«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жарайсың Зарина!

Жарайсың  Зарина!
ашық дереккөз
Жарайсың Зарина!

Қазақ теннисшісі үздік елудің қатарына енді

Бұған дейін қазақ жерін жерсініп келген өзге елдің екінші, үшінші нөмірлі теннисшілеріне арқа сүйеп келгендердің қатты қателескенін Зарина Диас дәлелдеді. Осы күнге дейін Ресейден «аттай қалап» алдырған Ярослава Шведова, Ксения Первак сынды ракетканың қыр-сырын меңгерген теннисшілер мардымды нәтижеге қол жеткізе алмай келген-ді. Тіпті, Қазақстанмен келісім-шартын бұзған кезде Ксения Первак амалсыздан азаматтық алғандай сыңай танытқаны да есте қалып қойыпты. Иә, Зарина қыз ерледі. Қараторы шынашақтай қыз осыдан біршама уақыт бұрын үздік алпыс теннисшінің қатарына енсе, енді жаңа рейтингте қырық алтыншы орынға көтеріліп отыр. Зарина Диас үздік елудің қатарына жайдан-жай ене салған жоқ. Ол бәсі жоғары саналатын үлкен дулығалы додаларда өзінің шын мықты екенін айқындап та берді. Айталық, Париждегі «Роллан Гаррос» турнирінде төртінші айналымға дейін жеткен қазақ қызы «Уймблдонда» да өзінің шын мәнісінде мықты теннисші екенін байқата білді. Форхенд пен бекхенд соққылары бірінен екіншісі кем түспейтін Заринаны сол додаларда әлемнің «мен» деген теннисшілерінің өзі мойындаған. Тіпті, сол сында жұлдызды теннисшілердің бірі Сара Эррани: «Зарина Диас әлі жас болғанымен мені біраз әуре-сарсаңға салды. Қос қолының да соққылары мығым екен. Әсіресе, қарсыласты бағытынан жаңылдырып барып, корттың екінші жартысына допты солқ еткізетіні ерекше ұнады. Қарсыластың әрбір қимылын бақылап тұру – ұлы теннисшілерге ғана тән қасиет. Менің ойымша, Зарина Диас болашақ үлкен теннис жұлдыздарының бірі» деп қазақ қызының қарымына айрықша бағасын берген-ді. Иә, Галина Воскобоева, Ярослова Шведовалар емес, қазақ қызының «WTA» рейтингінде көрсеткіші күн санап жоғарылап жатқаны көңіл қуантады. Бұл біздің теннисті басқарып отырған азаматтарға «өзіңе сен» дегенді меңзеп тұрғандай. Хардта да, топырақта да, шөпте де бір деңгейде ойнай білетін қазақ қызы алдағы уақытта үздіктердің қатарына ілігіп жатса, таңқалудың реті жоқ.

Табиғат Абаилдаев,

«Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар