«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Халық ойындары мәресіне жетті

Халық ойындары мәресіне жетті
ашық дереккөз
Халық ойындары мәресіне жетті

Қаламыздағы басты спорт сарайы «Тараз-Аренада» Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін V халық спорты ойындарына облыстық іріктеу жарысы болып өтті. Жарыстың салтанатты ашылу рәсімінде облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Гамлет Қайнарбеков сөз алып, спортшыларға сәттілік тіледі. Дуы басым додаға облысымыздың 10 ауданы мен Тараз қаласының құрама командалары қатысып, республикалық турнирге берілетін жолдаманы сарапқа салды. Бұл сында 9 спорт түрлері бойынша командалар сынға түсті. Жарыс қорытындысында шағын футболдан Жуалы ауданының командасы қарсылас біткеннің адымын аштырмай, бірінші орынға иеленсе, Шу ауданының құрамасы мен таластықтар екінші және үшінші орындарды өзара бөлісті. Ал гір тасын көтеруден Талас ауданының спортшылары алдарына жан салмаса, Т.Рысқұлов ауданынан келген білекті жігіттер екінші орынға, байзақтықтар үшінші орынға тұрақтады. Волейболдан ерлер арасында әдеттегідей Т.Рысқұлов ауданының командасы қарсыластарын қапы қалдырды. Екінші, үшінші орындар Тараз қаласы мен Сарысу ауданының командаларына бұйырды. Ал әйелдер арасындағы додада ала допты алақанда ұршықша иірген қордайлықтар топ жарса, Тараз қаласының арулары екінші орынды, Талас ауданының бұрымдылары үшінші орынды місе тұтты. Қазақ ұлтының төл спорты саналатын қазақ күресінен болған сында Жамбыл ауданының балуандары қарсы келгенді алып та, шалып та жықса, шаһарлық команда екінші, байзақтық команда үшінші тұғырдан көрінді. Тоғызқұмалақтан байзақтықтарға тең келер команда табылмады. Қордай ауданы мен Шу ауданының ұжымдары екінші, үшінші орындарды еншіледі. Білекті жігіттер қол күресінің көрігін қыздырды. Армрестлингте өздерінің шын мықты екенін айқындаған Тараз қаласының оғландары тұғырдың ең биік сатысына көтерілсе, Талас және Байзақ ауданының командалары да өз деңгейлерін көрсетіп, екінші, үшінші орындарға лайық деп танылды. Үстел теннисінен қалалықтарға лайықты қарсылас болмады. Екінші орынды қордайлықтар алса, үшінші орынды байзақтықтар иеленді. Жазғы Президенттік көп сайыс қорытындысы бойынша Тараз қаласының командасы шын мықты екендіктерін дәлелдей білді. Байзақ ауданы мен Талас ауданының командалары да оларға лайықты қарсылық көрсеткенімен, асып кете алмай, екінші және үшінші орындарға риза болысты. Ал асық атудан Жамбыл ауданының командасы қарсыластарының адымын аштырмай, мергендіктерін көрсетіп, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілсе, қордайлықтар екінші, сарысулықтар үшінші орынға тұрақтады. Жарыс қорытындысында жалпы командалық есепте Тараз қаласы көш тізгінін қолға алса, олардан 25 ұпай кем жинаған Байзақ ауданы екінші орынды, Талас ауданы үшінші орынды иеленіп, өздерінің жақсы дайындықпен келгендерін көрсетті. Облыстық іріктеу байқауында топ жарған командалардың барлығы да енді Өскемен қаласында өтетін республикалық сынға қатыса алмайды. Өйткені, әр спорт түрінен жеке дара озып шыққан ойыншылардың бәрі облыс құрамасының сапына еніп, өңірдің намысын қорғайды. Жасақталған құрамада тек қана кіл мықтылар өнер көрсететін болады. Елбасы жүлдесі үшін Халық ойындарының ақтық кезеңі келесі айдың ортасында Өскемен қаласында өтеді.

Табиғат Абаилдаев,

«Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар