тамыз, 2019
- 204
Қоғам өркениетке қадам басуы үшін отандық білім беру жүйесіне үлкен серпіліс қажет. Себебі бәсекеге қабілетті маман ғана экономиканың барлық саласын ілгері бастырады. Түптеп келгенде, инновацияның, ғылымның дамуы да, әлеуметтік мәселелер, әрі-беріден соң елдегі ішкі тұрақтылықтың сақталуы да, тағы басқа түйткілдердің шешімі де саналы, білімді ұрпақ тәрбиелеуде жатыр. Күні кеше Нұр-Сұлтан қаласындағы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқан республикалық, сондай-ақ Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында өткен облыстық Тамыз кеңестерінде де ең өзекті тақырыптардың талқыға салынуы – соның дәлелі.
Ардақ Үсейінова
Жастарды сапалы
өмірге бейімдеу керек
Бүгінде бүкіл жаһан үлкен өзгерістер кезеңіне қадам басты. Ал мұндай жаңғыруларды қабылдауға біздің қоғамдық сана қаншалықты дайын? Облыс педагогтары бас қосқан жиында осы және басқа да көкейдегі көп сұраққа жауап берген өңір басшысы Асқар Мырзахметов: «Жаңа талаптар мен үдерістерге сәйкес ұрпақ тәрбиелеу – заман талабы. Бұл міндетті іске асыруда білікті ұстаздардың рөлі ерекше», – дей келе, уақытпен үндес өзекті мәселелерге сала мамандарының назарын аударды.
Жалпы биылғы басқосудағы талқыланған мәселелердің ішінде басымдық тәрбие ісін үйлестіруге берілгенін айта кеткен жөн. Басты тақырып білім сапасын арттыруға бағытталғанымен, қоғамдық сананы қалыптастыруға тікелей ықпалы бар тәрбие жайын қозғамай кету мүмкін емес екені белгілі. Жиында сөйлеген сөзінде халықаралық «Білім-Инновация» қорының президенті Дархан Өте, «EDTEX-KZ» халықаралық білім орталығының бас директоры Ғани Бейсембаев та бұл түйткілден айналып өте алмады. Бірі орта мектептерге «Білім-Инновация» мектеп-интернаттарындағыдай құндылықтарға негізделген білім беру әдісін енгізу қажет десе, екіншісі ХХІ ғасыр жастарының өзгеше көзқарасын түсіну үшін мұғалім де, мектеп те өзгеруі керек деген пікірді алға тартты. Ал Білім және ғылым министрлігінің «Қаржы орталығы» АҚ президенті Асқар Ибраимов жедел өзгерістер кезеңіндегі отандық білім саласындағы бетбұрыстарды тарқатып айтып берді.
Көтерілген тақырыптардың сан алуандығына және оны талқыға салған тұлғалардың осы жиынға арнайы қатысқанына қарап-ақ, кеңес облыстық болғанымен, ауқымдылығы жағынан білім беру үдерісіне мемлекет тарапынан баса мән беріліп отырғанын байқайсыз.
Республикалық Тамыз кеңесінде Білім және ғылым министрі биылғы оқу жылында мұғалімдер мен оқушыларды көптеген жаңалықтар күтіп тұрғанын атап өткені белгілі. Педагог мәртебесін арттыру, оқулықтар сапасына қатысты мәселелер өз алдына бөлек әңгіме. Ал бұған дейін саладағы қолға алынған реформалар білім мекемелерінің дайындығына қарай жалғаса беретіні мәлім. Соған сәйкес өңірімізде орта білім беру жүйесінде оқыту сапасын арттыруға бағытталған жаңартылған мазмұн кезең-кезеңімен енгізіле береді.
Жаңалықтарға
толы жаңа оқу жылы
Облыстық білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова биыл 1 қыркүйектен бастап, 4, 9 және 10-сынып оқушылары сабақты жаңартылған мектеп бағдарламасы бойынша оқитынын айтты. Ал өңірдегі сабақ кестесі тығыз 20 гимназиядан басқа, жалпы білім беретін мектептердің барлығы бес күндік оқу аптасына көшкен.
– Облыста 442 жалпы білім беретін мектепте 222 мың бала білім алады. Сондай-ақ қазіргі таңда 7 жекеменшік мектепте 800-ге жуық оқушы оқып жатқанын айта кеткен жөн. Өңірдегі әлеуметтік жағдайдың тұрақтылығы сақталғанын бірінші сыныптағы бүлдіршіндер санының соңғы үш жылда өскенінен де байқауға болады. Мәселен, 2017 жылы – 26354, былтыр – 27541, биыл болжам бойынша 28 мың бала мектеп табалдырығын алғаш рет аттайды.
Тағы бір айта кететіні, облыста озық білім ошақтарының тәжірибесін тарату ісі үздіксіз жалғасуда. Мысалы, өткен оқу жылында 40 мектепте Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемелері енгізілсе, биыл оның саны 80-ге артады, – деді Рахия Сейітбекқызы.
Тиімді тәжірибе барлық мектепке таратылса…
Негізі «Білім-Инновация» мектеп-интернаттары мен Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту-тәрбие беру әдістемесінің заман талабына сай келетінін уақыттың өзі дәлелдеуде. Жыл сайын өткізілетін түрлі білім бәсекелерінде аталған білім мекемелерінің оқушылары үнемі үздік атанатыны тағы мәлім. Шетелдік және Қазақстандағы алдыңғы қатарлы оқу орындарының грантын иеленіп жататындар да солар. Міне, сондықтан облыс әкімі Асқар Мырзахметов былтырғы Тамыз кеңесінде басқарма басшысына тиімді тәжірибені тарата отырып, аудан, қала әкімдері арасында меморандумдар жасасып, арнайы білім сапасын арттыратын көрсеткіштерді белгілеуді тапсырған болатын. Сол жиында сала мамандарына жүктелген тағы бір міндет – аудандардағы мектеп-гимназия және лицейлердің өз мәртебесіне лайық екенін талдау еді.
Рахия Тұрмаханбетованың айтуынша, межені орындау мақсатында білім сапасына, мұғалімдер мен әдіскерлердің сапалық құрамына терең талдау жасалып, кешенді іс-шаралар қабылданған. Сонымен қатар облыстағы гимназиялар мен лицейлердің мұғалімдері мен шәкірттері қол жеткізген жетістіктері сараланып, жұмыстарына талдау жүргізіліпті. «Соңғы үш жылда облыста жұмыс істейтін 46 гимназия мен лицейлердің (6 гимназия, 26 мектеп-гимназия, 14 мектеп-лицей) 12-сінің бірде-бір оқушысы республикалық, халықаралық пән олимпиадалары мен ғылыми жоба жарыстарында жүлделі орын алмаған. Атап айтсақ, Жуалы ауданындағы Д.Қонаев атындағы, №15 мектеп-лицей, Қордай ауданындағы №1 мектеп-гимназия, Мойынқұм ауданындағы Жамбыл атындағы мектеп-гимназиясы, Т.Рысқұлов ауданындағы №1 мектеп-лицейі, Сарысу ауданындағы Ш.Уәлиханов, М.Әуезов атындағы мектеп-гимназиялары мен Абылай хан атындағы мектеп-лицейі, Талас ауданындағы А.Байтұрсынов атындағы мектеп-гимназия мен мектеп-лицей, Шу ауданындағы Жамбыл, Е.Бекмаханов атындағы мектеп-гимназиялар. Бұлардың бәрі – ауыл мектептері. Осының өзі аталған білім мекемелерінде дарынды оқушылармен жұмыстың төмендігін көрсетеді. Оқушыларды әртүрлі пән олимпиадаларына дайындау жұмыстары жолға қойылмаған», – дейді басқарма басшысы.
Иә, осыған қарап-ақ ауыл мен қала мектептері арасында алшақтық жойылмағанын аңғару қиын емес. Бұған шалғай елді мекендердегі шағын жинақталған мектептердің көптігі, кадр тапшылығы – негізгі себеп. Егер биыл елімізде «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданса, біраз мәселенің шешімі табылары анық.
– Қабылданатын заңда педагогтер үшін материалдық және моральдық ынталандыру, олардың құқықтарын, ар-намысын қорғау, мұғалім мен оқушыға жүктемені төмендету, қоғамда мұғалімнің беделін арттыру шаралары қарастырылуда. Қазірдің өзінде сала мамандарына бірқатар қолдаулар көрсетіліп жатқаны белгілі. Мемлекет басшысы Үкіметке мұғалімнің жалақысын 4 жыл ішінде екі есеге арттыруды тапсырды.
Жаңартылған білім беру мазмұнымен оқытатын 20 мыңнан астам мұғалімнің лауазымдық жалақысы 30 пайызға көбейді. Аттестаттаудың жаңа жүйесіне сәйкес 4,5 мың мұғалім 30-50 пайыз аралығында қосымша төлемақы алуда.
Биыл 1 маусымнан бастап, жалақысы төмен бюджеттік қызметкерлердің айлығы 30 пайызға көтерілді. Бұдан бөлек, білімді ұстаздарды, озық мектептерді қолдау жүйесі де қалыптасуда.
Өткен жылы өңірімізде «Үздік педагог» конкурсын жариялап, жеңімпаздарға 150 мың теңге көлемінде сыйақы беруді бастаған болатынбыз. Биыл оның көлемін 500 мың теңгеге дейін арттырып, Мұғалімдер күні қарсаңында табыстаймыз. Жылдың үздік мектебі бүгін 22 миллион теңгеге жуық грант алады, – деді Асқар Исабекұлы.
Еңбек ескерусіз қалмайды
Былтыр өңір басшысы жыл ішінде көп жетістікке жеткен ауыл, қала мектебі және шағын жинақталған мектептердің педагогикалық ұжымдарын марапаттау бастамасын ұсынған болатын. Бұл қадам сала қызметкерлерін едәуір серпілтіп, алға қарай ынталандырғаны рас. Нәтижесі де жаман емес. Атап айтсақ, облыс оқушыларының халықаралық, дүниежүзілік, республикалық пән олимпиадалары мен ғылыми жарыстарда жетістіктері артып келеді. 2018 жылы 123 медаль иеленсе, биыл 132 медальға жетіп отыр.
Жиында осыған айрықша тоқталған облыс әкімі өңірдегі 10 мектептің түрлі пәндер бойынша республикадағы «100 үздік мектеп» қатарына енгенін баса айтты.
– Биылғы түлектеріміздің 65 пайызы мемлекеттік білім беру грантына ие болды. Бұл көрсеткіш өткен жылы 59 пайыз болған. Соңғы екі жылдың өзінде 89 түлек Назарбаев Университетіне, 992 түлек шет мемлекеттердің ең үздік жоғары оқу орындарына оқуға түсті (АҚШ, Венгрия, Канада, Корея, Қытай, Малайзия, Ресей, Сингапур, Түркия, Чехия). Осы сәтті пайдалана отырып, осындай жетістіктерге қол жеткізген ұстаздарымызға, мектептерге алғысымызды білдіреміз!
Алайда мұндай жетістіктерді дарынды балаларға арналған арнайы мектептер мен Тараз қаласының кейбір гимназиялары ғана көрсетуде. Ал облыста 51 мектеп-гимназия мен лицей жұмыс істейді. Білім сапасы төмен гимназияларға да мемлекет қаржысы бірдей көлемде төленеді. Сондықтан мектеп-гимназиялардың директорларына, ұжымына деген талап күшейтілуі тиіс, – деді Асқар Исабекұлы.
Иә, еңбек ешқашан ескерусіз қалмайды. Өңір басшысы өз сөзінде айтып өткендей, жақсы бастама биыл да жалғасын тауып, үздік нәтиже көрсеткен білім мекемелерінің ұжымдары мен педагогтер үлкен марапатқа ие болды.
Жиын соңында Асқар Исабекұлы 10 ұстазды «Ыбырай Алтынсарин», тағы 10-ын «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері», бірқатарын «Облысқа сіңген еңбегі үшін» төсбелгілерімен марапаттады. Облыс әкімінің Құрмет грамоталарына ие болғандар да бар.
Ал Тараз қаласындағы №41 гимназиясы 2019 жылғы «Орта білім беретін үздік ұйым» грантының иегері атанып, 21 миллион 778 мың теңгенің сертификатын алды. «Білім беру ұйымдары қызметтерінің тиімділігін бағалау» рейтингісінің нәтижесінде ең жоғары көрсеткішке ие болған Меркі ауданы Т.Қожакеев атындағы №39 мектеп-гимназиясы – «Ең үздік инновациялық мектеп», Шу ауданы Жібек жолы мектеп-лицейі – «Ең үздік қала мектебі», Жамбыл ауданы Б.Бесбаев атындағы мектеп-гимназиясы – «Ең үздік ауыл мектебі», Т.Рысқұлов ауданындағы М.Әуезов атындағы орта мектеп – «Ең үздік шағын жинақталған мектеп», Тараз қаласындағы Абай атындағы гуманитарлық колледжіне «Ең үздік колледж» аталымы бойынша 1 000 000 теңгенің сертификаттары табыс етілді.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді