«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

ЖГТУ студенттері қайда оқиды?

ЖГТУ  студенттері  қайда оқиды?
ашық дереккөз
ЖГТУ студенттері қайда оқиды?

Жамбыл гуманитарлық-техникалық университетінің лицензиясы тоқтатылғандығы туралы мәселе төңірегінде туындаған әңгіменің түйіні әлі де тарқатылар емес. Министрліктің шешімі бойынша студенттер басқа оқу орындарына ауыстырылуы тиіс болатын. Бірақ, ЖГТУ жастары әлі де асығар емес. Осыған байланысты Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті төрағасының орынбасары Ләззат Бөлебаева, облыс прокурорының аға көмекшісі Еркін Қуанышев, министрліктің жоғары оқу орындарын модернизациялау жөніндегі комиссиясының мүшесі, М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Дария Қожамжарованың қатысуымен жиын өтіп, онда бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне студенттерді ауыстыру мәселесіне қатысты қабылданып отырған шешімдер таныстырылды. Тараздағы мемлекеттік оқу орны ректорларының айтуынша, ауысуға ТарМУ-ға дәл қазіргі таңда 50, ал ТарМПИ-ге 13 студент қана өтініш білдіріпті. «Министрліктің шешіміне қарай ЖГТУ-да педагогикалық мамандықтар бойынша білім алып келген студенттерді институтқа қабылдау үшін бізде арнайы комиссия жасақталған. Бүгінгі күнге дейін бакалавриат мамандықтарында оқып жатқан 13 адам бұрынғы ескі төлемақылары бойынша ТарМПИ-ге қабылданды. Біз сырттай оқитын студенттерді де қабылдауға дайынбыз. Бір айта кететіні, таңдаған мамандығына қарамастан, оқудың төлемақысы сол бастапқы көлемде сақталады. Бір ғана талап – жастар уақытты текке өткізіп алмай, ертерек қимылдаса екен дейміз», – дейді Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Дария Пернешқызы. Оқу ақысын былай қойғанда, жастар далада қалмауы үшін министрлік ұлттық бірыңғай тестілеу және кешенді тестілеу бойынша сертификаттары жоқ, алыс-жақын шетелдерден ауысып келген студенттерге 25 тамыздан бастап, жыл соңына дейін, яғни, бір семестрдің ішінде кешенді сынақты қайта тапсыруға мүмкіндік беріп отырған көрінеді. Тіпті, көпшіліктің ұғымындағы «ректор грантының» иегерлері де тиісті құжаттары сәйкес келсе, бұрын пайдаланып келген жеңілдіктерін сақтап қала алады. «Жалпы, «ректор гранты» деген бірде-бір нормативтік құжаттарда көрсетілмеген. Бірақ, біз ауызекі түрде ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандарға берілетін 100 пайыздық жеңілдікті солай атап кеткенбіз. Мұның мемлекеттік гранттан ерекшелігі – стипендия берілмейтіндігінде. ЖГТУ-да осындай жеңілдікпен оқып жүргендердің ТарМУ немесе ТарМПИ-да мұндай мүмкіндіктері сақталады», – дейді Махметғали Нұрғалиұлы. Облыс прокурорының аға көмекшісі Еркін Қуанышевтің сөзіне сүйенсек, ЖГТУ-да үш жарым мыңнан астам студент бар екен. Оның 1800-ге жуығы күндізгі бөлімде білім алса, 2902-сі сырттай бөлімде оқитын көрінеді. 200-ден астам магистранты бар. Білім туралы заңның 42-бабына сәйкес, ЖОО жабылған жағдайда құрылтайшылар университет студенттерін басқа жоғары оқу орындарына орналастыруға міндетті. Бірақ, бүгінге дейін жүзден астам ғана адамның өтініштеріне қол қойылыпты.

Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар