Даланың дара дүлдүлі

Даланың дара дүлдүлі
ашық дереккөз
Даланың дара дүлдүлі

Иманжүсіп Құтпанұлының немересі Раушан Көшенова Таразға атасының зиратын іздеп келді.

2 3 4

Ен даланы еркін жайлаған халқымызды кеңестік дәуірдің қитұрқы қызыл идеологиясының құрсауынан құтқарамыз деп, ұлттық құндылықтарымызды сақтап қалу жолында жанкештілік танытқан арыстарымыз қаншама?! Сол жолда жандарын пида еткен тұлғаларымыздың бір шоғыры тәуелсіз еліміздің ояну дәуірінде жарқырай көрінді. Солардың бірі – қатал тағдырының ноқтасына басы сыймай өткен, өзі батыр, өзі ақын, өзі сазгер, өзі әнші Иманжүсіп Құтпанұлының да сүйегі Жамбыл облысында жерленгендігі белгілі болған еді. Шерхан Мұртаза айтпақшы, «ұлт намысының үлгісі» бола білген қасиетті халық мақтанышының туған немересі Раушан Көшенова Тараз қаласына табан тіреп, атасы отырған абақтыға, сүйегі жерленген бейітке арнайы барды. «Орнында бар оңалар» деген осы болса керек, кейінгі ұрпақтың бұл есімді ардақтай білуіне бір кісідей атсалысып, бар қазаққа ортақ ердің есімін өшірмеуді ойлап жүрген Иманжүсіптің немересі әрі оның мұраларын зерттеуші Раушанмен бірге біз де осы жерлерді көзімізбен көріп қайттық. Жамбыл стансасының Ішкі істер желілік басқармасына жеткенімізде бұрынғы абақтының орны мүлде сақталмағандығына көз жеткіздік. Тек ғимараты ғана тұр демесеңіз, бәрі заманауи үлгіде жөндеуден өткен. «Атам осы ғимараттағы бір камерада отырыпты. Сондықтан маған бұл аула өте ыстық. Артынан іздеп келген екі баласы Сейітхан мен Дәулетхан осында келіп айқайлаған ғой. Сонда атам: «Менен күдер үзіңдер, мен енді жоқпын. Ана Нұрханға қараңдар. Оны оқытыңдар» деп, соңғы сөзін айтыпты. Сол өзі қатты алаңдаған, ерекше жақсы көрген ұлы Нұрхан менің әкем. Ол өзінің көзі тірісінде әкесінің қайда жерленгенін білмей кетті. Маған тапсырып еді. Енді осы аманатын орындадым» деді Раушан көзіне жас алып тұрып. «Жүз қатыны қазақтың ұл тапса да, бәрібір Иманжүсіп бола алмайды!» деп, қазақ халқының бостандық алуы жолында өзіндік үлес қосқан азаматтың қалдырған мұрасы расында да көп. Ол халқым деп өмір сүрген. Ел-жұртын рухани бесікте тербету үшін жаралған сегіз қырлы, бір сырлы сері, дарын иесі. Қазақ тарихы мен өнерінің бастау қайнарында тұрған сал-серілердің, ірі талант иелерінің бәріне ортақ қасиет – көп қырлылығы болған ғой. «Адалдарға – кішімін, арамзаның – сұсымын...» деп жырлап, «Адамзатта ұл тумас мендей құмай» деп, өзінің бағасын көзі тірісінде беріп кеткен біртуар тұлға, шынында да ерлік пен игі істер үшін жаралған жан сияқты. Жас кезінен-ақ өз ортасының зор қошеметіне ие болған Иманжүсіпті жұрты өздерін зорлық-зомбылықтан қорғай алатын адам деп таныған. Тектілігі сонда, әкесі Құтпан 17 жасынан бастап Кенесарының жасағында болған батыр екен. Ал атасы Тұрғанбай датқа тарихта Қоқан хандығына қарсы азаттық күрестегі ерліктерімен ерекшеленген ер болыпты. Тарих ақтаңдақтары бұл әулеттің үш бірдей буыны, атасы, баласы, немересі осы азаттық пен бостандық үшін күресіп, тәуелсіздіктің жолында құрбан болғандығын көрсетеді. Ал Иманжүсіптің «Сарымойын», «Сарыарқа», «Әкем Құтпан», «Сарыбел», «Ерейментау», «Сейфіл-Мәлік» әндері бүгінгі ұрпаққа етене таныс. Раушан Көшенованың айтуынша, бұл әндер оның өнерінің аз ғана бөлігін құрайды. «Тарихи деректер оның 1931 жылдың 2 наурызында атылғандығын көрсетеді. Бірақ, кім біледі оның шындығын. Бәлкім, оған дейін де жоқ қылған шығар. 1992 жылы ғана ақталу қағазы келді. Содан бері атамыздың қайда жерленгенін білу үшін барымызды салдық. Сонда да бізге нақты қай жерге жерленгенін айтқан жоқ. «Ой, ол жерлерде үйлер салынып кеткен, қазір шағын аудандар бар» деген сияқты сылтаулар көбейді. Оған қарап жатқан біз жоқ. Өзім іздеуді жыл сайын жалғастыра бердім. Осыдан екі жыл бұрын ғана Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің құпия қоры арқылы таптық. Сүйегі осы қаланың ішіндегі мына қорымда тұр (суретте). Біз облыстық әкімдіктің қолдауымен осы жерден топырақ алып, Павлодар облысындағы әулетіміздің адамдары жерленген қорымға орнаттық. Енді осы жерге Иманжүсіптің сүйегі жатқандығын білдіретін қандайда бір белгі орнатылса деп ойлаймын» дейді ол. «Тарихымыздың әлеуметтік төңкерістер, ұлы өзгерістер заманында өмір сүрген Иманжүсіптей атамның ақындық, әншілік, композиторлық мұралары халқымыздың әлденеше буын ұрпағының рухани қазығына айналары анық. Өйткені Иманжүсіп жайында жазылған әр шығарма, әр көркем туынды оның басына түскен ауыртпалықтар себебін жан-жақты көрсете алғандығымен құнды. Отаршылдық езгіге қарсы күресіп өткен ол талантын туған елге бағыштап өткен нар тұлға. Оның өмірі мен шығармашылығын, оның өзі өмір сүрген заманымен астастыра суреттеген шығармалардың қай-қайсысын алып қарасақ та, ел-жұртының болашағына алаңдаған қайсар ердің ерлігі мен азаматтығын көрсетеді. Бұл - кезінде Ахмет Жұбанов айтып кеткен, «тарих парақтарының ашылуы мен әділ бағасын алу кезеңі» енді туды деген сөз» деген Раушан Нұрханқызы жақында Ақмола облысы Аршалы ауданындағы Жібек жолы ауылындағы Иманжүсіп Құтпанұлы атындағы мектептің ішінен баба мұраларына арналған мұражайдың ашылғалы жатқанын айтты. Иә, елінің бүтіндігін, тыныштығын ойлап, тәуелсіздігін құнттап, әділеттілік үшін шайқасқан Иманжүсіптей әруақты ерлер мен батыр бабаларымызды қалай әспеттесек те жарасар еді. Бүгінгі буын дәл осылай сегіз қырлы, бір сырлы қасиетті бір бойына сіңіріп өссе, ел тәуелсіздігі мен ұлт айбыны аласармай, асқақтай түсері сөзсіз.

Гүлжан РАХМАН, «Ақ жол». Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар