Есірткі талайлардың түбіне жеткен

Есірткі  талайлардың  түбіне жеткен
ашық дереккөз
Есірткі талайлардың түбіне жеткен

Нашақорлық та аурудың бір түрі. Есірткінің дәмін татып, бір сәттік алдамшы ләззатқа бой алдырған адамдар бірте-бірте ақыл-ой, сана-сезім, ар-ожданынан айырылады. Ондай жандар өзі түскен шыңыраудан шығатын күш-қайрат таба алмай, ақыры құрдымға құлап құриды. Өкініштісі сол, нашаға құмарлардың 60 пайызын жастар құрайды. Негізі есірткіге еліткендер жас ерекшеліктеріне қарай бірнеше топқа бөлінеді. Бірінші топқа 14-20 жас аралығындағы жастар кіреді, олардың басым көпшілігі сыртқы өмірге бейімделе алмаудың салдарынан шалыс басып, адасқандар. Екінші топтағылары – тіршілік түйткілдерін, яғни, материалдық тапшылықты көп көріп, әлеуметтік жоспарларының баяу жүзеге асырылғанына наразы 20-30 жастағы жандар. Үшінші топқа енетіндер – 50-60 жастағылар. «Жастар білместікпен жаза басуы мүмкін, ал егде тартқандардың есірткіге елітетіндей басына не күн туды?» деген сауал туындайды мұндайда. Ақыл тоқтатқан жастағы қарияларды нашақорлыққа итермелейтін негізгі себеп – өміріне көңілі толмаушылық, ішкі күйзеліс. Карта және басқа да құмар ойындар секілді нашақорлық пен маскүнемдік адамның жан мен тәнін бірдей азғырады. Есірткіні пайдаланатындардың тұрмыстық, қаржылық жағдайы төмендейтіні белгілі. Ал денсаулыққа тигізер зияны қандай? Нашаға уланған ағза зақымданады, адамның орталық жүйке жүйесі бұзылады. Сөйтіп бірте-бірте ол жан есірткісіз тұра алмайтын халге жетеді, сатып алу үшін қылмыс әлемінің қараңғы түнегіне түскендерін өздері де аңғармай қалатындар да бар. Есірткінің әсері түріне қарай әрі мөлшері мен енгізілу жолдарына байланысты болады. Алғашқыда масаңсу фазасы жүреді, артынша ұйқыға тартып, жүрек соғысы баяулап, тыныс алу бәсеңдейді. Мидың жұмыс істеу қабілеті азаяды. Қан тамырлары арқылы егілетін нашадан жұқпалы дерттер тарауы мүмкін. Мәселен, қолданылған инеден ЖҚТБ, гепатит, түрлі қан аурулары жұқса, тазартылмаған героин, қоспалары нашар нашаны көп мөлшерде қолданған адам бірден өліп кетеді. Ішімдік те – энергетикалық ыдыста сақталатын, психоактивті, рұқсат етілген нашаның бір түрі. Көпшілік арасында «арақтың арқасында бойыңды еркін ұстайсың, ширығу, мазасыздықтан құтылуға болады» деген қате түсінік қалыптасқан. Алайда, ол дұрыс емес. Ішімдік ішкен адамның ағзасында сіркесулы альдегид көбейіп, ми мен жүрек қызметіне қысым түседі, ағза тіндерінде оттегі жетіспеушілігі туындап, әлсіреп, шаршайды. Сабырсызданып, есінен айырылады. Өз іс-әрекетіне жауап бере алмайтын жағдайға жетеді. Сондықтан, нашақорлық секілді маскүнемдік те – ғасыр дерті. Халық денсаулығына үлкен зиянын тигізетін болғандықтан солай. Бұл екеуі өсуімізге, өнуімізге, мемлекеттің дамуына кедергі келтіреді. Кейбір елдерде нашақорлар өлім жазасына кесіледі екен. Ал қоғамның дені сау, санасы сергек азаматтары мұны қасиетті іс, заңды жаза деп қабылдайтын көрінеді. Олар есірткіге тәуелділіктен құтылу үшін осындай қадамға барады. Осылай ұлтын, ұрпағын жаман әдеттен қорғайды. Санаңыз болса, сіз де жаман әдеттен бойыңызды аулақ ұстаңыз. Есіңіз барда, есірткіге кіріптар болмаңыз!

Жақып Жексембиев, облыстық наркологиялық диспансердің бас дәрігері.

Ұқсас жаңалықтар