Жамбылдықтар әрқашан «Біздің боксшылар!» деп мақтанып жүретін. Өйтетін де жөні бар. Әулиеаталық былғары қолғап шеберлері Олимпиада ойындарында да атой салды, әлем біріншіліктерінде де ешкімге дес берген емес. Ермахан мен Болаттың, Бақтиярдың, кәсіпқой бокстың шаршы алаңында қарсылас шақ келтірмеген Мараттың жеңісті жолын жалғастыратын жастар әлі де баршылық. Бірақ, сәтсіздік пе, жоқ әлде басқадай себептері болды ма, кейінгі жылдары облысымыздың былғары қолғап шеберлерінің жолы болмай келген еді.
Жігіттердің жігерінің жанылмайтын мықтылығынан шығар, былтырдан бері боксшыларымыз қайтадан қаһарларына міне бастағандай. Өткен жылы ел біріншілігінде үздіктер қатарына іліксе, биыл федерация кубогын сарапқа салатын жарыстың топтық кезеңінен сүрінбей өтіп, жартылай финалға жолдама алды. Оралдықтарды 9:1 есебімен, астаналықтарды 6:4 есебімен жеңіп, Таразға табыспен оралған жеңімпаздарды теміржол вокзалынан облыстық спорт және туризм басқармасының өкілдері бастаған спорт жанкүйерлері қарсы алып, сый-құрмет көрсетті.
Ыстыққа да, суыққа да төзе білетін, шыныққан спортшылар емес пе, боксшылардың жүздері жарқын, көңілдері көтеріңкі. Тап қазір, жартылай финалға шығарса да, қайтайын деп тұрған ешқайсысы жоқ. Бірақ, бұл бәсеке жуырда өтпейді, кездесу желтоқсан айында ел чемпионатынан кейін болады екен. Мұны облыс құрамасын жарысқа бастап барған бапкер, елімізге еңбегі сіңген жаттықтырушы Көпбосын Сыдығалиевтен сұрап-білдік. – Жарысқа ақтөбеліктер қатысқан жоқ. Сол себепті топтық кезеңде екі кездесу өткіздік. Батыс Қазақстан облысының құрамасын 9:1, Астана командасын 6:4 есебімен жеңдік. Боксшыларымыздың қазіргі көңіл-күйі жақсы. Осы екпінмен келесі аптадан дайындықты бастаймыз. Себебі, желтоқсан айында маңызды екі жарыс қатар өтеді. Оның біреуі – ел чемпионаты болса, екіншісі кубок жарысының жартылай финалы. – Чемпионатта облыс намысын кімдер қорғайды? Құрама қайта жасақтала ма, жоқ әлде осы боксшыларға сенім артасыздар ма? – Біріншілікке де осы құраммен барамыз. Бірақ, бір ерекшелігі оған әр салмақта бір ғана боксшы қатысады. Сондықтан, қайтадан іріктеу жарысын өткіземіз. – Жартылай финалдағы қарсылас – Алматы облысының құрамасы. Алматылықтардың қай салмақтағы спортшылары мықты? Қандай салмақта ұпай жоғалту қаупі бар? – Алматы құрамасының 49, 64, 91, +91 килограмм салмақтағы боксшыларының тәжірибелері көп. Мұндай жарыстарға бұрыннан қатысып жүргендер. Әсіресе, абсолюттік салмақтағы Мырсатаев дегені «Астана Арланс» командасында өнер көрсетіп жүрген спортшы. Дегенмен, біз алматылықтар мықты екен деп қарап отырмаймыз. Біздің де халықаралық додаларда ысылған, әккі боксшыларымыз бар. Топтық кезеңнің екі кездесуінде де жеңіске жеткен Олжас Сәттібаев, ең жас спортшымыз Шерхан Сүгірбекке сенім артамыз. Сағадат Рахманқұлов, Ғани Жайлауов, Айтжан Шлеевтен де үміт күтеміз. – 69 килограмм салмақта Айтжан өнер көрсетті, Сағадат салмақ ауыстырған ба? – 75 килограмм салмақтағы боксшылар жарақат алып қалған соң, Сағадатты уақытша ауыстырдық. Ол сенімімізді ақтады. Екі кездесу өткізіп, біреуінде жеңіске жетті. Екіншісінде қарсыласына есе жібергенімен, өте жақсы жұдырықтасты. – Азамат Исақұлов құрамаға іліккен спортшылар тізімінде бар еді, бірақ шаршы алаңға шыққан жоқ. – Азамат 52 килограмм салмақта өнер көрсететін болған. Бірақ, біз командалық жарыс болған соң, тәуекелге бармадық. Бұрыннан осы салмақта өнер көрсетіп жүрген тәжірибелі Олжасқа сенім арттық. Олжас екі кездесуін де сенімді өткізіп, жеңіске жетті. Көрінген таудың алыстығы жоқ. Әне-міне дегенше желтоқсан да келеді. Осы айда боксшыларымыз екі маңызды бәсекеге қатысады. Дайындықтары жақсы болып, бақтары жанса, қос жарыстан да табыспен оралар деген үміт бар. Жамбыл боксының да жұлдызы қайта жарқырайтын күн туар деп күтеміз.
Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Спорт кешені пайдалануға берілді
- 21 қараша, 2024
Әлемнің жүйріктері Әулиеатада бақ сынасты
- 12 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді