«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Кейбір даулы мәселелер сотсыз-ақ шешіледі

Кейбір даулы мәселелер сотсыз-ақ шешіледі
ашық дереккөз
Кейбір даулы мәселелер сотсыз-ақ шешіледі

Қазіргі таңда аудан тұрғындары арасында болып жатқан жер, қарызды өндіру, балағат сөз сөйлеу, келтірілген материалдық шығынды өндіру және тағы басқа азаматтық даулар немесе онша ауыр емес, орташа ауырлықтағы қылмыстық істер бойынша қақтығыстарды сотқа дейін билердің көмегімен шешуге болатынын білу қажет. Олардың ең бірінші мақсаты – ренжіскендерді татуластыру, кетіскенді бітістіру, дауласушы жақтарды табыстыру, мейірім мен сыйластық, татулық пен берекені сақтау және нығайту. Билер сотқа дейін татуласу – даукестіктің деңгейін төмендете отырып, дауларды бейбіт келісім арқылы тиімді шешуге көмектеседі. Араздасқан азаматтарды сотқа дейін бітімге келтіреді, қос тарапты мәмілеге шақырып жүйелі сөзге тоқтатады. Татуласу – дауды шешудің ең тиімді әдісі. Бұл жағдайда уақыт жоғалмайды, ақша үнемделеді, қатынас үзілмейді, жүйке мен абырой-бедел сақталады. Денсаулығы мен алтын уақыттарын айтыс-тартысқа жұмсамайды. Ал егер бітімгершілік болмаса, сотта істің қаралуы созылып кетуі ғажап емес. Іске нүкте қойылғанға дейін бірнеше сот отырысы өтеді. Қайта-қайта жұмыстан сұранып, кәсіпті тоқтатып, жеке тірлікті ысырып қоюға тура келеді. Сондай-ақ мемлекеттік баж бен сот шығынын төлеп, заңгер жалдайсыз. Ең бастысы – осынша кезеңдерден өткенде, дау сіздің пайдаңызға шешілетініне ешқандай кепілдік жоқ. Егер екінші тарап туысыңыз, досыңыз я қызметтесіңіз болса, екі арадағы қатынасқа, сыйластыққа, әріптестікке сызат түседі. Бүгінгі таңда мемлекет осындай жағдай тумас үшін халыққа өте ыңғайлы және пайдалы жолын таңдауды ұсынып отыр. Ол – бітімгершілік. Татуласу үшін біріншіден, дауласқан жақтар билерге жолығады. Олар екі тарапқа дауды сотсыз шешудің оңтайлы жолын тауып береді. Мысалы, біреудің мүлкін ұрласа немесе денсаулығына зиян келтірсе, егер ол қылмыстық істер онша ауыр емес, орташа ауырлыққа жататын болса, онда аталған қылмыстық істі сотқа дейін АІІБ-де билердің қатысуымен шешуге толық мүмкіндік бар екенін халық білу қажет. 2016 жылы облыстық соттың, ішкі істер департаментінің, облыстың прокуроры және БАҚ қызметкерлері қауымдастығының жанындағы Бітімгер «Құқық және медиация орталығы» бірлесіп бітімгершілік процедурасының дамуы саласы бойынша ынтымақтастық туралы меморандумы аудандық прокуратура мен ІІБ-не жолданған. Аталған құжатқа сай құқық қорғау органдары онша ауыр емес, орташа ауырлыққа жататын қылмыстық істерді билердің қатысуымен сотқа дейін қысқарта алады. Билер аудандық сотта ашылған медиация кабинетінде азаматтарды қабылдауды жүргізіп, даулар мен қақтығыстарды сотқа дейін және сотта қысқартуға көп жұмыс жасауда. Аудандық ардагерлер кеңесінің шешімімен өткен жылғы қарашада Жуалы ауданында билер кеңесі құрылды. Кеңес құрамына Сағындық Тоқбергенов, Мұратқали Рахметов, Аманжол Дүрәліұлы, Әлия Майбалаева, Сейітқазы Медетбек кірді. Қазіргі таңда Б.Момышұлы ауылында билер алқасының 5 мүшесі бар. Ал жалпы аудан бойынша барлығы 47 билер алқасы бар. Жыл басынан бері аудан медиаторларымен сотқа дейін 13 азаматтық дау шешілген. Халыққа мемлекет тарапынан үлкен мүмкіндік беріліп жатыр. Бітімгершілік бүгінгі күнде дауларды, қақтығыстарды сотқа дейін шешудегі өте дұрыс жолдың бірі екенін тұрғындар білуі керек. Азаматтардың сотқа дейін бітімге келуіне аудандық сот, прокуратура және аудандық ішкі істер бөлімі қолдау жасайды әрі мүдделі.

Естемес АМАНБЕКОВ, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Жуалы ауданы.

Ұқсас жаңалықтар