«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Алғашқы алтын медаль қоржынымызда

Алғашқы алтын медаль қоржынымызда
ашық дереккөз
Алғашқы алтын медаль қоржынымызда

Жасөспірімдер олимпиадасында дзюдошы Бауыржан Жауынтаев чемпион атанды.

18

Қытайдың Нанкин қаласында өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы олимпиадада қазақтың қара домалақ баласы Бауыржан Жауынтаев ел құрамасының қоржынына алғашқы алтын медальді салды. Асхат Житкеев ересектер арасындағы олимпиадада күміс медаль еншілегеннен кейін еліміздегі дзюдо күресінің жағдайы мәз емес болатын. Шыны керек, әлемдік гран-при додаларында жерлестеріміз жақсы күрескенімен, бәсі биік аламандарда сағы сынып қала беретін. Тіпті ел сенген Максим өзі Лондон татамиінде тәлтіректеп күрескен соң, біздің дзюдоның жағдайы мәлім болды дегендер енді Бауыржан Жауынтаевтың жолына үмітпен қарайтын шығар. 55 келі салмақта белдескен Бауыржан Жауынтаев финалдық кездесуде әзірбайжандық спортшы Натиг Гурбанлиді жеңді. Әлемнің «сен тұр мен атайын» дейтін 8 саңлағы сайысқа түскен додаға Бауыржан әлем чемпионы ретінде жартылай финалдан бастап қосылды. Нанкиннің «Longjing» гимназиясының спорт кешеніндегі татамиде Бауыржан Жауынтаев екі белдесуін де бір күнде өткізді. Алдымен ол түркиялық Огузан Караканың жолын кесті. Бауыржанның қауқарынан қаймыққан түрік балуанынына төрешілер жиі қашқақтап, сылбыр күрескені үшін екі мәрте ескерту жасады. Сол екі ескерту лезде юко ұпайына бағаланды. Юко-дзюдодағы ең төмен балл, яғни, бір ұпайға саналады. Жекпе-жек барысында Бауыржан қарсыласын әрлі-берлі теңселтіп, бірнеше әдіс жасауға талпынғанымен, түрік балуаны оның біресе қолын орап, біресе белдесуден қашқақтап, мүмкіндік бермеді. Бәлкім, ипонға түсіп қалудан қорыққан да шығар. Таза жеңілмеуге тырысқан түрік балуанының мақсаты орындалғанымен, финалға Алаштың ұлы жолдама алды. Ақтық сында біздің батырмен шайқасуға әзірбайжандық Натиг Гурбанли шықты. Кездесудің түгесілуіне аз ғана уақыт қалған кезде Бауыржан Жауынтаев қарсыласын аяғынан шалып, бүк түсірмек болып еді, алайда шалқалақтап барып, ес жиып үлгерген әзірбайжандық балуан боз кілемге арқасымен жантая кетті. Гурбанлидің жанкештілігін ескерген төрешілер Жауынтаевқа бір ұпай (юко) берді. Қазақтың Бауыржаны осы жолы да өзі еншілеген ұпайды кездесу соңына дейін сақтап, жеңіске жетті. Әлемді мойындатқан Бауыржан Жауынтаев өзінің мықтылығын тағы дәлелдеді.Енді Жауынтаевтың алтынынан кейін жерлестеріміз жігерін жани түссе ғой. Лондон олимпиадасында Александр Винокуровтың жолы болып еді. Нанкинде де сол сабақты ине сәтімен жалғасып жатса, нұр үстіне нұр. «Бұл олимпиадада жеңіске жету жанкештілікті талап етті. Төрткүл дүниенің кіл мықтылары ғана қатыстық. Бабым мен бағым қатар шауып, чемпион атанғаным үшін қуаныштымын. Бапкеріме алғысым шексіз. Мақсат мұнымен түгесілмейді. Енді алдағы ірі олимпиада ойындарында өзімнің физикалық және функционалдық дайындығымды үстемелей түсіп, чемпион атануды армандаймын. Қазақтың көк байрағын олимпиада ойындарында желбірету үшін бар күшімді саламын» дейді чемпионның өзі үлкен міндеттерді көздеп. Спортшының бапкері Қален Қалиұлы бұл жарысқа Бауыржанның тыңғылықты дайындықпен келгенін айтады. Алдағы уақытта өз шәкіртінен үлкен үміт күтетінін, ірі жарыстарда Бауыржанның топ жаруға мүмкіндіктері мол екенін де сөз етті. Бауыржан Жауынтаев бұған дейін әлем чемпионатында және өзге бірқатар халықаралық турнирлерде ел намысын абыроймен қорғап, алтын жүлделерді сан мәрте қанжығасына байлап үлгерген болатын.

Табиғат Абаилдаев,

«Ақ жол»

Ұқсас жаңалықтар