Дала «сахнасындағы» сайыпқырандар Құтыбас, Әлтей және Нұрбек жайлы
(Басы өткен санда).
– Нұрбектің өнерін ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес. Басқасын былай қойғанда, Қазақстанның 25 жылдығына арналған тойда көрсеткен өнері әлі есімнен кетпейді. Ол жиын Тасаткөл деген жерде өтті. Той шымылдығын Жамбыл аудандық партия комитетінің сол кездегі хатшысы Х.Баймұхамедов ашты. Ат бәйге, жаяу жарыс, күрес бәсекелері өтіп жатты. Бір кезде ол: – Куйбышев атындағы колхоздың байырғы сиыршысы Нұрбек Әлиүсіпов ат үстінде өнер көрсетеді, – деп жариялады. Сол-ақ екен, қарагер атпен суырылып ортаға шыға келген Нұрбек 600-700 метрдей жерге барып, тоқтады да, айыл-тұрманын мықтап тартып, атқа қайта қонды. Сөйтті де қарагерге қамшыны басып-басып қалып, тамашалап тұрған жұртқа қарай құйындата жөнелді. Көзді ашып-жұмғанша төбесін аттың жалына қойды да, екі үзеңгіден ұстап, екі аяқты жоғары жіберді. Арасында біресе аттың бір жақ бауырына, біресе екінші бауырына аунап түсіп, қайта мінеді. Таңырқап, таңдай қаққан халық: – Ой, құлады-ау – дегенде құлаған қалпынан қайта түзеліп, өнердің тағы бір түрін көрсетеді. Не керек сол күнгі той-тамашасы Нұрбектің өнерін қызықтаумен өтті, – деп ой түйеді. Ал пионерлік Құрманбек Таубаев Нұрбектің ат үстіндегі мынадай ұмытылмас шеберлігін еске алады: – Қай той екені есте жоқ, бір мереке өтіп жатты. Сонда Нұрбек ұзап шықты да төбесімен тік шапқан күйі алты қанат ақ үйге жақындай бере қайта түзеліп аттың сауырынан сыпырылып түскен бетте дік етіп төрге қалай отыра қалғанын білмей қалдық. Ол үйде алқа-қотан отырған адамның бірде-біріне соқтықпай өте шықты. Демін ішіне тартып: «Әлде қайтер екен!» – деп үрейленіп тұрғандар көптен кейін ғана бір-біріне қарап. «Уф!» деп еркін тыныс алғандай болды. Өнерпаздың замандасы Қарымсақ Қуанышев ақсақал: – Нұрбектің ат үстінде жасаған қимылдарын көргенде: «Ойпырм-ай! Осы Нұрбек – Нұрбек емес, сайтан шығар» – деп таңданушы едік», – дейді. Базбіреулер: «Тентек еді. Әйтпесе, есі дұрыс адам, өлерін білмей солай шаба ма?» дейтін көрінеді. Міне, Төрехан ағамыздың жазбасы арқылы Нұрбек шабандоз туралы бізге жеткен көзкөргендердің әңгімесі осы. Нұрекеңнің кенже ұлы Дүйсеннің жасы бұл күнде сексенге таяды. – Біз Куйбышевтен туған жерге 1949 жылы оралдық. Сол жылы Ойық елінде отыз жылдан астам болыс болған Бейбіттің баласы Әбдірахман ұлы Қуан туғанда үлкен той жасады. Оған қатар жатқан «Көктөбе» мен «Октябрь» колхозының адамдары түгел қатысты.Сталин атындағы ауылдық кеңес төрағасы Жамаубай Айтқұлов, «Октябрь» колхозы басқармасының төрағасы Тыныс Үрістенов, менің үлкен ағайым Қали-парторг. Той үстінде Жамаубай әкеме көзін сығырайта қарап: – Нұреке, сыртта жүріп елге жақында оралдыңыз. Сіздің шабандоздық өнеріңіз бізге мәлім. Бірақ жастардың одан хабары жоқ. Бұлар айта жүрсін, көрсетпейсіз бе? – деді. Біздің әкеміз Жамекеңнің әпкелерін алған, сол елге күйеу. Бұл қолқаның артында шындық та, қалжың да қатар жатыр. Кейінгі жастар көрсін дегені – шындық. Ал әзіл соңында жасы жетпістен асқан кәрі күйеуді сынап, жұрт алдында күлкіге қалдырсам деген қайын мен жезде арасындағы жарасымды базына бар. «Ерді намыс, қоянды қамыс өлтіреді» дегендей, біздің әкей қайтқан жоқ. – Жамаубай, менің атым мұндай өнер көрсетуге жарамайды. Сенің астыңдағы жүйрікке көзім түсіп тұр. Соны маған бере тұр, – деп жайбарақат жауап қатты. Сол жерде ауылдық кеңес төрағасының белді пырағы әкелінді. Аттың тартпасы мен шап айылын қайта тартқан әкей ерге қонды. Біраз жер ұзаған соң аттың басын көпшілік жиналған тұсқа қаратып, қамшыны басып-басып жіберді. Енді бір сәт таралғыға қолды салып, екі аяқты аспанға көтерді де басын ерге қойып шаба жөнелді. Топтың ортасына жете бергенде аттан сыпырылып түсіп, қайнысының қасына тұра қалды. Ел шапалақ соғып, қошемет көрсетіп жатыр. Ауылдық кеңес төрағасы да риза. Үстіндегі адам түсіп қалғаннан кейін күтімде тұрған жарау ат өзінің үйреншікті ауласына, жем жейтін ақырына қарай шаба жөнелді. Сөйтіп, «селсовет» Жамекең жаяу қалды. Артынан қуа шапқан салт аттыларға қарасын көрсетпей кете барды. Бұл әкемнің қайнысының қалжыңына қайтарған қарымтасы еді. Сол кезде әкей жетпістің екеуінде. Келесі жылы өмірден озды, – деп әңгімесін аяқтады Дүйсен.
Құтыбас
Сайыпқырандар үштігінің ең кенжесі Әділбекұлы Құтыбас. Азан шақырып қойған шын есімі – Жұмаділ. Туғаннан бас бітімі құтының қос бүйіріндей қысыңқы, сопақша келген, жоғарғы жағы маяжон болғандықтан елдің бәрі «Құтыбас» деп атап кетеді. Кейін ел арасында Жұмаділ аты мүлде ұмытылып, Құтыбас есімімен елге танылады. Құтекеңді бала күнінен дүбірлі жиын-тойда көріп өскен Талас ауданынан шыққан ақын-жазушы Оспанәлі Иманәлиев өзінің кітабында ол кісі жайлы былай деп жазады: «Міне, сол Құтыбас қазір мерекеге жиналған жұртты аузына қаратып жүр. Астындағы көк қасқа да әбден машықтанып алған. Құйындай зулап келе жатқанда Құтыбас аттың басын қоя береді де, ердің үстіне төбесімен қазықтай шаншылып тұра қалады. Ат мәрелі жерін айналып өткен соң барып ерге қайта отырады. Енді бірде шауып бара жатқан аттың астынан айналып өтіп біразға дейін ерге теріс қарап отырады да, қайтадан тік көтеріліп тұра қалады. Оның әрбір қимылын көрген сайын шал-кемпірлердің зәре-құты қашып, естерінен тана жаздайды. Құтыбас ат үстіндегі ойындардың сан алуан түрлерін бірінен соң бірін көрсетіп жатты. Ол бірде шауып бара жатқан көкқасқаның жалынан ұстап жарыса жөнеледі де әп-сәтте-ақ үстіне ырғып мінді. Сол сәтте оның аяғы үзеңгіге ілінген жоқ». О.Иманәлиев. Байқадам, «Жалын» баспасы. Алматы-1980.134-бет. Екінші бір мысал. 1950 жылдың шамасы. Бірде Чкалов атындағы колхоз жылқы фермасының меңгерушісі, Социалистік Еңбек Ері Қартабай Атшабаров Алматыдағы КазПИ-де оқитын студент баласы Тамабек екеуі аудан орталығынан Жиделі бұлағы маңындағы жылқылы ауылға келе жатады. Сапар төбенің шамасына жеткенде алдарынан дөнен мінген Құтыбас қарсы кезігеді. Бұл көрші Амангелді атындағы колхоздың кісісі. Жас жігітті бұрын жиын-тойларда көріп жүретін. Атына, өнеріне сырттай қанық. Амандық-есендіктен кейін Қартабай жасы кіші інісіне қарап: – Құтыбас, мына інің есін білгелі оқу іздеп, көбіне сыртта жүр. Сен туралы сырттан естігенімен көзбен көрмеген болуы керек. Кейінгілерге айта жүрсін, ат үстіндегі өнеріңді көрсетші, – деп қолқа салады. – Қартеке, жасымыздан серік еткен өнерден қол үзгелі қашан. Астымдағы атым да әлі бастықпаған жас мал. Менің далбақтап шапқанымнан үркіп, тастап кетсе қайтемін, – деп, сырғақсыта жауап бергеніне ауыл мен ауданды аузына қаратқан елге сыйлы адуын аға қанағаттанбай: – Құдайдың өзі сақтар, баланың меселін қайтарма?! – деп тұрып алады. – Жарайды, – деп келісім берген Құтекең атының басын кері бұрып, айқайға басып, дөненнің басын жіберді. Шауып келе жатқан бойы ер үстінде басымен шаншылып тұрады. Мынадай көріністі бұрын-соңды көрмеген жас Тамабектің аузы ашылып қалады. Құтекеңнің өнеріне әбден сүйсініп, риза болады. Отызыншы жылдардың орта шенінде ұмытыла бастаған қазақ өнеріне жан бітеді. Алматыға айтыс ақындарын жинап, жарыс өткізіледі. Тоқсаннан асқан Жамбыл бабамыздың ортаға шығып, томағасын тартуы осы кезге сәйкес келеді. Ұмытпасам 1967 жылы Жамбыл вокзалынан Алматыға жол тарттым. Сонда Шу ауданының бір қариясына жолығып, әңгімелескенім бар. Жас шамасы алпыстың үстінде. Сөзден сөз шыққанда жас кезінде өзінің тәуір күйші болғанын, отызыншы жылдардың ортасында Қазақтың Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрінің құрамына шақырылып, атақты Ахмет Жұбановтың өзінен дәріс алғанын, үйішілік жағдайға байланысты Алматыда тұрақтай алмай, еліне қайтып кеткенін өкіне баяндаған еді. Аты-жөні, тұрақты мекен-жайы да есте қалмапты. «Ел іші – өнер кеніші» демекші, Халық ағарту комиссариатын Т.Жүргенов басқарып тұрған тұста республиканың түкпір-түкпіріне арнайы мамандар жіберіліп, халық ішіндегі талантты өнерпаздарды іздестіруге шыққандары Құтыбасқа жолығады. Сөйтсе ол Құтыбастың сегіз қырлы өнеріне сырттай қанық екен. Мұндай жанға жолыққанына жерден жеті қоян тапқандай қуанады. – Сіздің Құдай берген қабілетіңіз керемет. Өзіңіздей өнер дарыған жандар кемде-кем. Сізге кездескеніме сене алар емеспін. Мұндайды «самородок» дейді. Өнеріңізді сәл ұштасақ, сахнаның жұлдызы болғалы тұрсыз. Бір басыңызда эстрадаға тән үш өнер бар. Келешек қазақ циркінің маңдайы жарқырап, тарихы өзіңізден басталғалы тұр. Сізге грим жасаудың да қажеті жоқ, – деп қызына сөйлейді. Құтыбас Алматыдан келген адамның көп сөзін түсінген жоқ. Майлы ішекше жабысқан қонақтың лепіре сөйлегенін онша ұнатпады. Ауыл қазағы үшін қалада тұрған адам бейне қамаудағы тұтқынмен бірдей. Өз еркі жоқ, байлаулы баспақтай. Тоя тамақ ішпей, быламық жесе де кең далада еркін тыныстап, бала-шағаның қасында, ағайын-туғанның ортасында жүргенге не жетсін, шіркін! Ойламаған жерден жасалған ұсыныс өмір бойы өзгенің ығында жүрмеген басасау жанды бәлендей қызықтыра қоймады. Ер-тоқымын бауырына алып тулаған аттай аспанға атылды. Жөнді білетін, ақылдасар адам да жоқ. Сүйенері де, сенері де колхоздың бастығы – жалғыз Жаманғара. Бар уайымын сонымен бөлісті. «Мына пәледен мені алып қал!» – деп жалынды. Әрине, басшы үшін әр адам есепте. Ол кезде жұмыс түгел қолмен атқарылады. Өз еркімен бір үйлі жанды босатып жіберу өз қолын өзі кескенмен пара-пар. Бұл – бір. Екіншіден – Құтыбастың жүрген жері думан. Айналасын қыран-топан күлкіге бөлейді. Шаршаған жұрттың көңілін көтереді. Бір өзінің өнері он адамға татырлық. Одан айырылса не болмақ? Астанадан келген өкіл аудан басшысына айтса оның тілегінің орындалатыны хақ. Құтыбас қаласын, қаламасын еркінен тыс алып кетеді. Ақылымен қоса қулығы да бар Социалистік Еңбек Ері Жаманғара Аманбаев алматылық өнер адамының басын айламен айналдырып, әртүрлі шым-шытырыққа кіргізіп жіберді: – Алматыға көшіп баратын жағдайы жоқ. Үш қызы мен әйелі бар. Зорға ауыздықтап ұстап жүрміз. Қайда той, қайда жиын болса «Шу, Қарабай!» деп, кетіп қалады. Ол жаққа барған соң үй-жайын ұмытып, қыз-қырқын қуып кетсе артында қалған әйелі мен қыздарының көз жасы мына екеуміздің мойнымызда қалмақ. Құтыбас та бір, жын да – бір. Бөтелкенің ішіндегі жынды сыртқа шығарып пайда таппаймыз. Онда барған соң біреудің сүттей ұйып отырған шаңырағын шайқалтуы мүмкін. Осы жағын есіңе сақта. Содан соң саясаттан хабары жоқ. «Бетің бар, жүзің бар» деместен дәу бастықтың өзін келеке-мазақ етуі мүмкін. Ертеңгі күні бірдеңе болып қалса «Бұл бәлені тапқан кім?» деп, екі ортада өзің босқа күйіп кетіп жүрме? – деп, бар пәлені үйіп-төгеді. Осы сөзден кейін астаналық өкіл табанын жалтыратады. Құтекең осылайша қазақ циркінің жарық жұлдызы болатын жолға бір қадам қалғанда басына қонайын деп тұрған бақыт құсын қолдан ұшырып алады. Қырқыншы жылдарда қалаға барғанда циркті көріп қайтқан Құтыбас қатты өкінген. Басқа-басқа, совхозаралық (ол кезде облыстық драма ордасы) театр әртістерінің өмірі жатқан қызық, жатқан думан екенін көреді. Нағыз өзінің аңсаған өмірі, көксеген мұраты. Кейін арнайы адам келіп шақырғанда бармай қалғанына бармағын тістеп, санын қайта-қайта соғып, опық жеп өтіпті. Осылайша қазақ өнері, оның ішінде кенже дамыған цирк өзінің жарық жұлдызынан айырылады. Құтекеңнің бір қырын өткен ғасырдың елуінші жылының басында өз көзіммен көріп, құлағыммен естідім. Аудан орталығы Ақкөлде тұрамыз. Алты жастан асқанда үй-ішім мені мектепке жіберуге қамданды. Шешелерім мектептегі балалар мазақтар деген оймен ұшы желкеме жететін өрілген айдар шашымды алу құрметіне шағын той жасады. Қыстың күні. Жан-жақтан біраз қонақ шақырылды. Арасында Амангелді ауылында тұратын Құтыбас пен әйелі келді. Дастарқанға ұлттық сусын тарыдан жасалған боза қойылды. Төргі бөлмеге ерлер жайғасқан, ортаңғысында әйелдер отыр. Бір уақытта кезек әнге берілді. Жеке орындаушылар айтып жатыр. Сол тұста: «Құтыбас айтсын!» деген дауыстар естілді. Әлі есімде, төрдің сол жағын ала, терезе тұсында отырған сопақ бас, сепкіл бет кісі қазақтың қара өлеңін шырқап кетті. Сол кезде ортаңғы бөлмеден нәзік үн қостады. Бұл ол кісінің жұбайы екен. Қазіргідей микрофон жоқ, дауыстарының қалай үндесетінін қайдам, екі жақта отырған қос әншінің әуезді әні үйді алып кетті. Шап-шағын, шүйкедей ғана Ділдәш шешеміз елуінші жылдардың орта шенінде Ойық МТС-інен күнде екі бөшкеге артылған өгіз арбамен жермай таситын. Он бір-он екі жастағы баламыз. Жазғы демалыста Ақкөлден Ойыққа келеміз. Одан Амангелді ауылына жету үшін апаның май-май арбасына еріп қатар жүреміз, ара-тұра аяқ суытып, артқы ағашына сәл отырамыз. Құмақ жерге келгенде арбаны жабылып итеретініміз де бар. 1964 жыл. Мен алты айлық өндірістік практиканы «Ойық» совхозының №3 фермасында өткіздім. Орталығы Амангелді ауылы. Бөлімше басшысы Түзеубек ағай астыма бастықпаған құнан берді. Кешкісін жұмыс соңына қарай әлгі құнанның ер-тұрманын алып, «Мұса құмақтың» бергі жағындағы астық қоймасы (кейін «Көшкінбай баз» атанды) маңына апарып тұсаймын. Ертеңгісін сол жерден ұстап мінемін. Ат тұсап қайтар жолда ең бірінші тұрған Құтыбас атамның үйі. Көп қыз ішінде Құдайдан сұрап алған жалғыз баласы Тоқан – тракторшы. Таңазаннан тұрып,төбесі ашық «Белорусь» тракторын оталдырып, суыт кетіп қалады. Келіні Есенкүл де совхоздың қара жұмысында. Түс қайта күннің ыстығы қайтқан сәтте атамыз үйдің көлеңкесіне келіп отырады. Қолында таяқ. Біраз жылдан бері екі көзі көрмей қалған. Ділдәш апамыз кетіп қалған. Сыртқа жеті-сегіздегі жиен қызы жетектеп шығады. Өткен-кеткен адам жайлы атасына жеткізетін «көзі мен құлағы» сол – қаршадай қыз. Мен күн сайын жол жиегіндегі үй көлеңкесінде отырған атаға сәлем беремін. Іші пысып отырған қария тілдесіп, мәз болып қалады. Бір күні ат тұсап қайтып келе жатсам, Құтекең дуалға сүйеніп жалғыз отыр, қасындағы «қарауылы» жоқ болған соң бұрылмай өте шықтым. Қатарынан өте бергенім сол: – Әй, Қамбар! Сәлемдеспей қайда барасың? – дегенде, қалт тұра қалдым. Қасында кішкене қыз жоқ. Апырмай, бұл қандай сезімталдық десеңізші. Неткен керемет. Көзі көрмесе де басқан жүрісімнен, аяғымның дыбысынан таныған. Ұялғаннан бетім ду ете қалды. Жүгіріп барып қол бердім де, кешірім сұрадым. Біздің үй мен атаның үйінің ортасында қара жол бар. Кейде Құтекеңді бейсенбі, жұма күндері құран оқыту үшін түскі асқа шақырамыз. Сондай бір басқосуда: – Ата, өзіңіз жайлы аңызға бергісіз әңгіме көп. «Жас кезінде Құтекең олай депті, былай депті», дегенді көп естиміз. Рұқсат болса, солардың бір-екеуін өз аузыңыздан тыңдасақ!? – деген өтініш білдірдім. Ол кісі туралы кезінде Шона Смаханұлы республикалық газеттерге «Ел аузынан» айдарымен біраз мақала жазғанын білетінбіз. Сәті түссе қағазға түсірмек ой да бар. – Ой, шырағым-ай! Оның несін айтасың, кейінгі жастар жолыққанда: «Баяғыда мынадай, мынадай әңгіме айтыпсыз», – дейді. Құдайдың құдіреті солардың бірі де есте қалмапты – деп өкіне бас шайқады. Ауылдағы кішкене інілерім мен қарындастарым үйренсін деген ниетпен аудан орталығындағы дүкеннен екі қатарлы сырнай сатып әкелген едім. Әлгі аспапты қолыма алдым. Ең жеңіл «Сәулем-ай» атты халық әнін тарттым. Орындаушылығым шамалы. Алдында темір ішекті мандолинамен біраз айналысқаным бар. Домбыраға қарағанда оңай. Сол қол сағақтың асты-үстіне түспей бір орында тұрады, тек саусақ төрт қатар шек үстінде жорғалайды. Оң қолда медиатор. Үні сыңғырлап шығады. Мына сырнайда оң қол үнемі жоғары-төмен жылжып тұруы тиіс. Сондықтан саусақтарым тапырақтап жүргенде түймесін кейде жаңылыс басып әуенді бұзып аламын. Сонда да болса тартқан әнім Құтекеңе ұнаған сияқты. Бір сәт: «Сәулем, сәулем, сәулемсің, Басымдағы дәуренсің» деп әуенге қосыла шырқап жіберді де: «Әттең жалған, өтті дәурен!» деп дауыстап жылап жіберді... Біраз жылдан кейін Құтекең дүниеден өтті. Ол кісінің ел аузында қалған мұрасы кішігірім бір кітапқа жүк болады. Баласы Тоқанмен кеңшардың қара жұмысын қара нардай сүйреген келіні Есенкүл де бүгінде бақилық болған. Олардан қалған балалар Тараз қаласының төңірегінде деп естиміз. Әкеден қалған қасиет қыздарына біраз дарыған тәрізді. Кенже қызы Бекеннің бойжеткен кезінде ауылдас жездесі Мәдібай жолығып қалып сүріндіру үшін: «Әй, Бекен! Біздің Бұзауға күйеуге шықпайсың ба?» – дейді тілінен қағынып. Бұзау дегені аталас ағайыны Жолдастың баласы. Жасы жиырмаға келген жуас жігіт. Сонда Бекен, Мәкеңнің бетіне жайлап көз салады да, мысқылды жүзбен: – Жәке, бұзаудан үлкенірек тана-торпағыңыз жоқ па? Соның бірін айтсаңыз сөзіңізді жерге тастамай құп алар едім, – дегенде жездеміз не айтарын білмей сасқалақтап қалады да теріс айналып кетеді. Қаршадай қыздың сөзінен тосылған майдангер Мәдібай содан былай қарай Бекенді көрген жерде протез аяғын сықырлатып баяу бұрылып кететін болыпты. Жеңілгенін мойындау да қазаққа тән мәрт мінездің белгісі. Шіркін, бұрынғының адамдары-ай! Егде жездені жалғыз ауыз сөзбен сүріндірген Бекен қарындасым қазір Тараздың іргесіндегі Шайқорық станциясында тұрады. Басалқалы бәйбіше, немере-шөберенің апасы. Бірге туған әпкесінің баласы Алтай қоңсылас, көрші. Бұл сайыпқыран саңлақтардың соңғы сарықтықтары жайлы ел жадында қалған әңгімелердің еміс-еміс жаңғырығы.
Талас ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді