«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жастардың белсенділігін көтеру керек

Жастардың белсенділігін көтеру керек
ашық дереккөз
Жастардың белсенділігін көтеру керек

Жастар жылына орай өңірімізде мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға бағытталған Жол картасы әзірленген. Онда жоспарлы түрде орындалуы тиіс 65 іс-шара белгіленген болатын. Бүгінде соның 11-і жүзеге асқан, ал қалғаны енді орындалуда. Сонымен қатар картаға сәйкес биыл облыс әкімі мен Тараз қаласы, аудан әкімдері арасында келісімге сәйкес 7 меже, ал басқарма мен аудан, Тараз қаласы әкімдері арасында 4 меже белгіленген. Осылайша жастарды жұмыспен қамту көзделіп отыр. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекованың төрағалығымен өткен жастар ісі жөніндегі кеңес отырысында айтылды. Жиынға кеңес мүшелерінен өзге өңірдің белсенді жастары, Тараз қаласы мен аудан әкімдері және орынбасарлары онлайн режімде қатысты. Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы берген мәліметке сүйенсек, белгіленген межеге сәйкес жыл соңына дейін 11 мың жасты жұмыспен қамту жоспарланыпты. Ал әзірге қамтылғаны – 6758. Әлі де жұмыссыз және NEET жастардың қатары баршылық. Жалпы өңірімізде жастардың саны 239 151-ді құраса, соның 64 935-і түрлі салада жұмыс істейтіндер екен. Өзін-өзі жұмыспен қамтып, кәсіппен айналысып отырғандары – 57 400. Өңірімізде жастар кәсіпкерлігін қолдау мақсатында кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып тиісті жұмыстар атқарылуда. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арқылы «Жас кәсіпкер» жобасы аясында тұрақты жұмысы жоқ жастар үшін қысқа мерзімді 1 айлық курс ашылып, 450 жас оқытылуда. Осылайша курсты бітіріп, өз ісін ашам деген жастарға жеңілдетілген несие немесе мемлекеттік грант алуға мүмкіндіктер қарастырылып отыр. «Бизнестің жол картасы– 2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 3 миллион теңгеге дейінгі мемлекеттік грант беруге облыстық бюджеттен 303 миллион, республикалық қазынадан 21 миллион теңге қаржы бөлінген. Үміткерлер арасында 1-12 шілде аралығында конкурс өткізілді. Қазір 466 жастың құжаты қаралып, шешімі шығарылуда. Дегенмен осы комиссияға мүше болған белсенділердің сөзіне сүйенсек, жастардың 80 пайызы өз бизнес-жоспарларын қорғай алмаған. Сонымен қатар Тараз қаласы мен аудандардың сұранысына сәйкес, республикалық бюджеттен «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жастардың жаңа бизнес-идеяларын дамытуға 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 329 жасқа қайтарымсыз грант ретінде 166,1 миллион теңге бөлінген. Бүгінде 88-і грантқа қол жеткізген. – Жастар жылында ауыл жастарының белсенділігін көтеруіміз керек. Сол үшін жыл соңында біз ең үздік жұмыс істеген ауданды түрлі аталымдар бойынша марапаттайтын боламыз. Кеңес мүшелерінің айтқан ұсыныс-пікірлерін де ескереміз. Біз түйткілді мәселелердің шешімін бірлесе іздеуге ұмтылуымыз қажет. Көмек көрсетуді қажет ететін жастарға демеушілер тартып, әр аудан бір-бір жас отбасыларына үй алып беріп, өздеріңіз осындай бастама көрсетсеңіздер, ол – көпке үлгі болары анық, – деді Сұлушаш Сәтбекқызы. Баспана жайы, жұмыссыздық – жастардың ең өзекті әлеуметтік мәселелерінің бірі екені сөзсіз. Ал жас буын – әрі көзсіз батыр, әрі аңғал, әрі албырт келетіні белгілі. Сондықтан олар өз мәселесін өзі шешудің жолын іздеуде ұяңдық танытуы да мүмкін. Бүгінде түрлі деңгейде жұмыс жүргізіп отырған «Жастар ресурстық орталықтарының» маңыздылығы да осында. Дегенмен бұл мекеме көпшілік күткен үдеден шығып отыр ма? Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының жастар ресурстық орталығының директоры Бауыржан Мөрбековтің айтуынша, кейбір аудандарда орталықтардың жас буынды ұйымдастырып, ортақ мәселені бірлесе шешуге жұмылдыру былай тұрсын, басында баспанасы да жоқ екен. Жастар ресурстық орталықтарын дербес ғимаратпен қамту бүгінде өзекті мәселеге айналып отырған көрінеді. Өңірдегі 12 жастар ресурстық орталығында 370 маман қызмет атқарады. Жамбыл, Жуалы, Қордай, Шу аудандарындағы жастар ресурстық орталық қызметкерлері өз ғимараттарында алаңсыз жұмыс істесе, кейбір аудандарда мұндай мүмкіндік қарастырылмаған. Ал Т.Рысқұлов, Байзақ, Мойынқұм, Сарысу, Талас аудандары өткен жылғы 28 желтоқсанда берілген облыс әкімінің «Жастар ресурстық орталықтарын ғимараттармен қамтамасыз ету» туралы хаттамалық тапсырмасын орындамаған. Кейбір аудан басшылары бұл олқылықтың орнын бір-екі ай көлемінде толтырамыз десе, кейбірі тіпті облыс әкімінің тапсырмасын орындауға асықпайтындай көрінді.

Камила Борашова

Ұқсас жаңалықтар