«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Болашақ олимпиада чемпиондары осында жаттығады

Болашақ олимпиада чемпиондары осында жаттығады
ашық дереккөз
Болашақ олимпиада чемпиондары осында жаттығады

Еліміздегі нөмірі бірінші спорт түрі бокс екені бұрыннан белгілі. Әсіресе Жамбыл өңірі шойын жұдырықты боксшыларымен мақтана алады. Иә, расымен де біздің облыстан олимпиада чемпиондары да, жүлдегерлері де көптеп шыққан. Екі бірдей олимпиадада алтын және қола жүлде иеленген Ермахан Ыбырайымов, қос бірдей олимпиадада күміс медальмен күптелген Болат Жұмаділов, Афины төрінде жалғыз алтынды алып берген Бақтияр Артаевтарды Жамбыл жұртшылығы әрдайым құрметтейді. Бүгінде өңір боксының өркендеуі үшін барлық жағдай жасалды. Шаһарымыздағы алдымен бокс сарайы ретінде ашылып, кейіннен бокс мектебі болып қайта құрылған мектепте бүгінде 10-18 жас аралығындағы балғындар шеберліктерін шыңдап, біраз жетістіктерге жетіп жүр. Көбінесе ересектерді ғана елеп, осы бір ұжымның еңбегі қалтарыста қалып кететіні бар. Сол олқылықтың орнын толтыру мақсатымен аталмыш бокс мектебіне бас сұғып қайтқан едік. «Біздің мектепте талапты балаларды 10 жастан бастап қабылдаймыз. Олар жасы он сегізге келген соң мектептен шығарылады да, жақсы нәтиже көрсеткендері Марат Мәзімбаев басқаратын бокс клубына қабылданады. Бір сөзбен айтқанда жыл сайын мектебімізді тәмамдаған түлектердің ішіндегі мықтыларын сонда жібереміз. Қалғандары өздері үшін спортпен шұғылдануы мүмкін. Ал былайынша көбісі боксты тастап кетеді. Мектебімізге аудандардан келіп те жаттығып жатқан балалар бар. Бүгінде мұнда 34 жаттықтырушы жемісті еңбек етіп келеді. Олардың біраз бөлігі спорт шебері, халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері саналса, кейбірінің өзіне тән санаттары баршылық. Ағымдағы жылдың қаңтар айында Өскемен қаласында 1998-1999 жылы дүниеге келген балалар арасында ел біріншілігі өтті. Сол додада Рүстем Хамидов есімді боксшымыз чемпион атанса, Мұхаметжан Тайбағар күміс медальді еншіледі. Сондай-ақ, өткен жылдың қыркүйек айында Киевте өткен жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігінде Әлімжан Бескемпір қола медаль иеленсе, Болгарияда өткен қыздар арасындағы әлем біріншілігінде Назерке Жұрғараева екінші тұғырдан көрінді. Бұдан бөлек төрт жылда бір рет өтетін жасөспірімдер арасындағы еуразиялық ойындарда Ақерке Омарқұлова деген қызымыз чемпион болды. Бұл байрақты бәсекені жасөспірімдердің олимпиадасы десек те жарасады. Өйткені, төрт жылда бір рет ұйымдастырылады. Сол еуразиялық ойындарда Әкімжан Ержанұлы үшінші орын иегері атанды. Осы қыз-жігіттер келесі жылы да өз нәтижелерін төмендетпей, үлкен жетістіктерге жете беретін болса, бокс клубына қабалданатыны анық. Ал жасы кіші балаларымыздың сапынан наурыз айында өткен Қазақстан чемпионатында Бекжан Бәкіров пен Жуалыдан келіп жаттығатын Әбілхан Аманқұл үздік шықса, Мұхамед Мырзатай екінші орынды еншілеп, Әлімжан Бескемпіров үшінші сатыдан көріне білді. Сәтпаев қаласында өткен ел біріншілігінде де балаларымыз олжалы оралды. Юлдуз Маматқұлованы тәрбиелеген Нұрхат Жапаров есімді бапкеріміздің еңбегі ерен. Әлімжан Бескемпіровтің бапкері Нұржан Қондыбаев, шәкірттері Азия ойындарында жүлдемен оралып жүрген Нұржан Берді секілді бапкерлеріміздің нәтижесі көңіл көншітеді» дейді бокс мектебі директорының орынбасары Нұрлан Абдраманов. Иә, бүгінгі таңда дәл осы бокс мектебінің түлектері бокс клубындағы спортшылардың жартысына жуығын құрайды. Осында тәрбиеленген балалар бапкерлердің үмітін ақтап жүр. Мектептің жаттығу залы да, басқа да бөлмелері талапқа сай жұмыс жасап жатыр. Спортшылармен психолог арнайы тілдесіп, оның спортшы ретіндегі психологиялық дайындығын пысықтаса, жаттығу кезінде жарақат алып қалған балаларға дәрігерлік көмек дер кезінде көрсетіледі. 2006 жылы іргесі қаланған спорт мектебінде болашақ олимпиада жүлдегерлері жаттығып жатқан да шығар. Өйткені, мұндағы балалардың жетістігі жоғары. Әрі ересектер арасына өтуге мүмкіндіктері де мол.

Табиғат Абаилдаев,

"Ақ жол".

Ұқсас жаңалықтар