Шекербектiң «шоп-туры»

Шекербектiң «шоп-туры»
ашық дереккөз
Шекербектiң «шоп-туры»

19 21Екінің бірі Үрімжі барғанын, екінің бірі қытай моншасына шомылғанын айтатын бопты. Рас боса, бір кәмерсант әйел қолы мен аяқтарының тырнақтарын бояту үшін барып тұрам депті. «Ойпыр-ай, – дейді де, – сонда Үрімжіге бару мына тұрған Үшаралға барудан оңай боғаны ма?». Үшарал – Шекербектің нағашыларының ауылы. Бар болғаны ат шаптырым жер. Содан не керек, «байға тиіп кеткен қызыңның артынан апаратын жасау-жабдығын сатып алу керек. Анау Үрімжіде бәрі су тегін дейді. Шоп-турға барып кеп жатқандар сенен әулие дейсің бе, бармайсың ба үйде омалып отыра бермей» деп қақсай берген әйелінің сөзін желеу етіп Шекербек те жолға шыққан. «Есім шықсын десең, ешкі бақ» дегендей, сан жетпейтін салты, дүние жетпейтін дәстүрі бар қазақтарға қыз ұзату да жау шапқанмен бірдей іс. Бір үйде бір қыздан болса бір сәрі ғой, кейбіреуінде алты, енді біреуінде жеті қыздан бар. Ал алты-жеті қыздың жасау-жабдығына кететін ақшаны есептесеңіз, есіңіз шықпақ тұрмақ, мұрныңыздың ұшынан жаныңыз шығып кетуі мүмкін. Батыс пен шығысты шулатқан дағдарысыңыз оның қасында жіп есе алмай қалады әріберіден соң.

* * * Қорғасқа шейін «тәксимен», одан ары қарай автобуспен апарамыз. Автобекеттен қарсы алған турфирма қызметкері таңдайы тақылдап тура осылай деді. «Жайлы төсекке жатып жайбарақат телебезер көріп барасыз» деп сызылғаны ақша алғанға дейінгі гәп боп шықты. Ал «тәкси» деп дәріптегені Алдаберген құрдасының «Аудиі» сияқты моторының түтіні ен дала жетпегендей кәбіңкенің қуыс-қуысынан ішіне қарай ұратын алқам-салқам бірдеңе екен, ә дегеннен-ақ әптер-тәптерін шығарды. Алматыдан шықпай-ақ көзі ашып, басы айналды. Басы айналған адамның жәйі белгілі емес пе, отбасын ойлап, ошақ қасында болған әңгімені түгендеп, өң мен түстің арасында мөлиді де қалды. «Сасықкөлдің қамысына дейін саясат деп ызыңдайды» деп Алдаберген айтқандайын, мұның аулының «тәксистері» жолаушыларын «партия» мен «хартияға» бөліп алған. Асығып-үсігіп жүріп басқа «партияның» тәксиіне мініп қойсаң басың бәлеге қалды дей бер. Бірақ «партия» деген пәруәрдігерден кеңес өкіметінің кезінде-ақ көңілі қалған Шекербек ала қойды бөле қырыққанды иттің етінен жек көреді. Сондықтан болар, ойында ештеңе жоқ «Алматының автобекетіне дейін Алдабергеннің «Аудиімен» барғаным дұрыс болар» дей салған. Сол сол-ақ екен, ортаншы баласы мұрнын тыржитып шыға келді. «Е, не болды сонша?» деген бұл да ежірейіп. «О кісінің мәшинесі қойдың шайыры сасиды. Одан гөрі Уәлибек көкемнің «Мерсі» жөндемді». Қу ұлдың қай «партияның» сойылын соғып жүргенінен бейхабар еді, белгілі болды. «Жаман күйеу қайынсақ» деген, келін жаққа бүйрегі бұрады екен». Бірақ жексенбі сайын базар баратын пақырлардың тоқты-торымдарын жолаушылармен бірге ала кетуді пайда көретін Алдаштың «Аудиі» Алманиядан алғаш келген кездегі ажарынан айырылып қалғаны шындық. «Сонда кімге мінгесем енді, ә?». Деуі мұң, әйелі ортаншы ұлдың ұсынысын қолдай кетіп «Көкемді мәшинеме отырғызбай жүрген жеңешем деп жүрер, Уәлибек қайнымның «Мерседесі» дұрыс» деп салды. «А-а, ондай саясаты да бар ма еді, мақұл ендеше» деген кезінде мына жақтан қызы шықты әкелеп. «О кісінің кәбіңкесінен ылғи шұбаттың иісі шығып тұрады». Іс мүлде қырын кетті. Келе-келе түйелерінің сүтін әйелі екеуі піләкпен қалаға тасып, көпқабатты үйлерде тұратын жұртты «шұбат» деген «әнмен» оятатын Уәлибекке де кінә қоя алмайды. «Құдайдың әмірі-ай ә, енді кімнің көлігіне жармассам екен? Оу, айтпақшы, Арқабай досымның «Тойотасы» бар емес пе?». Бірақ кенже баласы «ой, о кісінің мәшинесінен қымыздың иісі бұрқырап тұрады» дегені. Десін, демесін бес биенің қымызын қаладағы «төшкісіне» өткеретін Арқабайдың да ұпайы түгел. Қазір қалалық қазақтарыңыздың арақ, шараптан жүректері айнитын болған ба немене, әйтеуір қымыз, шұбат деп ындындары кеуіп тұратын бопты әйтеуір. Соларды қамтамасыз ету оңай дейсің бе, көлігіне төгіліп-шашылса шашылған-ды. Шекербек шығыс пен батыстың, қала мен ауылдың арасындағы айырмашылықты қайтсем жоям деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген сақа саясаткердейін ары ойланып, бері ойланып отырды да, «айналып келгенде бәрі де айналайын қазағымның ас-суының иісі, сондықтан кәбіңкесі қымыз сасымақ тұрмақ, іи сасып кетсе де Арқабайдың «Тойотасын» дұрыс деп таптым» деп, отбасының орынсыз мәслихатына нүкте қойып жолға шыққан. Міне, енді мотордың түтіні сасыған кәбіңкеде төрт түлігінің иісін аңсап, меңдуана жегендей мең-зең боп отырған жайы бар.

* * * Қырсық бір айналдырғанды, шыр айналдырады» дегендей, жүргізуші бір кезде «радиатор жарылды» деді. Бұл – «түрткілей» салып жүре беретін шаруа емес. Абырой болғанда арттарынан ілесіп келе жатқан екінші «тәкси» тіркеп алды. Бірақ көп ұзамай ол да тоқтады. Сөйтсе оның түтін шығатын кернейі түсіп қалыпты. Шетелге барамыз деп сәнденіп шыққан қыз-келіншектер қу медиен даладан кернейді байлайтын сымтемір іздеп, қоңыз тергендей сандалып кетті. Сөздің пұшығы, Қорғас бекетіне шаршап-шалдығып жеткенде шаңқай түс болған. Бірақ Шекербектің шекесі бұл жерде де қызған жоқ. Жол-жөнекей оқырмын деп Василий Шукшиннің өткен ғасырда жарық көрген кітабын сөмкесіне сала салған еді, қытай кеденшісінің қырағы көзі соған шұқшимасы бар ма?!. Мұқабадағы Васьканың жағы суалып, көзі шүңірейіп түскен суреті кеденшінің көңіліне экстремист сияқты көрінді ме, әйтеуір, жұлым-жұлымы шыққан кітапты ары парақтап, бері парақтап бөлмесіне алды да кетті. Ал бұған «өте бер» дейді. – Ау, кітабым ше? Кітабымды қайтармайсың ба? Шекербектің қолын ербеңдетіп, аузын жыбырлатқанына кеденші мәу деген де жоқ. – Қазір, тексеріп боған соң әкеп береді, – деді абырой болғанда орыс тілін шала-пұлалау білетін біреуі. –Ойбай-ау, оған дейін «тобым» кетіп қаса қайтем? Кітапты қимайтыны - бозбала кезінде сатып алған. Содан жансерігіне айналды. Оқыған сайын «Біздің Биағаң сияқты бипаздап тұрып жазатын бәлекет екен» деп тамсанып қояды. – Шукшинді сен тұрмақ, Сібірден келген мен оқымаймын, саған не жоқ ей, а? – деп ауылдасы Женя да ызасын келтіріп барады. Үрімжіден автокөлік бөлшектерін таситын Женяның сөмкесінде басы артық ештеңе жоқ. Ары тексеріп, бері тексеріп ештеңе таппады ма, әйтеуір, Шекербек біраздан кейін Шукшинімен аман-есен табысты.

* * * Тәксис», «жүкші», «сотыбыйдың чипін сатушы» дей ме, тағы немене, қазағы, ұйғыры һәм ханьсуы аралас топ құдасын күткендей қарсы алды Қорғастан. Бәрі «қызметін» ұсынып шу-шу етеді. Мұрны қоңқайған біреуіне теңгесін айырбастап алды да, асханаға барып шөл басқан. Женя қытайдың сырасына бас қойды. Алматының қымбат сырасында кеткен кегін қытайдың арзанқол сырасынан қайтармақ, сірә. – Кел, құрдас, сімір, бар болғаны үш-ақ юань, – дейді шөлмектегі сары суды иегімен нұсқап. Сыраны сіміріп алған соң құмырсқадай қаптаған қалың қытаймен араласып автобусқа мінді. Үш қатар қойылған төсектерден автобустың ішінде жүріп-тұру мүмкін емес. Оның үстіне «төсек» деп дабырайтқандары бүлдіршіндерді бөлейтін бесік сияқты бірдеңе. Бойы екі метр, салмағы 120 келі Женя әлгі төсектің біріне үйеледі де қалды. Тұрса – төбесі тиеді, жатса – аяғы симайды. Тәңір тауының аспанмен таласқан асу да асу белдерінен аман-есен өткен соң, түн жарымы болар сірә, автобус жол бойындағы бір асханаға тоқтады. Елмен бірге Шекербек те аяқ жазуға түскен. Таңқалғаны – түтіні бықсып, ас-суының иісі мүңкіген асхананың алдында сонау он тоғызыншы ғасырдан топ ете түскендей жұпынылау киінген қария отыр. Мұндай кескін мен киімді Шекербек деректі фильмдерден көрген. Қарияның алдында бір ыдыс тұр. Оның самаурынның оттығына ұқсас ұңғысына от жағады екен де, айналасындағы шұңғылдау жеріне кемерлете құйған суды қайнатып, жұмыртқа пісіреді екен. Байқағаны, от сөнген, қайнай-қайнай су да әлдеқашан бу болып ұшып кеткен, ал қабықтары қызыл күреңіткен жұмыртқалар алушысын күтіп томпиып жатыр. Қария болса мүлгіп отыр. Тәуір киінген адамдарға қарағысы келмей ме, әлде тым келте киінген қыз-келіншектердің ашық-шашық жерлері жанарын жасқай ма, әйтеуір, жүзі пәс, төмен қарай береді. Алматыдағы алыпсатарлардай «Жұмыртқа алыңыздар» деп те айғайламайды. Әуестікпен әлгі заттың ұңғысына үңіле бергені сол еді, үлпілдеп жатқан күл лып көтеріліп көзіне түсті де, ашытып қоя берді. Ежелгі дәуірдің көзі тірі экспонатындай болған әлгі қария содан ойынан кетсейші. Үйінде кемпірі, бала-шағасы, немере, шөбересі бар болды ма екен? Әлде жалғыз басты біреу ме? Бірін-бірі басып-жаншыған апайтөстер жайлаған мынау алай-дүлей жаһанда осындай момын адамдар әлі де бар, ә? Қай туған болды екен? Ұйғыр ма, қазақ па? Әлде ханьсу ма? Ойланып отырып ұйықтап кетіпті, көзін ашса көліктері 1,5 миллиард халықтың 3,5 миллионы тұратын Үрімжіге де кіріп келеді екен. * * * Ассалаумағалейкүм, аға! «СИЮЙ» деген қонақ үйдің баспалдақтарымен көтеріліп келе жатыр еді, қараторы келген бір жігіт нағашысын көргендей қуана кеп амандасты. Есімі Ербоғда екен. Елде жүргенде «көрсем, білсем, сөйлессем» деп армандайтын Қытайдағы қараторы қазақтың біреуі, міне, өзі кеп сәлемдесіп тұр. Ербоғданың кәсібі доллар айырбастау екен: – Бұл жақта ақша айырбастайтындарды «долларшы» дейді, – деп ыржияды. – Ал бізде «валютчик» дейді. Шекербектің есіне теңгенің жылдан-жылға құнсызданып, доллардың жылдан-жылға қымбаттап бара жатқаны түсіп, күрсініп қойды. Бірақ қытайдағы қандасы Ербоғданың жағдайы жақсы сияқты. Өзі қазақтардың автономиялы ауданының бір ауылынан болып шықты. Студент болам деп оқуға келгеннен бері Үрімжіде көрінеді. Ал мойнына асып алған дорбасы толған доллар! Шекербектің көзінше бір ағасына 10 мың АҚШ долларын қарызға санап тұрып ұстатты. Осыншама долларды мәшиненің кәбіңкесінде отырып санау оңай ма, біразына Шекербек көмектесті. Доллар санап үйренбегендіктен сыр беріп алмайын деп жаны мұрнының ұшына келді. «Ертең қайтарып береді, осы кәсіпке келгелі бері маған қамқор боп жүрген кісі» деп қояды. – Ол қандай қамқорлық? – Мына қонақ үйдің алдын меншіктеп алған «долларшылар» мені жолатқысы келмеген. Бірақ әлгі ағамыздың арқасында қазір ешкім көз алартпайтын болды. – Е, бұ жақта да «крышасыз» күн қараң десейші. – Солай аға, күндердің күнінде өкімет бұл кәсіпке де тыйым салуы мүмкін, сондықтан рұқсат беріп тұрған кезде «крышамның» арқасында ақша жасап қалуым керек. Жақпартас сияқты малмен күн көретін ауылдың қара баласы пысық. Шекербек бір сәт ауыл-аймағын, бота-тайлағын ойлап, бір күнде 300 АҚШ долларын табатын Ербоғданың кәсібіне қызығып та кетті. Үш жүзді айдың отыз күніне көбейтсеңіз 3000 АҚШ доллары болады. – Ауылдағылар қой баққанына мәз, бір туысқанымның баласын әкеліп осы кәсіпке үйретейін деп қолына ақша беріп ем, иегере алмай мені 3000 долларға «отырғызып» кетті, - деген Ербоғда көп ақша жинап, жеке бизнесін ашу жайлы арманын жайып салды. Бірақ бизнеске бейіл адам «бауыр» деген ет-бауырыңды елжірететін сөзге онша мән бере бермей ме, қалай? Бір күн өткен соң Шекербекте айырбастайтын басы артық доллардың жоқ екенін байқап, сырғақтап, қаша бастады. «Аға, долларыңызды айырбастап берем, таксимен алып жүрем, аудармашы да болам» деп алдынан аңқылдай шыққан адамның мінез-құлқы бір тәуліктің ішінде мүлде өзгерген. «Оу, Ербоғда, ә дегендегі сәлемің атыңа лайық еді, не боп кетті өзі?» деп қояды бұ да қалжың-шынын араластырып. Ол да «ұялған тек тұрмас» дегендей «аға, бір жұмыстар шығып қап» дейді көзін төмен сап. Мұның да өкпелейтін жөні жоқ. «Шоп-турға» келгендермен бірге дүкенге барып, әйелі «сатып ал» деген дүниенің бәрін сатып ап, буып-түйгізіп қойған. Ал оның бәрін юаньға емес, долларға алды. Ал долларын айырбастамайтын адамды Ербоғда неғылсын.

* * * Шекербектің жеті жылда жинағаны жеті мың долларға жетер-жетпес бірдеңе еді, соның үш мыңын сандықтың түбіне тығып, қалған төрт мыңын қызының төсек-орнын алуға жаратам деп қалтасына салып алып келген. Алынатын дүние, әрине, әйелі жазып берген тізім бойынша алынды. 1. «Ыспалный». 2. «Телебезер». («Бетінің жалпақтығы бір метір жиырма сәнтіметір болатын былазыма телебезер болмаса, әкелмей-ақ қой» деген ескертпесі тағы бар). 3. «Көкәнә». (Әйелінің «көкәнә» дегенін қызы бір сызып, «кухонный гарнитур» деп түзеп берген). Осы кезде Шекербек «әй, осылардың ақшасы да біраз жерге барып қалады-ау» деген. «Ойбай-ау, ол жақта бәрі арзан дейді» деп, баж ете қалды әйелі. Мұның «Оу, кеденнің салығын қайтесің» дегеніне де қарайтын түрі жоқ. Содан не дейсің, кір жуатын машинаға дейін үйге керек-жарақтың бәрі тізімделді. Анасы марқұм «қыздың төсек-орны мен жасау-жабдығын жасағанда босағадағы сыпырғыш екеш сыпырғышқа дейін қалтырап тұрады» деуші еді, айтқаны келді. Айтпақшы әйелінің «әй, ол жақтың базар дегені көп қабатты үлкен үй болады екен, соның үшінші қабатынан ал, бірінші қабатындағылардың бәрі «халтура» дейді» дегеніне дейін ұмытқан жоқ. Соның бәрін сатып алып, буып-түйіп, қоймаға өткізіп қойған Шекербектің құйысқаны көтеріліп, қызық іздей бастады. Үрімжіге күнде кеп жатқан жоқ. Қаланың ортасында бір биік тау бар екен. Бір жағынан үлкен жартасқа ұқсайды. Шекербек сол тауға қалай да баруды ойлады. Ербоғда бауыры доллар дорбалатқан кәсібін қимаса да екі сағатқа уақытын бөлді. Таудың ұшар басында бір мүсін тұр. Бұл оны Күң Фу Цзы екен деп қалған. Сөйтсе ол ежелгі заманда апиынға қарсы күресімен аты шыққан Лін Зайшүй деген қайраткердің ескерткіші екен. Қайраткер дейтіні, қарсылық білдірушілердің қоқан-лоққысына қарамастан елдегі бар апиынды жиып алып, суға ағызып, одан қалғанын өртеп жіберіпті жарықтық. Ал қаланың іргесін мәнжүрлер қалаған деген дерек бар. Өйткені алып елді 300 жыл мәнжүр (шүршіт), ал 100 жыл моңғол билепті. Қытайлықтар, яғни ханьсулар билікке кейін ие болған деседі. Ханьсу деген «хань ұлты» деген мағынаны білдіреді екен. Қызыл таудың үстінен Үрімжі қаласы алақандағы заттай анық көрінді. Зәулім үйлерге, аспалы жолдар мен көпірлерге қарап тұрып, «шіркін, біздің елдегі ең кішкентай деген қалаларымыз да осындай үлкен болса ғой» деп армандады. Енді қайда барғаны жөн? Ербоғдаға «тағы қыдыртшы» дейін десе, бір күнде табатын 300 АҚШ долларын қимай, болымсыз сылтауларды айтып қашқақтай береді. Оны да түсінуге болады. Өйткені лек-лек боп күнде кеп жатқан туристердің қалталары толған доллар, ал ондай майшелпек қызық-шыжықпен әуейі болған адамға жолай ма? Бір күні мұның кәдімгідей ренжіп қалғанын іші сезді ме «Есбұқа деген жазушымен таныстырайын ба?» деді. Бұл «әрине?» деп қуанып кетті. «Қонақ үйден шықпай отыра беріңіз, өзім ертіп келем» деді ол. Бәрібір шыдамы жетпей қонақ үйдің алдына шығып Есбұқаны күтті. Ескең Шыңжаң университетін бітірген сауатты адам екен, талай қызметтің тізгінін ұстапты. Соңғы жылдары бірнеше романдар жазып тастаған. Келесі күні Есбұқа екеуі қыдырып жүрді. Үрімшінің бір көшесіндегі зауыттың қасында тау боп үйіліп жатқан темір-терсектерді көрсеткен Есбұқа: – Мынаның бәрі Қазақстаннан кеп жатқан темірлер. Айтпақшы, бұрыла кетейінші, осында қызмет істейтін бір бауырым ақша берешек еді, – деп Есбұқа көлігінің рөлін солай қарай бұрды. Алматыдағы «Вторчермет» деген кәсіпорында мұның бір досы инженер боп қызмет еткен баяғыда. Сол жердегі тау-тау боп үйілген темір-терсектерден үйіне керек-жарақтарын алғаны да бар. Есбұқа келгенше тау боп үйілген темірлерді аралап жүрген. Бір темірдің көзіне жылыұшырай кеткені. «Сол ма, сол емес пе?» дегендей қасына келіп қарап еді, маңдайы шып-шып терлеп қоя берді. Дәл өзі. «А. А. Жданов атындағы қаракөл қой совхозы» деп өзі өрнектеген жазу әлі өшпепті. Қасында тағы бір таныс темірлер жатыр. Оның бетіндегі «Под знаменем марксизма-ленинизма, под руководством Коммунистической партий – вперед, к победе коммунизма!» деген ұранды да өзі сүйкектеткен. Партком жездесі «қаламақысын» да қатырып тұрып төлеген. Сол ұрандар мен темірлер күндердің күнінде адыра қалып, Тәңір тау асады деп кім ойлаған? Алдаберген досы Қытайдан әкелген бір автобус апатқа ұшырап, қорабын жөндеп жатқанда іш жағынан «Наша цель – Коммунизм!» деген жазу шығыпты дегенде қылжағы шығар деп еді, рас екен. Ой, тоба-ай!.. Коммунизм демекші, кеңес өкіметі кезіндегі «орыс тілін білмеген бала нан сұрап жей алмайды» деген түсінік бұл жақта да бар сияқты. Ұққаны үлкен шаһардағы қазақтар қытай тілінде, ал ауылдағы қазақтар ана тілінде білім алады екен. Осыдан кейін Шекербектен маза кетті. Ен дала жетпегендей түтіні ішке қарай ұратын тәксиге мінген кездегідей бас мең-зең күйге түсті. Бір ойы «Мына тау-тау боп үйіліп жатқан темірлерді өзіміз балқыта алмаймыз ба?» деп бауырынан боксерше ұрса, бір ойы «Теміріміздің, теріміздің, жүніміздің, миямыздың, мүйізіміздің бәрі тау аса берсе, өзімізге не қалады? Неге өзіміз өңдеп, неге өзіміз жөндемді зат шығармаймыз?» деп, балуанша жамбасқа ап соғады. Үрімші маңындағы қазақтардың ықылас, пейілі мен «Қара жорға» әні көңілін сергіткендей боп еді, баяғы жол-жөнекей көрген жұмыртқа сататын қарияны бұл жақтан да көріп көңілі одан бетер құлазыды. Құлазымайтын да ма еді, Есбұқаның «бұл шалдың несін аяйсың, өзі не қазақ, не ұйғыр, не қытай емес, жар дегенде жалғыз баласы бар еді о да Бейжіңге, қатынының соңынан кетіп қалды» деген сөзі жүнін жығып тастады. Мына алағай да бұлағай дүниеде енді ұлтсыз, тілсіз, дінсіз бейшаралар пайда бола бастапты. – Ата, – деген бұл әлгі қарияға, – мынауыңыз қанша тұрады? Есбұқа мұның сауалдарын ханьсулардың тіліне сөзбе-сөз «қотарып» тұр. – Нені айтасың қарағым, жұмыртқа ма? – Жоқ, жұмыртқа пісіретін ыдысыңызды айтамын. Жүз доллар бола ма? – Ойбай, болғанда қандай. Шекербек жұмыртқа пісіретін ыдысты қолына алып, Алладиннің сиқырлы шамын ұстағандай бүйірін ысқылап-ысқылап қойды.

* * * Қонақ үйге кеп түскен кезде Шекербектің, неге екені белгісіз, долларшы Ербоғдаға көрінгісі келмеді. «Қош-есен бол көргенше, қайта айналып келгенше» деп, қауқылдасып қоштасқандарды да сырттан қызықтап тұрды. Ал ертесіне Қазақ елінің шекарасынан өткен кезде көңілінің ай бір босағаны-ай! Туған жерге ештеңе жетпейді екен. Оның әрбір шөбі, әрбір тасы көзіне жылы ұшырап қоя берді. Бес күні бес жылға татыған сияқты. Құдайдың әмірі, тіпті, атамекенінің қи шоқыған құзғын, қарғаларына дейін ыстық көрінді оған. Ана жақта ұшқан құсты көруге зар боп еді, мына жақта қарға екеш қарғаға дейін қағанағы қарқ, сағанағы сарқ...

17 (1)Көсемәлі Сәттібайұлы,

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар