Т.Рысқұлов ауданының әлеуеті қандай? Ондағы 15 ауылдық округтің аxуалы нешік? Тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін арттырудың жолдары қай деңгейде атқарылуда? Ол бойынша берілген xаттамалық тапсырмалардың орындалуы көңіл көншіте ме? Бұл сұрақтарға ауданға арнайы барған облыс әкімі Асқар Мырзаxметов бастаған жұмыс тобы жауап іздеп, атқарылып жатқан істердің барысын барлады. Өңірдегі «Қарапайым заттар экономикасы» мəселелерін зерделеу жəне оны жүзеге асыру, аудандағы елді мекендерді аралау бойынша облыс әкімі бекіткен жұмыс алгоритміне сəйкес өңір басшысының орынбасарлары Мұратхан Шүкеев, Нұржан Календеров, аппарат жəне басқарма басшыларының қатысуымен барлық ауылдық округтерде жиын өтті. Топ жетекшілері өз кезегінде тұрғындардың тұрмыс-тіршілігімен жақынырақ танысып, олардың көтерген мəселелеріне жауап берді.
Ақыртөбе ауылдық округінен басталған облыс əкімі Асқар Исабекұлының жұмыс сапары Абай ауылдық округінде жалғасын тапты. Аталған ауылдық округтердің тұрғындары бақша суаратын ағын су, газ құбырын тарту мен жайылым, басқа да қордаланған бірқатар мəселелерді көтерген болатын. Асқар Исабекұлы бұл мәселелерді шешу жолдарын ұсынды. Соның бірі – кооперативтерге бірігу. Осы арқылы теxника, маман тапшылығын, тұқым, өндірілген өнімді өткеру мәселелерін де оң шешуге болатындығын айтты. Сондай-ақ тұрғындардың «қарапайым заттар экономикасын» дамытуға қатысты ұсыныстарын сұрады. «Сіздердің жиында көтеріп, айтып отырғандарыңыз орынды. Бірақ бұл ірі шаруашылықтарға емес, тұрғындардың тұрмысын түзеу, табысын көтеру үшін жасалуда. Кооператив құруда, қосалқы шаруашылықты дамытуда ынта мен ынтымақ – табысқа бастайды. Бұл көктен алынбаған дүние», – дей келіп, өңір басшысы көпшілікке жиынның негізгі мақсатын тағы түсіндірді. Жиында Абай ауылдық округіне қарасты Еңбекші ауылының тұрғыны Орынбай Бекназаров сөз алып, үй жанындағы 20 сотық жеріне таңқурай өсіріп отырғанын айтты. Оның бұл шаруамен айналысып келе жатқанына да 30 жылға жуықтапты. Шарбағында 1500 түп таңқурай өсіп тұр. Жылына 2-3 тонна өнім жинап, бір жазда 3 миллион теңге табыс тауып отыр екен. Өңір басшысы оның бұл ісін көпшілікке үлгі етіп, жиыннан соң үйіне барып, жұмысымен танысты. Орынбай Көшкінұлының ауласында бос жатқан жер жоқ. Ал көршісінің шарбағы қурап тұр. Ол көршілері сияқты ағын су жоқ деп қарап отырмай, құдық қазып, су мəселесін де орынды шешіпті. Тұрғындар арасында үй жанындағы қосалқы шаруашылығын дамытып, жұмысының жемісін көріп отырғандар да бар. Олар өңір басшысының бастамасын қолдап, ауылдастарын еңбек етуге, үй жанындағы қосалқы шаруашылықты дамытуға шақырды. Асқар Исабекұлы түстен кейін аудан активімен жиын өткізді. Алдымен аудан əкімі Ерболат Садырқұлов ауданда 5 айда атқарылған ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысы туралы баяндап өтті. Оның айтуынша, ауданда 13500 аулада 65 мыңға жуық адам тұрады. Мал ұстап отырғандарының саны – 6188. Ал үй жанындағы жердің жалпы көлемі 1228 гектарды құрайды. Ол жерлердің басым бөлігі əлі күнге мақсатты пайдаланылмай келеді екен. Осыдан кейін жұмыс тобының жетекшілері сөз алып, өздері аралаған ауылдық округтердің жай-күйімен таныстырып өтті. Облыс əкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев Жаңатұрмыс ауылдық округінің əкімі тұрғындарға толыққанды ақпарат бермегенін, сауалнаманы дұрыс жүргізбегенін жеткізді. Өңір басшысы Жаңатұрмыс пен Ақниет ауылдық округтерінің əкімдері Нұрболат Жамалбеков пен Нұрдос Тұрабаевты тұрғызып, жұмыс барысын сұрады.Қос округтің əкімі өңір басшысының қойған сауалына мардымды жауап бере алмады. Өзгелерінің де жиынға дайындалмай келгені олардың берген жауаптарынан көрініп-ақ тұрды. Осының өзі олардың санақ жұмыстарын, түгендеу шараларын сылбыр жүргізгенін көрсетті. Әуелі қойылған талаптың түп мақсатын терең түсінбей, ойға алған істің оңынан баспасы анық. Сондықтан тек санақпен шектелмей әкімдерге сараптап, әр аулаға нақты нендей қолдау керектігін көрсету керек. Өңір басшысының ауылдарға арнайы барып ел-жұртпен етене жүздесуінің себебі де сол. Облыс әкімі жиында ауылдық округтерде кооперативтерді құру арқылы әрбір ауылдың экономикасын көтеру, үй іргесіндегі жерлердің игерілу жағдайын сөз етті. – Жаңа Абай ауылдық округінде 20 сотық жерде таңқурай өсіріп отырған кісінің бақшасын көрдік. Ауласын жайнатып отыр. Үйдің іргесіндегі жердің өзін тиімді пайдаланып отырған ол сол жерден жылына 2-3 тонна өнім жинайды. Біз бірінші кезекте үйдің іргесіндегі жерді табыстың көзіне айналдыруды үйренуіміз керек, – деді Асқар Исабекұлы. Жиын соңында өңір басшысы аудан және ауылдық округтің əкімдеріне тиісті тапсырмалар жүктеп, түсіндіру жұмысын жандандыруды тапсырды.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Т.Рысқұлов ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді