«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ерінбегеннің ерні майға тиеді

Ерінбегеннің ерні майға тиеді
ашық дереккөз
Ерінбегеннің ерні майға тиеді

Облыс әкімі Асқар Мырзахметов жұмыс сапарымен Талас ауданында болып, тұрғындардың бүгінгі хал-ахуалымен кеңірек танысты. Әр ауылдық округтің әкімі өзі басқаратын елді мекенде есеп жүргізуі керек. Оның міндеті – аула, мал-жан санағын жалаң анықтау емес, кімге не қажет екенін сараптап, нақты жоспарын жасау.Өңір басшысы ауылдарды аралап, танысу барысында тұрғындарға сапар мақсатын барынша айтып, түсіндірді. Асқар Исабекұлы кездесу өткізген Қаратау ауылдық округінің Есейхан ауылында бақша, мал мен құс шаруашылығын өркендетіп отырған азаматтар бар. Мәселен, ауыл тұрғыны Металхан Шомаевтың ауласындағы 15 сотық жерде көкөніс жайқалып тұр. Оның 5 сотығына құлпынай егіліпті. Оның айтуынша, күзде картоптан 3 қап өнім жинаса, көкөністі базардан сатып алмайды екен. Қияр мен қызанақ, сәбіз, басқа да көкөністер өз шарбағында өсіп тұр. Құлпынайдан жылына екі рет өнім жинап, 45-50 литр тосап қайнатып, отбасының қажетіне жаратуда. Сонымен қатар ауласынан шағын наубайхана ашқан. Күніне 30-35 бөлке нан пісіріп, ауылдастарына 75 теңгеден өткеруде. Енді үй егесі ауласынан 2-3 сотық жылыжай салуды, сауын сиыр басын 4-ке жеткізуді жоспарлауда. Ол үшін 5 миллион теңгедей қажет дейді ол. Несие алайын десе, екінші деңгейлі банктер үйін кепілдікке алмай отырса керек. Ал жас кəсіпкер Манат Темірбеков биыл қой мен түйетауық өсіруді қолға алыпты. Ол бүгінде 500 гектар жайылымда 300 бас қой өргізіп отыр. Кәсіпкер малмен қатар 60 түйеқұс өсіруде. Балапандары қарақанаттанып, өсіп қалыпты. Енді ол жастарға беріліп жатқан «Бизнес бастау» аясында инвестициялық жобасын дайындап ұсыныпты. Ауданда жастарға мемлекеттен берілетін қайтарымсыз грантқа ол – бірден-бір үміткер. Асқар Исабекұлы бұдан кейін Тамды ауылдық округінің орталығы Тамды ауылында болды. Алдыңғы округтегідей мұнда да округ əкімі Саят Момбеков есеп берді. Оның айтуынша, ауылда 246 аула бар. Оның 175 ауласында 420 мүйізді ірі қара бар екен. Ауыл ішінде 50 гектар жер анықталған. Соның 20 гектары игерусіз жатыр. Яғни 200 аула табыс табуға талпынбай отырса керек. – Игерілді деген жердің өзінде оның тиімділігі қанша? Үлесі қанша? Осы уақытқа дейін түсіп тұрған табысты еселеудің ебін табу керек. Бұл ретте әр тұрғын қолдан келер ісін айтсын. Билік қолдауға әзір. Шаруасын дөңгелетем дегендерге демеу ретінде несие беріледі. Қосалқы шаруашылық табыстың көзі екенін уақыттың өзі көрсетіп отыр. Бір ғана мысал, еліміздегі азық-түлік өнімдерінің 70 пайызы қосалқы шаруашылықтар үлесіне тиесілі. Тәуекел ет те тірлік баста. Үкімет «өлтірмейді» деген масылдықтан арылу қажет, – деді өңір басшысы жиында. Осы ауылда 50 сотық жерге Күлшат Рахымбердиева көп жылдан бері қияр мен қарбыз егіп келеді. Ол бүгін бақшасынан көзімізше 10 килограмм өнім жинады. Бұл бақшадан жиналған алғашқы өнім болатын. Одан бөлек 38 мүйізді қара ұстап отыр. Оның 12-сі – сауын сиыр. Қаратау қаласына күніне 40-50 литр сүт апарып «Нұргелді» базарына өткеруде. Енді осы аптада базарға қиярының алғашқы өнімін жинап апармақ. Түстен кейін Асқар Мырзахметов аудан әкімі аппаратының мәжіліс залында аудан активімен кездесті. Жиында жұмыс топтарының жетекшілері есеп берді. Өңір басшысы өзі болған ауылдық округтегі ауыл тұрғындарының жұмысын мысалға келтірді. «Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Ерінбей еңбек еткеннің ерні майға тиеді. Сондықтан да ауыл тұрғындарының кооперативтерге бірігуі – табыс көзінің тиімді тетігі екенін ұғынған абзал. Басын ашып айтсақ, кооператив құру дегеніміз кеңес үкіметі кезіндегі ұжымдастыру емес. Сайып келгенде, «Жалғыздың үні шықпас» дейді дана халқымыз. Ал бірлескен істе береке бар. Сондықтан кооперативке бірігу берекеге бастайтын, жалпы, халықты байытатын жалғыз жол», – деп сөзін түйіндеген Асқар Мырзахметов аудан жəне ауылдық округ əкімдеріне бұл жұмысты тағы да пысықтап шығуды тапсырды.

Сарысу және Талас аудандары.

Ұқсас жаңалықтар